Қоғамдық кеңес: Үш жыл – бір белес

109

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы өтті. Басқосуды кеңес төрағасы Әріп Хожбанов жүргізіп, оған облыстық мәслихат төрағасы, «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімінің орынбасарлары, кеңес мүшелері мен басқарма басшылары қатысты.

Облыс әкімі қоғамдық кеңес қызметінің маңыздылығына, алдағы жоспарларға тоқталды.

– Бүгінде қоғамдық кеңестер аза­маттық қоғамның мүддесін білдіретін, түрлі деңгейдегі шешімдерді талқы­лайтын,  ат­қарушы органдардың ашық­тығын қамта­масыз етуге жәрдемдесетін  белді әрі әлеуетіті институтқа айналды. Бұл – Прези­дентіміздің бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасының іске асқанының толық дәлелі.

Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.

Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірі байыпты баста­малардың, жасампаз жобалардың орда­сына айналды. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Қол жеткізген жетіс­тік­терімізде туған жеріне жанашыр аза­маттардың еселі еңбегі бар. Елдің ұйыт­­қысы болған ел ағаларына, азамат­тық қоғам өкілдеріне артылар сенім мол.

Облыстық қоғамдық кеңестің үшін­ші сайланған құрамы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Кеңес мүшелері облыстағы өзекті мәселелерді талқылап, түрлі ұсынысты ортаға салып, аймақтың дамуына зор үлес қосты. Алдағы уақытта да елімізде татулық пен тұрақтылықтың сақ­та­луына, мемлекетіміздің өсіп-өр­кен­деуі жолында аянбай еңбек ете беретін­деріңізге сенемін, – деді облыс әкімі.

Жиында кеңес мүшелері, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов пен «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева сөз  сөйледі.

Қоғамдық кеңес құрамында отыз мүше бар. Кеңес үш жыл ішінде қоғам мен атқарушы билік арасында диалог алаңы болды. Қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, атқарушы, өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашық­тығын қамтамасыз ету міндетін де абыроймен атқарды. Комис­сиялар бюджеттік бағдар­ламалардың, аймақ­тың стратегиялық даму жоспарының орындалу барысын бақылады. Қар­жының мақсатты жұмсалуы мен тиімділігін арттыру және көп талқысына түскен бірыңғай уақыт белдеуі, тегін дәрілік көмек көрсету, аяқсу, ауызсу сапасы, т.б. мәселелерді талқылау үшін арнайы жиындар өткізіп, жергілікті билікке нақты ұсыныстар берді. Ұсы­ныстардың басым көпшілігі жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау және оң шешімін тапты.

Басқосуда Қызылорда облысының үшінші қоғамдық кеңесі құрамында үш жыл бойы азаматтық қоғам үнін билікке жеткізуде алтын көпір болған, аймағымыздың әлеуметтік-эконо­микалық дамуына, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан кеңес мүшелеріне облыс әкімінің, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестер қауымдастығының Алғыс хаты табысталды.

Айта кетейік, жақын күндері облыстық қоғамдық кеңестің жаңа құра­мының алғашқы отырысы өткі­зіліп, төрағасы сайланады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<