Қайта жаңғыртылған теміржол қақпасы барлық вокзалдар күрделі жөндеуден өтуде

3

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев Арал, Қазалы, Қармақшы ауданы орталықтарындағы, Сексеуіл мен Төретам кенттеріндегі теміржол вокзалдарын жөндеу жұмыстарымен танысты.

Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен облыс аумағындағы теміржол вокзалдарының барлығына күрделі жөндеу, вокзал маңын абаттандыру жұмыстары қолға алынған.

2023 жылы «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының және жергілікті кәсіп­керлердің демеушілігімен 600 млн теңгеден астам қаржыға Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы ғимараты мен іргелес аумағы жаңғыртылған болатын. Қазіргі таңда барлық ауданда, сондай-ақ Төретам және Сексеуіл теміржол вокзалдарында күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүр­гізілуде. Жаңарған инфрақұрылым жолау­шыларға қолайлы жағдай жасауға, қауіп­сіздік талаптарын күшейтуге мүмкіндік береді.

Вокзал ғимараттарының сырты және іші жаңартылып, күту залдары, билет сату орындары және санитарлық тораптар заманауи талаптарға сәйкестендірілуде. Сонымен қатар, инженерлік желілер толық жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлінген.

Қазіргі таңда «Арал теңізі» теміржол вокзалында құрылыс-монтаж жұ­мыс­тары қарқынды. Шатырдың метал­ло­конструкциясы жиналып, ішкі және сыртқы қабырғалар сылануда. Сексеуіл теміржол вокзалында қатты травертинмен қаптау, кафель төсеу, есіктер орнату, ішкі қабырғаларды әрлеу жұмыстары қолға алынған. Қазалы теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал Жосалы және Төретам теміржол вок­залдарында сыртқы қабырғаны қатты травер­тинмен қаптау, еденді кафельдеу, жылу жүйелерін жүргізу, шатырды ауыс­тыру және сыртқы абаттандыру жұ­мыстары атқарылуда.

Жаңғырған вокзалдар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді.