Қаңтардың 13-де Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысын осы жылдың 20 қаңтарында өткізуді белгіледі. Ежелден Ұлы дала дәстүрінде құрылтай дегенде ел құлағы елеңдеп тұратыны рас.
Сонау түркі-моңғол өркениеті заманында елдің зиялы ақсүйектер қауымы «Құрылтай» атты ресми жиындарында елдің ішкі-сыртқы саясатын анықтап отырған. Құрылтайға жиналуды құралу, жиналу, түгелдену деп те түсінуге болады. Кезінде Түркі-моңғол мемлекетінің дәуірі асып тұрғанда Құрылтайдың ролі айшықтала түскен. XV-XVIII ғасырларда дербес ел ретінде Қазақ хандығында аса маңызды мәселелерді шешу үшін Құрылтайға жиналу қайта жандана түсті. Еліміздің саяси-конституциялық жүйесін қайта құру барысында Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырту қолға алынды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды. Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы, – деп жариялаған еді.
2022 жылы маусымда қоғамдық сенім кеңесі таратылып орнына Президент жанындағы кеңесші орган ретінде Ұлттық құрылтай жандандырылды. Қоғамдық сенім кеңесінде әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың бағыттары талқыланса, құрылтайда қоғамдық бірлігімізді нығайта түсудің басты тетігі ретінде жалпыұлттық құндылықтарымыздың мәселелері көтеріледі.
Басты мақсаты-әлеуметтік консалидацияны дамыту идеялары мен нақты қадамдарды дайындау. Міне, содан бері қоғамымызды жаңа кезеңге көтерудің бірден-бір тетігіне айналып келе жатырған келелі жиынның төрт отырысы өтті. Жыл өткен сайын күн тәртібіндегі түйткілді мәселелердің ауқымы кеңейіп, көтерер жүгінің салмағы арта түсуде. Мысалы, Ұлытаудағы алғашқы отырыста 42 ұсыныс, Атырауда 149 ұсыныс айтылды. Былтырғы өткен құрылтайда 300-ге жуық мәселе айтылып, 40 беттік жоспар дайындалды. Құрылтай төрінде жинақталған мәселелерді шешудің заңдық негізі де Парламентте нақтылануда. Кезінде халқымыздың сорына айналып келе жатқан құмар ойынпаздыққа қарсы заң қабылданып, жауапкершілік күшейтілді. Құрылтайшылар көтерген тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі тасымалдайтындар мен есіріткі өндіретіндер туралы мәселелер заңды тұрғыда шешімін тапты. Вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен ономастика туралы, т.б. заңдар қабылданып, көптеген нормативтік құжаттарға толықтырулар мен өзгерістер жасалды. Өткен жиында көтерілген ішкі саясатымызды біріздендіру туралы ұсыныс аясында ішкі саясат қағидаттары жөніндегі тұжырымдамасын Президент өз Жарлығымен бекітті.
Өткен Бурабайдағы төртінші бас қосуда Қазақ автономиясының астанасы Қызылордаға көшірілгенінің 100 жылдығына байланысты келесі Құрылтай Қызылорда қаласында өтетін болып белгіленген еді. Біз Қызылорда құрылтайынан да көптеген сындарлы шешімдер қабылданады деп күтеміз. Өйткені, Сыр бойында талай ұлтымыз үшін тағдыршешті шешімдер қабылданған болатын. Сонау Парсы патшасы Кирге қарсы Томирис бастамасымен көшпенділердің соғыс алдындағы бірігу шешімі, Керей мен Жәнібектің қазақтардың дербес хандығын құру туралы шешімдері, 1710 жылы үш жүз өкiлдерiнiң жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру үшiн Арал теңiзiнiң солтүстiгiндегi Қарақұм алқабында өткен екі бірдей құрылтайлардың тарихи маңызы зор. Осыдан жүз жыл бұрынғы Бесінші жалпықазақ кеңестерінің құрылтайында «қазақ» атауының қайтарылуы туралы ұлт үшін тағдыршешті сындарлы шешімдерінің орны ерекше. Осыдан бір ғасыр бұрын бесінші съезд болса, биыл бесінші құрылтай. Бұл сәйкестік тегін болмаса керек.
Биылғы Құрылтай әдеттегіден ерте шақырылып отыр. Қазіргі геосаяси ахуалдың турбулентті кезеңінде тез шешім қабылдаудың маңызы зор.
Қаншалықты сыртқы саяси тартыстар күшейген сайын ішкі өзара түсіністігіміз бен өзара сенімнің жауапкершілік жүгі ауырлай береді. Саясат күштіге ереді. Күшіміз бірлікте. Сын сағаттарда қоғам мүддесі үшін жасалуға тиістіні уақытында жасаған адам – нағыз мықтының өзі емес пе еді? Мықты қашанда өзіне сенімді адам ретінде тәртіпті әуелі өзіне қояды, ал әлсіз өзіне сенімсіз болып тәртіпті біреуден іздейді. Тәртіп бостандықты шектеу емес, тәртіп демократиядан тыс әрекеттердің жолын кесу. Қоғамдық ынтымағымызды қалыпты ұстай алған жағдайда ғана кез келген сын-қатерлерге тиімді қарсы тұра аламыз. Әрине, саясатта өзара бәсекелестік болуы заңдылық. Алайда, түпкі елдік мүддеге зиян келтірмеуіміз керек. Бірлігімізге сына қақтырар болсақ, қолға алған реформалардың барлығы да нәтижесіз белсенділік болып қалады. Осындайда құрылтайдың тепе-теңдікті сақтап, әртүрлі пікіралмасуды ортақ бағытқа түйістіре алу мүмкіндігін молынан пайдалана түсуге тиіспіз. Құрылтайдың саяси әсерінің әлеуеті қоғамдық сенімге ие болуына, талқыланған ұсыныстардың шешілуінің нақты қадамдарына, оның тиімді нәтижесіне байланысты. Сөз нақты шешімге айналмаса жұртшылық тарапынан сенімсіздік білдіру күшейе түсері анық. Қай заманда да халық Сыр бойына жиналғанда тарихтың жаңа беттері ашылғанының дәлелі мол. Осыған дейінгі бесжылдық тәжірибеміз құрылтай жұмысының жаңа деңгейіне «серіппе» болады деп үміттенеміз. Даналығымыздың көзі-тәжірибеміз, ал тәжірибеміздің көзі-қателіктеріміз. Осыған дейінгі ой жеткенмен қол жетпеген, қол жеткенмен ой жетпеген мәселелеріміздің шешімін табуда Сыр өңіріндегі құрылтайдан үміт көп. Бұндай бас қосулар бізге көп мүмкіндік береді. Ал көп мүмкіндік үлкен жауапкершілік тудыратынын да ұмытпайық. Осындай бір әлемдік толқымалы кезеңде Қызылорда құрылтайы еліміздің еңсесін бір көтерер, жылқы жылында атқа мінген қазақтай рухтандырар, тәртіп пен заң үстемдігіне пәрмен берер бастамаларға жол ашылады деп сенеміз.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты





