Құлын-жылым, дүбірлет дүлдүл болып

60

0

Фото: equineinfo.com

Тарих табалдырығынан аттаған жылқы жы­лы қандай жыл болар екен? Бұл – әр адам­ның көңілін толқытқан тылсым сұрақ.

«Былай болады», «олай болады» деген бол­жамға аса бейілді емеспіз. Өйткені, уақыт­тың өз иесі бар. Алайда адам сана құдіреті ше­гінде ойлауға әрқашан қақылы.

Жылқы жылы мүшел есебі бойынша 7-жыл болса да, 2026 – 1 санының сиволы. Бұл барлық нәрседе алға озу, бірінші болу де­генге алып келеді. Олай болса, жасанды ин­теллекті мен логикаға негізделген салалар дамиды (оның ішінде журналистика, басқа да өнер түрлері бар).

Біздің заманның «Вангалары» осылай дейді.

Әр жылды өзінің атауынан, оның таби­ғатынан тыс қарай алмайтынымыз анық. Ендеше, жылқы малы қандай жануар де­генге келсек, мұны енді «жылқы мінезді қазаққа» түсіндіру аса қажет емес.

Жылқы – бауырмал, иесіне адал. Жылқының кекшіл еместігі «жылқы кісінескенше…» деген сөзден білі­неді. Ал адалдығы… Эпостық жыр­лар­да­ғы Байшұбар, Тайбурыл образ­дары әркімнің-ақ жадында шығар.

Қазақтың сүбелі сөздерінде, мә­йек­ті мақалдарында жылқы жануары өте көп ұшырасады.

«Жорға жүрісінен пұл болады, жаман жүрісінен құл болады», «Жақсы би жақы­нына тартпайды, жақсы айғыр жатырына шап­пай­ды». Қазақ осындай мақалдармен ұрпағын тәр­биелеген. Өйткені, кішкентайынан құлын мінген балаға жылқыға байланысты сөздер сіңімді болады.

Біздің ұлтымыз биік адами қасиеттерді жылқы малына қатысты бағалайды. Баласы ержеткенде «ат жалын тартып мінді» деу мен ат үстіндегі қонағын қолтығынан демеп түсіру арасында қаншама құнды өмір салты бар. Жаяуға атын түсіп берген жомарт қазақтың тарихы да, танымы да жылқыға телулі десек, қате болмас.

Енді жылымызға қайта келейік.

Биылғы жыл еңбек еткендер үшін ерек­ше сыйларын сақтап отырған сыңайлы. Та­рихтағы жылқы жылдары қақтығыс, шай­қас­тарға сәйкес келгенімен 1 санының белгісін иеленетін 2026 жыл тек қана жылдамдық, қарқын реңкті болмақ. Оның ішінде махаббат, отбасы бақыты секілді аса қымбат өмір қазы­насы бар, яғни, үйленбей жүргендер шаңырақ көтереді.

Мемлекеттің жайы, саясат ше? Біз сая­саткер емеспіз, бірақ болжамшылар бұл ретте де халық тек табыстардың куәсі болады дегенді қайта-қайта айтып отыр.

Ал, құлын-жылым, дүлдүл болып дүбірлет, дарқан даламды. Дүбіріңнен өрнекті өмірдің сәні мен мәнін табайық, асыл жануарым!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»