Орталық Азия өз ұстанымын нығайтып келеді

275

0

Фото: Ақорда

Кеше Астанада бірінші «Орталық Азия – Италия» саммиті өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті ашу барысында Қазақстанға сапармен келгені және бүгінгі жоғары деңгейдегі кездесуге бастамашы болғаны үшін Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелониге ризашылығын білдірді.

– Сізді елордамызда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Соғыстан кейінгі жылдарда Италия Үкіметінің басшылығына жеткен ал­ғашқы әйелсіз. Әлемдік қоғамдастық мойын­дағандай, қазіргі заманның белгілі, тіпті, аса көрнекті саяси қайраткерісіз. Сіздің ішкі сын-қатер мен халықаралық проблемаларға қатысты көзқарасыңызбен және іс-әрекеттеріңізбен то­лық­­тай келісемін. Астана халықаралық фору­мына қатысып, мазмұнды баяндама жасағаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің сөзіңізді саяси және сарапшылар қауымдастығы өте жақсы қабылдады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқан және өңірлік кооперацияға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты.

– Орталық Азия ықылым заманнан бері Шығыс пен Батыс арасында дәнекер болып, өр­кениетаралық диалогты дамытуда маңызды қызмет атқарған. Бүгінде біздің өңір бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін танытып, тату көршілік және баршаға ортақ прогресс қағи­дат­тарын берік ұстанатынын көрсетуде. Әлемдік аренада жасампаз күн тәртібін ілгерілете отырып, Орталық Азия халықаралық қатынастың ықпал­ды субъектісі ретінде өз ұстанымын дәйекті түр­де нығайтып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ отыз жылдан астам уақыт ішінде Италия өзін Орталық Азия елдерінің орнықты дамуына септігін тигізген сенімді серіктестердің бірі ретінде көрсеткенін, «Орталық Азия+» форматында мүмкіндіктерді жұмылдыру Италия мен аймақ елдерінің өзара тиімді ынтымақ­тастығын кеңейтуге ықпал ететінін айтты.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Италия­мен ықпалдастықтың перспективті бағыттарына қатысты ойымен бөлісті.

– Сауда-экономикалық байланысты тереңде­ту – басты басымдық. Әлемнің негізгі эко­номикалық полюстері арасындағы тарифтік қақтығыстың салдары барлық ел үшін ауыр болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бұрын жолға қойылған сауда-экономикалық байланыстарды сақтап қалумен бірге, оны нығайтуға күш салу да өте маңызды. Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, ең алдымен, қосылған құны жоғары өнім шығару есебінен тауарлардың түрін көбейтуге баса мән беруге болады. Мәселен, Қазақстан Италияға жалпы құны 1 миллиард долларға жуықтайтын тауардың 100-ден аса түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға дайын. Бұл ретте металлургия, машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібі және басқа да өнімдер туралы сөз болып отыр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері Еуропаға өздерінің агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізуде мол әлеуетке ие деп санайды. Бұдан бөлек, сауда үйлері мен логистикалық орта­лықтардың ашылуы елдер арасындағы сауда-саттыққа тың серпін береді. Осы орайда, Қазақстан Президенті Алматыда Италия сауда үйін ашуды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Италия серіктестігінің локомотиві саналатын энергетика саласындағы ынтымақтастықты тағы бір өзекті міндет ретінде атады.

– Еліміз Еуропа Одағына мұнай экспорттау­шы мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіреді. Былтыр Қазақстаннан Италия нарығына жеткен мұнай көлемі 30 миллион тоннадан асты. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Қажет болған жағдайда оның көлемін арттыруға дайын­быз. Сонымен қатар болашағымыз бала­малы энергия көздеріне байланысты болмақ.

Бұл қазірдің өзінде анық байқалады. Төмен көміртекті экономикаға жүйелі түрде көшу – Қазақстан басымдықтары­ның бірі. Италиялық серіктестерімізбен бір­лесіп, еліміздің бірқатар өңірінде жел мен күн электр станцияларын салып жа­тыр­мыз. Аталған жобалар үшін ризашы­лығымызды білдіреміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кооперацияны нығайту зор мүмкіндікке жол ашады деп санайды. Қазақстан Ор­талық Азиядағы сирек металдардың кен орындары туралы барлық өзекті ақ­паратты жинақтайтын Аймақтық зерт­теу орталығын құру туралы бастама көтерді.

– Бiрлескен кәсiпорындар құру, тех­нологиялар трансфертi, италиялық өндiрiстi өз аймағымызда локализациялау ортақ мүддеге сай келеді. Бұдан елдеріміз едәуiр пайда табады. Бұл бағытта жемісті ықпалдастықтың мысалдары бар. Атап айтқанда, қазақстандық зауыттардың бірінде италиялық ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жолға қойылған. Бұдан бөлек, Италия компанияларының қатысуымен күкірт қышқылын өндіретін және газ өңдеу зауыттарының құрылысы басталды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тағы бір маңызды мәселе ретінде трансконтиненталды байланысты нығайтуға тоқталды. Яғни Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыта отырып, елдеріміз көне Жібек жолын жаңа сипатта қайта жаңғыртып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасында қоршаған ортаны қорғау және эко­ло­гиялық орнықтылық мәселелерін де қамтыды. Мемлекет басшысы Орталық Азия қазірдің өзінде жаһандық жылыну салдарын бастан кешіріп жатқанын айт­ты. Президент Италия тарапына аймақ­тағы экологиялық проблемаларды ше­шуге, соның ішінде Арал теңізі бассейнін қалпына келтіруге белсенді қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мен мәдениет салаларындағы ықпалдастық жайында сөз қозғады.

– Қазіргі уақытта Италияда төрт мыңға жуық қазақстандық студент білім алады. Біз жастарымыздың үздік уни­верситеттерде оқуына мүмкіндік жаса­ғаны және грант пен шәкіртақы ұсынғаны үшін Италия Үкіметіне алғыс айтамыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Ита­лия­ның техникалық жоғары оқу орын­да­рының Қазақстанда филиалдарын ашуға ша­қырамын. Біз қазір инженерлік-техни­калық білімге ерекше мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мәдени-гуманитарлық бай­­ла­­ныстарды одан әрі дамыту мақ­са­тында 2026 жылы «Орталық Азия мен Ита­лияның мәдениет жылы» тақырыбы аясында бірлескен іс-шаралар легін өткізуді ұсынды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жиында айтылған ұсыныстардың барлығы отырыс қорытындысы бойынша қабылданатын Бірлескен декларацияда көрініс табатынын жеткізді.

Сондай-ақ бірінші «Орталық Азия – Италия» саммитінде Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрік­менстан Президенті Сердар Берді­мұха­медов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.