Құрылыста іркіліс жоқ

6

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасарлары мен қала әкімі қала аумағындағы құрылыс нысандарындағы жұмыс барысымен танысты.

Алдымен Президент саябағындағы, сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын көрді. Бүгінде Президент саяба­ғында тоғыз қабатты тұрғын үйлер салынуда. Жоба бойынша 15 тұрғын үй салу көзделген. Бас мердігер «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8,2 гектар аумақта 18 млрд теңгенің жобасын іске асыруда.

Әр тұрғын үйде 63-тен, жалпы 945 пәтер пайдалануға беріледі. Оның 135-і бір бөлмелі, 540-ы екі бөлмелі және 270-і үш бөлмелі болады.

Сол жағалаудағы бес және тоғыз қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. «Мелиоратор» серіктестігі қолға алған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 32 897,4 шаршы метр, 7 бес қабатты және 3 тоғыз қабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары аяқталғанда 600 пәтер пайдалануға беріледі.

Құрылыста іркіліс жоқ

Аймақ басшысы бастаған топ сол жағалауда бой көтерген 4 тұрғын үйдің құрылыс алаңына да барды. «Тау групп» компаниясының тапсырысымен «Нұрлытау» серіктестігі салған «Тұран» тұрғын үй кешенінде 365 пәтер болады.

Айта кетейік, аймақта тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытына басымдық берілгендіктен, 2022-2024 жыл­дары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. 2023 жылдан бері барлық ауданда алғаш рет 1800-ге жуық пәтер тұрғындарға берілді. Өткен жылы 3600 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді.

Кезекте тұрған тұрғындарға 2392 пәтер табыстау үшін 57 млрд 440 млн теңге жоспарланған.

Ерекше атап өту қажет, былтырдан бері Қызылорда қаласында заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.

***

Содан соң аймақ басшысы «Қызылорда Арена» көп­функционалды спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты. Бас мер­дігер «ASPAN HOLDING», бас жобалаушы «Жоба», техникалық қада­ғалаушы «Строй-Проф» серік­тестіктері қолға ал­ған, аумағы 25 мың шаршы метр болатын нысан үш және төрт қабатты блоктардан тұрады. Кешен олим­пиадалық стан­дарттарға сай келетін 50 метрлік бассейнмен, Азия, Әлем чемпио­наттары сияқты ауқымды жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық зал, олим­пиадалық спорт түрлеріне арналған жат­тығу зал­дарымен қамтылады. Ғимаратта 150 орынға арналған конфе­ренциялық зал орналас­тырылады. Қасбеті алюминий панельмен қапталады. Витраждар өртке төзімді әйнектермен жабылады. Кешен құрылысы екінші жартыжылдықта аяқталады.

Келесі нысан – бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана.

Бас мердігер «Мелиоратор» серік­тестігі 36 млрд 416 млн теңгенің жобасын іске асыруда. Нысан 10 блоктан, атап айтқанда, емхана, пансионат, конференц-зал, тамақ­тану, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химио және радиотерапия, сондай-ақ операция бөлімдерінен тұрады. Заманауи талап­тарға сай аурухананы биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Құрылыста іркіліс жоқ

Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған құзыреттілік орта­лығының құрылысы да назардан тыс қалмады. Жастардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған нысан екі қабатты, сыйымдылығы 215 орын. Мұнда түрлі қоғамдық іс-шараларды өткізуге арналған 100 орындық конференц-зал, 20 орындық СІР залдар, 25 адамдық көрме залы қарастырылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі