Қазақстан кубогының финалы жаңа стадионда өтеді

151

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларымен бірге Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лориямен және кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайырмен кездесті.

Аймақ басшысы спорт саласындағы жетістіктерге тоқталып, Қазақстан кубогы финалының жұмысына сәттілік тіледі.

– Қасиетті Сыр еліне қош кел­діңіздер! Қызылордалық «Қайсар» футбол клубы елімізде алғашқы болып жаңа маусымды легионерсіз, отандық футболшылармен бастады. Бұл бастама шетелдік ойыншылардың көлеңкесінде қалған жергілікті футболшыларымызға мүмкіндік беріп, олардың жасыл алаң­дағы кәсіби шеберлігін шыңдауға жол ашты.

Облысымызда спорт саласында ауқымды жобалар іске асырылып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда Сыр спортына қаржыландырудың барлық көзінен 64 млрд 200 млн теңге бөлінді. Биыл денешынықтыру мен спортты да­мытуға облыстық бюджеттен 38 млрд 213 млн теңге қаражат қаралды.

Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион бой көтерді. Спорт нысаны УЕФА талаптарына сай, материалдық-техникалық базасы соңғы үлгідегі зама­науи құралдармен жаб­дықталған.

Президентіміз Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Туризм және спорт министрлігіне Футбол федерациясымен, өңір әкімдерімен бірлесіп және бизнесті тартып, клубтық футболды коммерцияландыру туралы тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта спортты қолдаудағы игі бастамалар, ауқымды жобалар жалғасын табады, – деді Н.Нәлібаев.

Басқосуда Давид Лория көрсетілген қонақжайлыққа алғысын жеткізіп, бірле­сіп атқаратын жұмыстарға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Айта кетейік, жаңа стадионда олимпиадалық спорт түрлеріне арналған бокс, гимнастика, күрес, таэквондо, ауыр атлетика залдары бар. Нысан қазан айында ел игілігіне табысталады.

Бұдан бөлек, 20 млрд 500 млн теңгеге «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынуда. Кешенде олим­пиадалық спорт түрлеріне арнал­ған жаттығу залдары, жүзу бас­сейні, халықаралық жарыстарды өт­кізуге арналған 2500 орындық зал қарастырылған.

Қазанның 4-і күні футболдан Қазақ­стан кубогының финалы Қызыл­орда қаласындағы жаңадан салынған орталық стадионда өтеді деп жоспарлануда.