«Қайсар-арена»: Сыр спортының жаңа белесі

209

0

Фото: Облыс әкімдігі

Қызылорданың сол жағалауында 11 мың көрерменге арналған «Қайсар-арена» жаңа стадионының ашылуы ел спортындағы айтулы оқиғаның бірі болды. Бұл – тәуелсіздік жылдарында бой көтерген үшінші стадион. Сондықтан ол тек Сыр өңірі жұртшылығының емес, барша қазақстандық жанкүйердің ерекше назарын аударды.

Бас-аяғы бір жылдан астам уақыт ішінде елдің игілігіне айналған спорт нысанының салтанатты ашылу рәсімі мен Қазақстан кубогы финалындағы «Тобыл» (Қостанай) мен «Ордабасы» (Шымкент) кездесуі өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров қатысты. Сондай-ақ футбол матчын еліміздің әр аймағынан қоғам қайраткерлері мен мыңдаған футбол жанкүйері тамашалады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев стадионның ашылуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.

– Бүгін – Қазақстанның спорт тарихындағы айтулы күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлының аймақтарда бұл сала бойынша инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде стадион мен кешен салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жанкүйерлер асыға күтетін Қазақстан кубогының финалы алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде.

Бұл – сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақ­таныш! Баршаңызды жаңа стадионның ашы­луымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламызда жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдір­ген Мемлекет басшысына, Үкіметке барша облыс хал­қы атынан шынайы алғыс білдіреміз. Фи­нал­дық ойынды өткізуге бастамашы болып, ұйым­дас­тырған Қазақстан футбол федерациясына зор риза­шылығымызды жеткіземіз! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жергілікті «Қайсар» командасының құрыл­ғанына алпыс жылға жуықтады. Қай кезде де облыс басшылығы тарапынан клубқа қолдау көрсетіледі. «Локомотив» және Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион қазірге дейін өз қызметін атқарады. Дегенмен заман талабына сай жаңа стадион салу мәселесі күн тәртібіне шығып, жанкүйерлердің ұсынысы облыс басшылығынан қолдау тапты.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырза­босынов жаңа нысан ел спортын дамытуға жасал­ған оң қадам екенін атап өтті. Стадионның жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Кешенде бокс, күрес, спорттық гимнастика, таэквондо, ауыр атлетикаға арналған залдар бар.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл жыл басынан бері еліміздің 14 өңірінде 32 спорт нысаны пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 70 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. «Қайсар-арена» стадионы – Қазақстан Президентінің тапсырмасымен жүзеге асқан ең ірі инфрақұрылымдық жоба. Бұл кешен ірі халықаралық жарыстар мен мәдени-спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді, – деді Е.Мыр­за­­босынов.

Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров жаңа стадионның ашылуы ел футболы үшін маңызды екенін атап өтті.

– Бұл – еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи арена. Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Сыр елінде өтіп отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас ойындар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жолдың бастауы болсын! – деді М.Омаров.

Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары, футболшылардың дайындық бөлмелері және сауықтыру орталықтары орналасқан. Екінші қабатта әкімшілік бөлмелер, ал үшінші қабатта ауқымды жиындарға арналған мәжіліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығуына да толық жағдай жасалған. Стадион УЕФА-ның төртінші санатына сәйкес келеді. Жасыл алаң халықаралық стандарттарға сай жасанды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері орнатылған.

Айта кетсек, алғашқыда 7 мың адамға арналған спорттық нысан қайта талқылау барысында тағы 4 мыңға ұлғайтылды. Осылайша жобаға түзету енгізіліп, 11 мың адамды қабылдауға мүмкіндік туды. Бұрын жанкүйерлер стадионның екі жағында отырады деп жоспарланған еді. Енді екі қақпаның артында да екі мың жанкүйерге арналған орындар орналасты.

Мұндағы 700-ге жуық автокөлікке арналған тұрақ көлік қозғалысына  ыңғайлы. Автотұрақтан Қызылорда қаласының алты көшесіне шығуға мүмкіндік бар. Жарықтандыру үшін «Philips arenavisi» прожекторлары орнатылған. Мамандар оны стадионнан хабар таратуға мүмкіндік беретін әлемдегі ең жоғары жарықтандыру жүйесі ретінде бағалайды. Жаңа стадион ауласында жанкүйерлерге үлкен LED экран қойылып, ойынды қолайлы жағдайда тамашалауға мүмкіндік жасалған.

– Жаңа нысанның ашылуын қазақ футболы үшін зор жаңалық ретінде бағалаймын. Мұнда жас өрендер футболдан өзге көптеген спорт түрімен шұғылданады. Қазір елімізде стадион тапшылығы бар екенін жасыра алмаймыз. Осындай инфрақұрылымның жаңартылуы ұзақ жылдан бері айтылып келді. Бұл бағытта    Сыр өңірінде лайықты қадам жасалып, елімізде алғашқы лекте жаңа стадионды пайдалануға беріп отыр. Облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан жаңа жобаның алдағы уақытта бұқаралық спортты дамытуға оң септігін тигізетіні анық. Екі жылдай бұрын стадионның алғашқы қазығы қағылғанының куәсі болған едік. Қуаныштысы, спорттық нысан дер уақытында елдің игілігіне айналып үлгерді. Ол ұзақ жылдар бойы қазақ футболына қызмет етеді деген ойдамын. Жасыл алаңда шеберлігін шыңдаған жас өрендер келешекте Сыр өңірінің атын шығарып, ел құрамасы сапында түрлі халықаралық турнирде бақ сынайды деген үміттеміз, – деді спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен.

Жергілікті «Қайсар» командасының ұзақ жылдан бергі жанкүйері Есенжол Назаров спорт нысанының салынуына ұйытқы болған барлық жанашыр азаматтарға ризашылығын білдірді.

– Әлемде футбол спорты өте жоғары бағаланады. Кейінгі жылдары оған елімізде айрықша бетбұрыс жасалып жатқаны қуантады. Осындай оң істің Қызылорда қаласында жүзеге асқаны біз үшін үлкен қуаныш. Ендігі кезекте аймақта балалар футболын дамытуға тиісті қамқорлық көрсетіледі деген ойдамын. Сыр топырағынан талай таланттар шығатынына сенімім зор, – деді Е.Назаров.

Финалдық кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» және Қостанайдың «Тобыл» командалары бақ сынасты. Ойын өте тартысты әрі қызықты өтті. Бірінші таймда «Тобыл» командасы қарсылас қақпасына екі дәл соққы жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Бірінші голды Николай Сигневич, ал екінші голды Ислам Чесноков салды.

Айта кетейік, бұл финал «Ордабасы» мен «Тобыл» үшін бесінші шешуші бәсеке болды. Екі клуб та осыған дейін екі рет жеңіске жетіп, екі мәрте финалда ұтылған. Қазақстан Кубогы тарихында қос ұжым бес мәрте кездескен, оның үшеуінде қостанайлықтар, екеуінде шымкенттіктер басым түскен. Бұған дейін финалда үш рет жолығып, екі рет «Тобыл», бір рет «Ордабасы» кубок иегері атанған. Осы жолы олардың төртінші финалдық кездесуі болды.

Осылайша, қостанайлық «Тобыл» командасы қар­сыласынан басым түсіп, Қазақстан Кубогының жеңім­пазы атанды. Жанкүйерлер командаға қоше­мет көрсетіп, жаңа стадиондағы алғашқы финалдық матч тарихта қалатын ерекше сәт болды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»