Қарқынды урбанизация қаланы жаңа деңгейге көтереді

114

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше Қызылордада «Қазақстан ұлттық урбан форумы-2025» халықаралық форумы өтті. Қалалардың болашағын жобалайтындарға арналған басты іс-шараны Қызылорда облысының әкімдігі UN-Habitat және басқа да бірқатар серіктестің қолдауымен ұйымдастырды. Форум жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, барлық өңір әкімдігінің өкілдері қатысты.

Кеше Қызылордада «Қазақстан ұлттық урбан форумы-2025» халықаралық форумы өтті. Қалалардың болашағын жобалайтындарға арналған басты іс-шараны Қызылорда облысының әкімдігі UN-Habitat және басқа да бірқатар серіктестің қолдауымен ұйымдастырды. Форум жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, барлық өңір әкімдігінің өкілдері қатысты.

Жиынның алғысөзінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл форум елдегі урбанистика саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған тарихи бастама екенін атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан орнықты ур­ба­низация үрдісімен келе жатыр. Тұрғын саны миллионнан асатын қалалар еліміздің жаһандық бәсекелік қа­білетінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлеріндегі өсімнің өзегі болуға тиіс» деген болатын. Бүгінгі ур­банизация дәуірінде қала­ларды тұрақты дамытуда экологиялық тепе-теңдікті сақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты мін­деттердің бірі. Қызылорда – дәстүрлі аграрлы аймақ. Қызылорда мегаполис болмағанымен, қарқынды урбани­зация жолына түскен, өз деңгейінде қалалық инфра­құрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, эко­номиканы әртарап­тандыру бағытында нақты қадам жасап келеді. Қала хал­қының үлесі өсті, өңір тұрғын­дары­ның ша­мамен 50%-ға жуығы облыс орта­лығында тұрады. Біз урбани­зацияны жай ғана құрылыс емес, адамға бағытталған қауіпсіз, таза, инклюзивті, қолжетімді әрі зияткер, экологиялық қалалар құру үдерісі ретінде қабылдаймыз, – деді аймақ басшысы.

Президент пен Үкімет қолдауының арқасында өңірде тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін, нақты стратегия мен аймағымыздың за­ма­науи келбетін қалыптастыруға бағыт­талған жүйелі жұмыс атқарылуда. Облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асып, ол аймақтағы ең өзекті мәсе­лелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталып отыр. Инвес­тициялық жобалардың арасынан түркиялық «Акса Энерджи» ком­паниясының 135 млрд теңгеден астам қаржысына салынып жатқан жылу орталығының құрылысын айтуға болады. Қазіргі күні жоспардың 80 пайызға жуығы орындалды. Аймақ басшысы нысан қыркүйек айында ел игілігіне берілетінін атап өтті.

Сонымен қатар биыл облыс тұрғындарын орталықтандырылған ауыз­сумен қамту көрсеткішін 100 па­йызға, газдандыру деңгейін 83 па­йыз­ға жеткізу, электр желілерін жаңғырту арқылы желілердің тозу деңгейін 60 пайызға төмендету жоспарда бар.

– Біз заманауи «ақылды қала» технологияларын енгізуге, қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға, эко­ло­гия­лық таза орта құруға баса мән берудеміз. «Ақылды қалалар» эта­лонды стан­дартына сәйкес 22 жоба жүзеге асы­рылуда. Қоғамдық қауіп­сіздікті қамта­масыз ету мақсатында қала аумағында 19332 камера орнатылып, оның 7220-сы облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Қала бойынша мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына бейне­бақылау камералары мен дабыл батыр­малары толық орнатылды. Қоғамдық көліктер электронды билет жүйесімен толық қамтылды. Алдағы уақытта да халқы­мыздың игілігі, тұрғын­дары­мыздың жайлы тұрмыс-тіршілігі, жаста­ры­мыздың жарқын болашағы жо­лындағы ауқымды жобаларымыз жалғаса береді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы урбанистика Алматы мен Астана қалаларында ғана емес, барлық өңірде бірдей жүруі тиіс екенін, ол үшін мемлекеттен қолдау мен жаңа мүмкіндіктер барын айтты. Облыс әкімі атап өткендей, халық­аралық форум – Қазақстанның өңір­лер, сарап­шылар мен мемлекеттер арасында тұрақты диалог құруға арналған ресми тұғырнамасы. Форумның миссиясы – урбанистиканы талқылау ғана емес, жаңа шешімдер жүйесін құру. Ол үш деңгейді қамтиды: әлемдік (UN-Habitat аясындағы жаһандық форумдарға қа­тысу), аймақтық (басқа елдермен тәжірибе ал­масу), ұлттық (ел аума­ғындағы қалалар мен қауым­дастықтар арасын­дағы диалог).

Форумға Қазақстанда теңгерімді, инклюзивті және климаттық өзге­ріс­терге төзімді қалаларды қалыптастыру тақырыбы өзек болды. Қазіргі за­манның басты тақырып­тарының бірі – өзгермелі климатқа бейімделе және экологиялық жауап­кершіліктің үлгісі бола алатын тұрақты, жайлы және қауіпсіз қала құру жайы талқыланды.

– Бүгінгі кездесу өтіп жатқан Сыр өңірі сим­волдық маңызға ие. Өйт­кені Қызылорда облысы Арал теңізінің тартылып қалуы, табанының құрғап кетуі сияқты экологиялық мәселелерді бастан өт­керді. Мұнда климаттың өзгеруінің әсері ерекше сезіледі. Су ресурс­та­ры­ның сарқылуы, жердің деградацияға ұшырауы – мұның бәрі күн тәртібінде қатар тұруды, кешенді шешімдерді қажет ететін өзекті экологиялық, урбанистік және әлеу­меттік мәселелер. Климаттың өзгеруін тежеудегі маңызды шаралардың бірі – орман өсіру. Мемлекет басшысының орман қорында 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде 2021 жылдан бастап 1 млрд 391,3 млн дана, ал елді мекендер аумағында 15,7 млн ағаш отырғызылды. Өздеріңіз білетіндей, Арал теңізінің құрғаған табанының 2,8 млн гектар бөлігі Қазақстан аумағында. 2021 жылдан бастап Арал теңізінің құрғаған түбінде орман мелиоративтік жұмыс белсенді түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда 595 мың гектар алқапқа сексеуіл егілді, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Министр мұндай ауқымды іс-шара­ларды атқаруда БҰҰ құры­лымдары және өзге де халықаралық инсти­тут­тармен әріптестіктің маңызы жоғары екенін жеткізді.

Халықаралық жиында сонымен қатар Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рах­метуллин, Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бауыржан Жүніс­беков, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, UN-Habitat ұйымы атқарушы дирек­торының орынбасары Рафаэль Тутс, БҰҰ даму бағдарламасының Қазақ­стандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжимитов сөз сөйледі. UN-Habitat атқарушы директоры Анаклаудия Россбахтың бейне­хабар­ламасы көрсетілді.

– Бұл – жай ғана оқиға емес, жаңа дәстүрдің бастауы. Қазақстан UN-Habitat аясындағы жаһандық қозғалысқа қосылды, мұнда әрбір сөз нақты өзгерістер қадамы. Біз урбанистік болашақ туралы айтып отырмыз және оны дәл қазір, осы жерде құрып жатырмыз, – деп атап өтті ұйымдас­тырушылар.

***

Форум үш түрлі тақырыптық сессиядан тұрды.  Алғашқысы – «Жаңа қалалық күн тәртібі және Қазақстанның урбанистік көзқарасын қалыптастыру». Бұл сессияда әр өңірдің географиялық және экологиялық жағдайына негіз­делген, табиғатқа жақын және климатқа бейімделген қалалық стратегияларды әзірлеу жолдары қарастырылды. Сон­дай-ақ климаттық деректер мен болжамдық аналитиканың ерте ескерту жүйелері мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған проактивті жоспар­лауды қалай қолдай алатынына жаңа екпін қойылды. UN-Habitat ұйымы атқарушы дирек­торының орынбасары Рафаэль Тутс қалаларды дамытудағы халықаралық тәжірибемен бөліссе,  ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин мен Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаменті директорының орын­басары Бекжан Кисанов еліміздегі урбанизация процесін тиімді жүргізудің жолдарын атап өтті.

– Қызылорда өңіріне бірінші рет келуім. Қаланың дамуы мені шы­нымен де таңғалдырды. Мұндағы жүзеге асып жатқан дүниелерге қарап, жоғары деңгейде жұмыс атқарылып жатқанын, үлкен еңбек пен табан­дылықтың бар екенін көруге болады. Бұл қала урбанистиканың жарқын үлгісін, еліміздегі шағын қалалардың қан­шалықты даму мүмкіндіктерінің бар екенін көрсетуде, – деді А.Рахметуллин.

Ал Бекжан Бекмұратұлы қаланы дамыту бойынша жаңа тұжырым­да­малардың дайындалып жатқанын баса айтты. Оның айтуынша, жаңа тұ­жырымдама аясында елімізде  үш бағыт бойынша жұмыс жасалады. Біріншісі – өңірлерді тұрақты түрде инфра­құрылыммен қамтамасыз ету.  Бұл ретте мемлекеттік стандартқа сай барлық жобалар бюджет тарапынан қаржы­ландырылады. Екінші бағыт – теңгерімді экономикалық даму. Мұнда өңірлердің толыққанды бәсекеге қабілеттілігін анықтап, эко­номиканы әртараптандыру бойынша жұмыстар жүзеге аспақ. Үшінші бағыт – аумақтық саясат механизмінің тетігі.

Форумда облыс әкімінің орын­басары Ардақ Зебешев сөз алып, өңірдің дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ БҰҰ даму бағдарламасының Қазақ­стандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжимитов, дизайн студиясының жетекшісі Гарри Доббс, URBAN LIVING серіктесі, Marini Urbanismo негізін қалаушы Риккардо Марини де  ғимараттардың энергия тиімділігі, жергілікті климаттық жос­парлау үшін болжау және деректерді пайдалану секілді тақырыптарды сөз етіп, ойларын ортаға салды.

Форум «Қазақстанның қалалық күн тәртібін өңірлер деңгейінде іске асыру», «Қазақстанның құрғақ өңірлеріндегі климат және қалалық тұрақтылық» сияқты тақырыптық сессиялармен жал­ғасты. Онда жаңа қалалық күн тәртібін өңірлік деңгейде, әсіресе орталық емес қалаларда практикалық тұрғыда жүзеге асыруға баса назар аударылды. Одан бөлек сандық деректер және басқару, қауымдастықты тарту құралдары, өңір­лік қаржыландыру негізіндегі тұрақ­ты инфрақұрылым, Ұлттық саясат­тың New Urban Agenda қағидаттарына сәйкестігі, қолжетімді және тұрақты тұрғын үйді қамтамасыз етудегі құқықтық және қаржылық тетіктері, кеңістік теңдігі және қала мен ауыл арасындағы байланыс, инклюзивті жоспарлауды қамтамасыз ететін басқару модельдері қозғалды.

Жалпы форум еліміздегі қалаларды тұрақты, инклюзивті әрі болашаққа бейім етіп дамыту жолында маңызды идеялар мен тәжірибе алмасу алаңына айналды.

***

Кеше «Өнер орталығында» форум­ның қорытынды пленарлық сессиясы өтті. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымының UN-Habitat Ұйымы, БҰҰ-ның Қа­зақстандағы өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Маш­бекұлы форумның маңыздылығына тоқталып, барша қатысушыларға алғысын білдірді.

– Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы қалалардың өркендеуімен тікелей байланысты. Ал, оған әсер ететін бірден-бір фактор – урбандалу процесі. Тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыру, жайлы кеңістік қалыптастыру, экологиялық таза орта құру, инфрақұрылымды тұрақты жаң­ғырту, қалаларды жаңа техноло­гия­лардың көмегімен басқару – біздің алдымыздағы маңызды міндеттер. Бұл ретте тиімді басқару мен дұрыс жобалаудың нәтижесінде ғана тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізе аламыз.

Бүгінгі форум – өңірлердің тұрақты дамуына оң серпін берудегі, урбанистика саласын жаңа деңгейге шығарудағы, ортақ мақсаттарға қол жеткізудегі маңызды қадам. Форумда айтылған тың идеялар мен мазмұнды ұсыныс-пікірлер алдағы жұмыс барысында тиімді ше­шім­дер қабылдауға мүмкіндік беретіні­не сенімдіміз.

Бүгінгі форумның бас демеушісі «Казпетрол Групп» компаниясына зор алғысымызды білдіреміз. Тәуелсіз Қа­зақстанның кемел келешегі жо­лындағы әрбір бастамаларыңыз жемісті, қызметтеріңіз нәтижелі болсын!Егемен елімізді бәсекеге қабілетті етуде, тұрғын­дарымыздың өмір сүру сапасын арттыруда Президентіміздің тап­сыр­маларын жоғары деңгейде орындап, халықтың зор құрметіне бөлене бер­гейсіздер! Ел іргесі берік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!,– деді Н.Нәлібаев.

Қорытынды сессияда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі, Қазақ­стандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі өз пікірлерін ортаға салды. UN-Habitat ұйымының атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс қорытынды сөз сөйледі.

Соңында Қызылорда облысы мен UN-Habitat ұйымы арасында декла­рацияға қол қою рәсімі өтті.

Назерке САНИЯЗОВА,

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»