Кеше «Өнер орталығында» «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты ұстаздардың облыстық тамыз конференциясы өтті. Алқалы жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, құқық қорғау органдарының басшылары мен білім саласының қызметкерлері, еңбек ардагерлері қатысты.
Тамыз конференциясында аймағымыздың білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен маңызды бастамалар жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жас ұрпаққа сапалы білім берудегі, тәрбиелеудегі ұстаздардың ерен еңбегін атап өтіп, атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен биылғы жиында Президентіміз: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді» деген болатын.
Мемлекет басшысы білім мен тәрбие жұмыстарының аясын кеңейту, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу, мұғалімнің беделі мен мәртебесін арттыру секілді негізгі бес басымдықты айқындап, нақты тапсырмалар берді. Бұл – тек ұстаздарға ғана емес, әрбірімізге жүктелген үлкен жауапкершілік, маңызды міндет.
Биыл балаларды қосымша біліммен қамтуға 9 млрд теңге қаржы бөлініп, 34 мыңға жуық бала тегін спорттық-шығармашылық секцияларға қатысуда. Осыған дейін үйірмелерді жан басына қаржыландыру спорт, мәдениет басқармалары арқылы ұйымдастырылған болатын. Алдағы жаңа оқу жылынан қосымша білім беруді қаржыландыру функциясы пилоттық жоба аясында еліміздің 6 облысындағы білім басқармасына беріле бастайды. Оның қатарында біздің аймақ та бар.
Кез келген мамандық, кез келген лауазым иесі ұстаздан білім, тәрбие алады. Күні бүгінге дейін ұстазымыздың алдында өзімізді шәкірт сезінеміз, саналы тәрбиесі мен сапалы білім бергені үшін басымызды иіп, құрмет тұтамыз. Шәкірті үшін өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын бағалайтын ұлағатты ұстаз қандай құрметке болсын лайық. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жастарымыздың бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ болуы – Сіздердің қолдарыңызда, мәртебелі ұстаздар! – деді облыс әкімі.
Жиында Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Сейтқалиұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Абдуламитұлы, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Тұрғанбайқызы, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, С.Толыбеков атындағы №3 ақпараттық мектеп-лицейінің директоры Ләззат Өтегенқызы, Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Абайбек Талғатұлы сөз сөйледі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Президент Жарлығымен білім берудегі аса үздік жетістіктері, Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп -лицейі биология пәнінің мұғалімі Айгүл Қиясоваға мемлекеттік марапат табыс етілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Астана қаласында өткен тамыз кеңесінде С.Толыбеков атындағы №3 ақпараттық мектеп-лицейінің директоры Ләззат Әбенова «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленген болатын.
Жиында ұстаздарға, Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, облыс әкімінің Алғыс хаты, кіші буын қызметкерлерге министрдің Алғыс хаты табысталды. «Орта білім беретін үздік ұйым» грантына Шиелі ауданындағы №47 мектеп-лицейі лайық деп танылды.
Айта кетейік, аймақтың білім беру саласына соңғы үш жылда 812 млрд 245 млн теңге, биыл 346 млрд 800 млн теңге қаралды. Қаржыландырудың барлық көздерінен өткен жылы 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек» мектептері ұлттық жобасы аясында 6900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілуде.
Бүгінде 3 мың орындық 6 мектеп ел игілігіне табысталды. Қалған 4 мектептің 3-еуі жаңа оқу жылына дайын. 2023 жылдан бері облыстық бюджет есебінен 9 мектепке 2 900 орындық қосымша ғимарат салынды. Бұл арқылы өңіріміздегі үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТҮЛЕКТЕР ҚАТАРЫНАН ЕКІНШІ ЖЫЛ ҮЗДІК АТАНДЫ
Сыр өңірінің мектеп бітіруші түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен республикада екінші жыл қатарынан үздік атанды. ҰБТ-ға қатысқан 9 352 оқушының орташа балы – 75,7. Бұл көрсеткіш республикада – 70,1.
Жоғары оқу орындарына бөлінген мемлекеттік грантты иемдену бойынша да талапкерлеріміз республикада бірінші орынға шықты. 4818 грант иегерінің орташа балы 45,4, ал республикалық көрсеткіш 29,1 болған.
Бұл туралы «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты облыстық тамыз конференциясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айтты. – Жақында Мемлекет басшысы Ақордада халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады. Кездесуде «Білім саласындағы беделіміз артып келе жатыр. Былтырдан бері оқушыларымыз 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жарысқа қатысып, мыңға жуық медаль алды. Бұл тамаша көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасының жоғары деңгейін көрсетеді» деп атап өткен болатын.
Сыр өңірінің өрендері білімге деген ұмтылыстың, нағыз еңбекқорлық пен табанды іс-әрекеттің арқасында зияткерлік жарыстарда толайым табыстарға қол жеткізуде.
Халықаралық додаларда топ жарып, республикалық олимпиадаларда үздіктер қатарынан көрінуде. Осы сәтті пайдаланып, барша Сыр ұстаздарына шынайы алғысымды білдіремін. Келешекте Сыр өңірінің жеткіншектері отандық ғылымда инновациялық идеяларды дамытып, егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосады. Біз олардың болашағына үлкен үміт артып, жарқын жетістікке жететініне сенеміз.
Облыстық білім басқармасына экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, ізденімпаз, зияткер шәкірттерді қаржылай қолдау бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.
ЖЫЛ ОН ЕКІ АЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ТЫНЫҒУ ЛАГЕРІ САЛЫНУДА
Нақты кезеңде Қызылорда қаласындағы Президент саябағы қайта жаңғыртудан өтуде. Саябақта жыл он екі ай үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагерінің құрылысы қарқын алған.
Бұл жерде балалардың дария жағалауында серуендеуіне, таза ауамен тыныстауына жағдай жасалады. Лагерь жеткіншектердің бойына күш-қуат жинайтын, көңілін сергітіп, білімін шыңдайтын ерекше орын болмақ.
Бұған қоса, саябақта Ботаникалық білім беру орталығының (қысқы бақ) ғимараты салынуда. Бақ ішінде Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкада өсетін жасыл желектер егіледі.
Бұл жас өрендердің ой-өрісін кеңейтіп, өсімдіктердің экожүйедегі маңызын түсінуіне мүмкіндік береді. Жасыл екпелерді өсірудің ерекшеліктерін, табиғатты аялауды тәжірибе жүзінде үйренеді.
Бұл туралы «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты облыстық тамыз мәслихатында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев атап өтті.
– Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына лагерьді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырамын.
Балаларымыздың бос уақытын жанға жайлы саялы орында, қауіпсіз ортада тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында бірнеше саябақ, аллеялар мен скверлер салынып, қайта жаңғыртудан өтуде, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, балалардың үздіксіз білім алуы үшін өңірдегі «Қамбаш», «Талдысу» лагерьлері жыл он екі ай жұмыс істейді. Қажетті қаржысы облыстық бюджеттен қаралған.
Оқушылар лагерь базасында республикалық, халықаралық олимпиадаларға дайындалып, үздік ұстаздардың тәлімін алып, дәрісін тыңдайды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі






