Қайсар рух, шынайы шеберлік

4

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын марапаттады.

Салтанатты рәсімде Президент жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, олар нағыз қазақ жауынгері рухының қандай болатынын әлем жұртшылығына паш еткенін, Қазақстанның беделін биікке көтергенін атап өтті.

– Намысты қолдан бермей, байрақты бәсекеде топ жардыңыздар! Соның арқасында көк Туымыз желбіреді. Еліміздің мерейі үстем болды. Халқымыз сіздерді мақтан тұтады. Әлемнің 48 елінен 100-ден астам команда жиналған Дубайдағы дүбірлі дода – халықаралық маңызы бар оқиға. Бұл аса тартысты жарыс деп айтсақ, қате болмайды. Себебі барлық командалар бес күн бойы өте күрделі мақсаттарға қол жеткізу үшін көптеген тосқауылдарды еңсеруі қажет болды. Бірақ біздің жауынгерлер барын салды, әскери міндеттерді мінсіз орындап, ақыры ең жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетті. Мұндай жарысқа әр мемлекет өзінің ең мықты сарбаздарын жібереді. Соған қарамастан ел үмітін ақтап, үздіктердің үздігі атану оңай емес екені анық. Бұл кездейсоқ жетістік емес. Әр жетістік – зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі. Әр жеңіс – мықты кәсіби дайындық пен асқан шеберліктің айқын көрінісі. Өздеріңіз білесіздер, былтыр осы беделді жарыста Қазақстан құрамасы екі күміс жүлдені еншіледі. Биыл да сол жеңіс жолын жалғастырып, зор сенім артқан ұлттық командамыз абыроймен оралды. «Қазақстан С» командасы теңдесі жоқ, яғни абсолютті чемпион атанды. Бұл – тамаша жетістік, бұл жеңіс осы турнирдің тарихында қалады. Жылдар зымырап өтеді, бірақ сіздердің балаларыңыз, осы қуанышты күндердің куәсі болған, сіздерді қолдаған, сіздерді мақтан тұтқан барлық адамдар бұл жеңісті әрдайым ерекше сезіммен еске алып, айтып отырады. Ал «Қазақстан А» командасы екінші орынға ие болды. Бұл да – өте жақсы, бәрімізді қуантқан керемет нәтиже, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Томирис» қыздар құрамасының жетістігіне айрықша тоқталды.

– Сұлу қыздарымыз өте жо­ғары деңгейде өнер көрсетті, шебер­лікпен алға шығып, әйелдер ара­сында топ жарды. Қазақстанның на­мысын қорғаған бес құраманың бәрі де үздік 20 команданың тізі­міне кірді. Бұл нағыз жасампаз отан­шылдық деп күмәнсіз айтуға болады. Төрткүл дүние ұл-қыз­да­ры­мыздың мықтылығына куә болды. Сондықтан тағы да атап өткім келеді, сіздер көрсеткен мықты тактикалық дайындық, ай­рықша күш-жігер мен тамаша топ­тық жұмыстың арқасында әлем жұртшылығы қазақтың батыл, қайсар және өр рухты ұлт еке­ніне көз жеткізді. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіре­мін. Барлық бапкер мен жаттық­тырушыға және әскери басшыларға, басқа да мамандарға зор алғыс айтамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы арнайы жасақ қызметкерлері мен әскери­лер әрдайым тәртіп пен мінсіз кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, мем­лекет мүддесін қорғау үшін батыл әрекетке дайын болуы қажет екенін айтты.

– Қазіргі күрделі әрі тұрақ­сыз геосаяси ахуал ел қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз етудің тың тә­сілде­рін әзірлеуді талап ете­­ді. Сон­дықтан мемлекет әс­ке­ри-күш­тік құрылымдарды ке­­шен­­­­ді түрде жаңғыртуға, техно­логия­лық тұрғыдан жан-жақ­ты жарақтандыруға баса мән береді. Сіздердің жарыстағы та­быс­­тарыңыз – еліміздің күштік құ­ры­лымдарын жүйелі дамы­тудың, әскер қатарындағы жоғары мораль­дық рух пен физикалық даяр­лық­тың нәтижесі. Сіздер Отанға қалт­қысыз қызмет етіп, антқа адал болсаңыздар, Қазақстанның қор­ғаныс қабілеті нығая түсетініне се­нім­дімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы қазір еліміз ауқымды өзге­рістердің шешуші кезеңіне қадам басқанына назар аударып, 15 наурызда азаматтарымыз жалпы­халықтық референдумда Консти­туцияға қатысты өз таңдауын жасай­тынын еске салды.

– Бұл – ел тағдырына тікелей әсер ететін аса маңызды шешім болмақ. Басты құжаттың жоба­сында егемендігімізді және мемле­кеттігімізді нығайтатын мыз­ғы­мас рухани және құқықтық құн­­дылықтар бекітілді. Қазақстан Рес­публикасының аумақтық, яғни жерінің тұтастығы, егемендігі, тәуелсіздігі, адам мен оның өмірі, барлық азаматтардың құқықтары және бостандықтары ең жоғары құндылықтар ретінде жария­ланды. Жауапты әрі жасампаз отан­шылдық ұғымы айқындалды. Әділетті Қазақ­стан идеясы, Заң және тәртіп қағидаты жаңа Конституция жоба­сында лайықты орнын тапты. Мұның бәрін іс жүзінде орнықтыру – баршаға ортақ перзенттік парыз. Түптеп келгенде, жаңа Ата Заңымыз еліміздің одан әрі дамуына және өркен жаюына жол ашуы керек. Ал күштік құрылымдар мен арнайы жасақтар ел тәуелсіздігі және халық тұтастығының тірегі болуға тиіс. Себебі алдымызда тұрған мақсат– біреу. Бұл – келер ұрпаққа қуатты әрі озық мемлекетті аманат ету. Бәріміз бір ел болып осы тарихи миссияны міндетті түрде іске асырамыз. Ел қорғау – ең абыройлы міндет. Нағыз отаншыл, адал азаматтар ғана осы жолды таңдайды. Сіздер келешекте де ұлт мүддесіне мінсіз қызмет ете бересіздер деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының Жар­лығымен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жары­сынан жеңіспен оралған бір топ офицер мен әскери қызметкер Бауыржан Момышұлы атын­­дағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және Қазақ­стан Республикасы Прези­дентінің Алғысымен марапатталды.