«Қайсар-Арена»: Халықаралық ойындарға жол ашылды

286

0

фото: облыс әкімдігі

Қызылорда қаласындағы «Aray City Mall» сауда орталығында футболдан Қазақстан кубогінің таныстырылымы өтіп, көпшілік  назарына ұсынылды. Бұл шараға облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев, Қазақстан футбол федерациясы кәсіби клубтар арасындағы жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылқайыр қатысты.

Сонымен бүгін ел кубогінің финалы Қызылорда қаласының сол жағалау бөлігінде жаңадан бой көтерген  «Қайсар-аренада» өтеді. Шым­кенттік «Ордабасы» мен Қоста­найдың  «Тобылы» финалда кездеседі. Жаңа стадион  UEFA-ның ең жоғары төртінші санатына лайық деп таны­лып,  оған берілген арнайы серти­фикатқа ие болды.

– Биыл жыл басында Қазақстан футбол федерациясы Сыр өңірінде бой көтерген жаңа стадионда Қазақ­стан кубогі финалын өткізу жөнінде шешім қабылдаған еді. Облыс әкім­дігінің тікелей қолдауымен спорттық нысан межеленген уақытында елдің игілігіне айналды. Федерация өңір­лерде инфрақұрылымды дамыту мәселесін мақсат етіп қойып отыр. Қызылордада тәуелсіз еліміздің тарихында салынған үшінші стадион пайдалануға берілмек. Бұл орайда облыс Президенттің Қазақстандағы спорттық инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі тапсырмасын алғашқы болып жүзеге асырды. UEFA-ның сертификаттауға қатысты ма­мандары стадионға арнайы келіп, оны төртінші санатқа лайықты деп таныды. Алдымен жобаға қосымша түзетулер жасалды. Мәселен, оның сыйымдылығы 7 мың адамнан 11 мыңға артты, қауіпсіздік үшін электронды турникет қойылды. Авто­тұрақ тиісті талапқа сәйкестендірілді. Оған қоса комментаторға арналған бөлме іске қосылды. Енді стадионда барлық халықаралық ойынды өткізуге толық мүмкіндік бар, – деді Бақытжан Пазылқайыр.

Алдағы уақытта мұнда халық­аралық ойындар өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жолдастық кездесуге байланысты шетелдік түрлі клубтар­мен келіссөз жүргізілуде.

– Жергілікті жанкүйерлер келе­шекте стадионда «Қайсардың» Еуро­паның үздік клубтарымен кездесуін тамашалай алады. Қазір оған қатысты тиісті ұсыныстар жасалуда. UEFA талабында көрсетілгендей, қазір қалада бес жұлдызды бірнеше қонақ үй салынуда. Ал Қорқыт ата әуежайы халықаралық мәртебені иеленген. Сондықтан алдағы уақытта Қызыл­орда жұртшылығы өз командасының барлық деңгейдегі ойындарын жаңа ста­­дионда көре алады, – деді Б.Артаев.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»