Озық үлгідегі кірпіш зауыты іске қосылды

97

0

Фото: Облыс әкімдігі

Биыл – Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл. Ғасырлық белес тарихи шаһар үшін шынайы дамудың келісті кезеңі болып тұр. Облыс орталығында мәдени, рухани игіліктермен қатар өндірістік әлеует те арта түсуде. Соның бір айғағындай күні кеше «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің заманауи кірпіш зауытының ашылу рәсімі өтті. Рәсімге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және зиялы қауым өкілдері, өңір кәсіпкерлері арнайы қатысты.

Аймақ басшысы жиналған қауымды заманауи кірпіш зауытының ашылуымен құт­тықтап, өңірдің өнеркәсіп саласындағы жұ­мыстарға тоқталды.

«Біз аймағымыздың экономикасын әр­тараптандыру арқылы жоғары өнімді, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес өңдеу өнер­кәсібін құруға бағытталған жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарудамыз. Бұл бағытта алдағы бесжылдықта құны 2 трлн теңгені құрайтын 89 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде. Биыл 27 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Оның ішінде түрік инвесторы «Акса Энерджи» компаниясының жаңа жылу-электр орталығы, ашылғалы тұрған заманауи кірпіш зауыты, қиыршық тас, айна өндірістері бар. Өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында құны 553 млрд 600 млн теңгені құрайтын 14 жобаның құрылысы басталуда.

Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы: «Жергілікті өнім өндіру­шілердің құрылыс материалдарының әлеуетін барынша пай­далану маңызды. Мем­лекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды» деген болатын.

Өткен жылдың қараша айында іргесі қаланған кірпіш зауытының құрылыс жұ­мыстары қысқа мерзімде аяқталып, бүгін алғашқы өнімін шығаруда. Баршаңызды облысымыз үшін индустриялық, әлеуметтік, эко­логиялық тұрғыда тиімді жоба – за­манауи кірпіш зауытының ашы­луы­мен шын жү­ректен құттықтаймын! Еліміздегі ең ірі кірпіш зауыттарының бірі облы­сы­мыздың әлеуметтік-эко­номикалық да­муына, құрылыс ны­сандарының са­пасын арттыруға зор үлес қосады деп сенеміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты шарада ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы, Парламент Мә­жілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетұлы, Мұрат Абдуламит­ұлы құттықтау сөз сөйледі. Зауыт құры­лысына атсалысқан азаматтар об­лыс әкімінің Алғыс хатымен мара­патталды.

Айта кету керек, қараша айында құрылысы басталған «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты қысқа мерзімде іске қосылып, алғашқы өнімін шығарды. Жобаға 5 млрд теңге инвестиция тартылып, 7 гектар жер телімі бөлінді.

Зауыттың басты ерекшелігі – өндіріс процесі толық автомат­тан­дырылған. Эколо­гиялық жағынан да тиімді, яғни басқа кірпіш зауыт­тарындағыдай көмірмен күйдірмейді. Жаңа технологиялар өндірістің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Жылына 90 миллион кірпіш өндіруге есептелген кәсіпорын толық іске қосылғанда 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

«СБ» ақпарат