Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, былтыр «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатыңызда жылды қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың басым бағыттарын белгілеп бердіңіз. Осындай сұхбаттар жақсы дәстүрге айналып келеді. Бұл елімізді дамытуға қатысты шаралардың мәнмаңызын азаматтарымыздың терең түсінуіне мүмкіндік береді. Бүгін де мазмұнды әрі ашық әңгіме өрбітеміз деп ойлаймын. Алғашқы сұрақ: Қазақстан үшін өткен жыл несімен ерекше болды?
– Былтыр көптеген маңызды оқиға болды, қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық аймақта жүргізілді. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалы іске қосылды. Тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Қайта өңдеу секторы қарқынды дами бастады. Оның өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтады. 27 миллион тоннаға жуық астық жинап, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандарымыздың жетістігін айрықша атап өткен жөн.
Мен былтырғы сұхбатымда 2024 жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды жыл болатынын айтқан едім. Шын мәнінде солай болып шықты.
Біз еліміз үшін күрделі болса да, жүйелі экономикалық реформаларды қолға алып, алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық. Сол үшін көптеген маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Келешекте бұдан да ауқымды жұмыс жасалмақ.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады.
Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді.
Жалпы, өткен жыл оңай болған жоқ, тіпті күрделі жыл болды деуге келеді. Қазақстанға сыртқы факторлардың салқыны тиді, табиғат апаты да жоспарларымызға әсер етті. Алайда біз ахуалды бақылауда ұстап қана қоймай, жан-жақты реформаларымызды жалғастыра алдық. Осылайша, жасампаздық стратегиясы одан әрі жүзеге асырылып жатыр.
– Сіз былтырғы табиғат апатын еске алдыңыз, яғни өңірлердің тең жартысын басып қалған алапат су тасқынын тілге тиек еттіңіз. Сол кезде уәкілетті органдарға апаттың салдарын жою туралы нақты тапсырма бердіңіз. Содан бері жұрт ауқымды жұмыс атқарылғанына куә болды. Бірақ қарғын су кезінде қордаланған көптеген мәселенің беті ашылды. Мемлекет осы табиғат апатынан қандай сабақ алды?
– Былтырғы тасқын еліміз үшін зор сынақ болды. Мұндай алапат тасқын Қазақстанда бұрын болмаған. Мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдады. Адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді, олардың уақытша паналайтын орындары әзірленді, материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Апаттан құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның және басқа да құрылымдардың қызметкерлері, жалпы саны 63 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Соның арқасында көптеген азаматты құтқарып, аман сақтап қалдық. Ең бастысы – осы.
Бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмыла білсек қана мұндай апаттарды еңсере алатынымызға бәріміз көз жеткіздік. Су тасқыны кезінде волонтерлер қозғалысының әлеуеті зор екенін көрдік. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген еріктілер құтқарушыларға жәрдемдесті, гуманитарлық көмек ұйымдастырып, зардап шеккендерге қолдау көрсетті.
Қарғын судың қарқыны шынымен де қатты болды: үйлер, жолдар, көпірлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар бүлінді, біраз мал қырылды. Бөгеттер мен гидротехникалық қондырғылар салуға ондаған жыл бойы жете көңіл бөлінгенде, апаттың салдары соншалықты ауыр болмас еді. Мұны мойындау керек. Қазір қателікті түзеп, олқылықтың орнын толтыруға кірістік. Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы және оның кешенді жоспары бекітілді. Онда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген.
Төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу жүйесін жаңғыртуға қатысты ауқымды жұмыстар басталды. Су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды.
Былтыр желтоқсан айының басында Сауд Арабиясында One Water Summit атты басқосу өтті. Қазақстан мен Франция төрағалық еткен осы алқалы жиынға қатысып, сөз сөйледім. Онда суға байланысты апаттарға төтеп беру мүмкіндігін арттыру қажеттігіне арнайы тоқталдым.
Шын мәнінде, халықаралық қауымдастық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін бірлесе әрекет етуі керек. Қазақстан осы мәселеге басымдық береді.
Күрделі сәттерде қоғамдағы қордаланған келеңсіздіктердің беті ашылатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бірақ әр қиындықтың қайыры бар. Сондықтан дағдарыс кезінде байбалам салмай, байыпты болған жөн. Біз өзекті мәселелерге қатысты дұрыс шешім қабылдап, істің көзін таба білуіміз қажет.
Әдетте мемлекеттік қызметшілерді орынсыз сынап-мінейтін әңгімелер жиі айтылады. Алайда бәрі де салыстырғанда көрінеді. Әсіресе басқа елдермен салыстыру арқылы сараланады. Біз коронавирус індетінен бастап қазірге дейін дағдарысты жағдайлардың бәрінен ойдағыдай өтіп келеміз.
Көктемгі су тасқынының салдарын жою үшін қабылданған шаралар мемлекеттің тиімді жұмыс істей алатынын көрсетті. Зардап шеккен бір де бір отбасы көмек-қолдаусыз қалған жоқ. Үй салынды, пәтер берілді, инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілді, қарғын судан зардап шеккен барша тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығыны өтелді. Мұның бәрі өте қысқа мерзім ішінде жасалды. Су тасқынының салдарын жоюға ірі бизнес өкілдері де елеулі үлес қосты.
Бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде техногендік сипаттағы апаттар мен табиғат апаттары көбейіп тұр. Оның бәрін еңсеруге көптеген ел, соның ішінде дамыған мемлекеттердің өзі дайын болмай жатады. Біз бұған 2024 жылы да анық көз жеткіздік. Әрине, әлі көп жұмыс істеу қажет екені сөзсіз. Дегенмен төтенше жағдайға төтеп беру тұрғысынан, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда лайықты орында тұр.
Желтоқсанның соңғы күндері Ақтау қаласында Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 38 адам қаза болды, оның ішінде еліміздің 6 азаматы бар. Ауыр жарақат алғандар да көп. Мұндай сәтте әрбір секунд қымбат. Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық. Мен құтқару жұмыстарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жанашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды.
Ұшақ апатының себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын атап өткім келеді. Сонымен бірге 17 халықаралық сарапшы шақырылды. Оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының және Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары бар. Үкімет комиссиясы мәліметтің бәрі жазылған арнайы құрылғыны сол ұшақты жасаған Бразилия еліне жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам тергеу жұмыстарының объективті әрі бейтарап жүргізілуіне қажетті бірден-бір дұрыс шешім екеніне сенімдімін.
– Сіз Сауд Арабиясындағы халықаралық форумға қатысқаныңызды атап өттіңіз. Жалпы, былтыр әлемдік деңгейдегі осындай көптеген іс-шараға қатыстыңыз. Бұл сіздің сыртқы саясатқа баса мән беретініңізді меңзеп, «Президент – кәсіби дипломат, сондықтан халықаралық мәселелерге көбірек назар аударады» деген әңгіменің шығуына түрткі болды. Шынымен де солай ма?
– Қазақстан орналасқан жері, экономикалық әлеуеті және қазіргі геосаясат ахуалы тұрғысынан алғанда, әлемнің көптеген мемлекеті үшін стратегиялық маңызы бар ел саналады. Бізбен байырғы серіктестеріміз ғана емес, сонау Африка құрлығындағы мемлекеттер де достық қатынас құруға мүдделі. Батыста, жалпы жер жүзінде Қазақстанды орта держава деп атайды. Әрине, бұл мәртебенің салмағы да ауыр. Біз, ең алдымен, халықаралық аренадағы іс-әрекеттерімізге жауапкершілікпен қарап, қазіргі заманның аса күрделі мәселелеріне келгенде, сындарлы ұстанымда болуымыз керек. Сондықтан Қазақстан «барша адамзаттың ортақ үйі», еш баламасы жоқ әрі әмбебап құрылым саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымын қашанда жақтайды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы ретінде ішкі саясат мәселелерімен күнделікті айналысамын. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сондықтан менің қызметімде сыртқы саясатқа басымдық беріліп кетті деген пікір дұрыс емес.
Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу. Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді.
– Ақыры, Біріккен Ұлттар Ұйымы туралы айтылған соң, бір тосын сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Әлеуметтік желіде Сіз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруыңыз мүмкін, соған байланысты елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесет тарап жатыр. Осы қауесеттің негізі бар ма?
– Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін.
– Былтыр «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Игі бастама барлық өңірді қамтыды. Сіз «Таза Қазақстан» дегеніміз көше тазалаудан әлдеқайда ауқымды ұғым екенін атап өттіңіз. Осы бағыттағы жұмыс қалай жалғасады?
– «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді.
Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады.
Бұл акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысты. 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілді. Осының өзі азаматтарымыздың сана-сезімі жоғары, олардың Қазақстанды өзгертуге нақты іспен үлес қосуға дайын екенін көрсетпей ме?
«Таза Қазақстан» жобасының жүзеге асуына, ең алдымен, әкімдер жауапты. Елді мекендердің тазалығы – тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. Осы ретте «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын.
– Қоғамда бірыңғай уақыт белдеуі туралы түрлі пікір бар. Парламент пен Үкіметтің арасында осыған қатысты пікірталас жүріп жатқанын да білеміз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Әрине, мен жағдайды көріп-біліп отырмын. Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін.
– Сіз былтырғы сұхбатыңызда «Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», олар өздеріне қойылатын талап та күшейетінін түсінуге тиіс» деген едіңіз. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғанына, міне, 11 ай өтті. Меніңше, бұл – белгілі бір пайым жасауға жеткілікті мерзім. Министрлер кабинетінің жұмысына көңіліңіз тола ма?
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<