Озық үлгідегі жаңа база

4

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қармақшы аудандық білім бөліміне қарасты Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейдің жұмысымен және материалдық базасымен танысты. Онда Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы бірге болды. Мектеп-лицейде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен инновациялық обсерватория, ракета модельдеу, СТЭМ, химия, биология, робототехника, математика, физика, география, тарих, бастауыш сынып кабинеттері, кітапхана, арнайы телестудия 245,6 млн теңгеге жабдықталған болатын.

Нақтырақ айтсақ, обсерватория кабинетінде «Жұлдызды аспан» глобусы, интерактивті панель, телескопқа линзалар жинағы, күн фильтрі, бейне­камералар, планисфералар бар. Ракета модельдеу кабинеті арнайы жинақпен, ноутбуктер, шағын зерт­ханалар, цифрлық микроскоптар, старттық құрыл­ғылармен, СТЭМ кабинеті 3Д принтер, модельдеу жиынтықтарымен қамтамасыз етілген. Ал физика кабинеті электр және оптика бөлімдеріне, жаратылыстану ғылымына, молекулалық физика және термодинамикалық бөлімдерге арналған демонстра­циялық құралдармен жабдықталған. Биоло­гия кабинетіне де жиһаздар, зертханалық құралдар, цифрлық микроскоптар, микропрепараттар, ылғал препараттар, адам ағзасының модельдері берілді. Химия кабинетіне зертханалық жабдықтар, химиялық препараттар, цифрлық зертхана жинағы, демонстрациялық жұмысқа арналған жиынтықтар, телестудия, арнаулы компьютер, камералар, диодтық жарық жинағы, акустикалық құралдар, телевизор алынды. АRT-студияға гончарлық қондырғылар, сурет салуға арналған құрал-жабдықтар қойылған.

Оқу-ағарту министрі атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы міндеттерге тоқталды.

Айта кетейік, білім беру ұйымдарының материал­дық-техникалық базасын жаңғырту бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде.

«Қазақстан халқына» қоры өңірдің әр саласына 12 млрд 851 млн теңге қаржы бөлді.  Сондай-ақ 2 млрд 700 млн теңгеге 58 мектептегі 317 пәндік кабинет жаңартылды.