Құрылысы қарқын алған Қызылорда

582

0

Облыс аумағында мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық жобалар және инвесторлар демеушілігімен бой көтерген жаңа нысандардың қатары көп. Кейінгі екі жылдың бедерінде аймақта құрылыстың және сол құрылыс қарқынының аясында абаттандыру жұмыстары ерекше қолға алынуда. Бұл бастамалар – өңір үшін  жаңа қадам.

Айта кету керек аймақ басшысы жуырда  құрылыс сатысындағы нысандар мен жолдардың сапасына қатысты арнайы мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

− Ел игілігіне қызмет ететін нысандардың құрылыс сапасына асқан жауапкершілікпен қарау керек. Сала басшылары өзіне қатысты әр жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын бақылауда ұстауы қажет. Арнайы комиссия жіберіп тексеретін боламыз. Қажет болған жағдайда, жұмысты уақытылы аяқтамаған мердігер мекемеге шара көру керек. Бұған облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар басшыларымен қатар аудан әкімдері де тікелей жауапты. Басталған құрылыс жұмыстарын тиянақты орындап, мерзімінде пайдалануға беруді тапсырамын, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар, облыс әкімі Қызылорда қаласындағы, аудандар мен барлық елді мекендегі мекемелердің сырт келбеті таза, заманауи талапқа сай болуы керек екенін ескертіп, олардың айналасын көгалдандыру міндетін жүктеді.

Осы ретте қарқынды құрылыс алаңына айналған аймақтың бас шаһары – Қызылорда қаласындағы құрылыс жұмыстары туралы тарқатып айтсақ…

Орталық алаң қайта ажарланбақ

Құрылыс − ел экономикасы өсімінің басты драйвері. Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуына оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады.

Бүгінде өңірде қазына қаржысынан бөлек демеушілердің қолдауымен де жақсы жұмыстар атқарылуда. Қызылорда қаласын абаттандыру және көркейтуге  ерекше мән берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда.

Сондай игілікті істердің бірі  орталық алаңда бастау алды, яғни, «Қызылорда қаласындағы Әйтеке би көшесін Желтоқсан көшесінен А.Байтұрсынов көшесіне дейін, Ы.Жақаев көшесін Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін абаттандыру» жобасына орай, мердігер мекеме құрылыс жұмыстарына кірісті. Жоба бойынша субұрқақтар аумағына брусчаткалар, жолжиек тастар орнатылады. Жарық диодты шамдар қойылып, газондар, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішімдемелер орналастырылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстардың 70 пайызы бітті. Маусым айына дейін жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, қала тұрғындарына пайдалануға беріледі. Бұл игі бастамаға меценат Асқар Әубәкіров 1 млрд теңге бөлген. Сондай-ақ Ы.Жақаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылады.

Жағымды жаңалыққа қала тұрғыны, зейнеткер Ж.Бодашова қуанышын жеткізіп, ризашылығын білдірді.

– Қаламыз көркейіп келеді. Енді серуендеу үшін қала сыртына сабылмай, орталықта еркін демалатын орындар болады екен. Тас төселген үлкен алаңнан  бізге осындай көркем орындар көптеп керек. Ал көрікті орта – кім-кімнің де мақтанышы. Халықтың қалауына орай осындай істерді атқарып жатқан азаматтарға алғыс айтамын, – деді бізбен әңгімесінде.

Заманауи кейіпте жаңғыртылатын алаң жанға жайлы, көңілге қонымды болмақ. Мұнда, әсіресе көпшіліктің алаңсыз демалуына толыққанды жағдай жасалады. Брусчаткалар төселіп, жолжиек тастар қойылады. Бұл балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Жарық диодты шамдар мен газондар, көпжылдық жасыл көшеттер көз тояттайтын көрікті орынға айналады. Жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары мен балалар ойын алаңы шаһар келбетіне шырай бермек.

Демеушілер де дем беруде

Өңірде өнімді істер қолға алынған. Себебі көптеген нысандарды салуда демеушілер тарапынан қолдау көп. Бұл – бір. Екіншіден, қазіргі таңда қала «көгілдір отынмен» толық қамтылып, аяқсу мәселесі де ретке келтірілуде. Күннен күнге көркейіп, кемелденіп келе жатқан шаһардың тазалығын сақтау, тиісті сала қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету мақсатында арнайы техникалар алынған. Көпқабатты үйлердің қасбеті де жаңаланды. Бұқаралық спортты дамытып, салауатты ұрпақ тәрбиелеудің алғышарттарының бірі саналатын ойын алаңдары көптеп салынуда.

Осы орайда бүгініміз бен болашағымызға бейжай қарамаған азаматтардың туған жерге деген ыстық ықыласының көрінісі ретінде демеушілердің көмегімен бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандарға тоқталғымыз келеді.

Аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында бір мезетте үш ғимараттың іргетасы қаланды. «Неке сарайы», «Өнер орталығы», сонымен қатар, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығы. Бүгінде аталған орталықтар ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл ғимараттар қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындарға ерекше тарту болды.

Инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратов  қорының қаржысына «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының құрылысы аяқталды. 17 млрд теңгеге жуық қаржыға салынған жаңа терминал халықаралық талаптарға сай. Ғимарат жақын арада пайдалануға берілмек.

Айта кетейік, қазіргі әуежай жылына 306 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін 500 мыңнан астам жолаушыны қабылдай алады. Ал жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғаймақ. Жалпы алаңы 7500 шаршы метр болатын әуежайда телескопиялық трап, жолаушыларға, оның ішінде қозғалыс қабілеті шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін эскалаторлар мен лифттер қарастырылған.

Аймақтағы қарқын алған құрылыстың бірі − «ҚазГерМұнай»  компаниясының демеушілігімен қолға алынған заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы. Құрылысы қарқынды сарайға 2 млрд 350 млн теңге бөлінген. Бұл ғимарат та тамыз айында тапсырылады.

Сонымен бірге өңірде қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу-электр орталығының да іргетасы қаланды. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлескен жұмыстар 2025 жылы аяқталмақ. Бұл арқылы қала аумағы сапалы жылу және электр энергиясымен толық қамтылатын болады. Сондай-ақ жуырда Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда музыкалық колледжінің жаңа ғимаратының іргетасы қаланды.  Үш қабатты ғимарат 650 орынға арналған, құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 4,8 млрд теңге, бас мердігер – «Интегрострой» ЖШС.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы және Үкіметтің Сыр өңіріне жан-жақты қолдауының нәтижесінде аймақта жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар көп.  Соның бірі − «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Жоба аясында өңірде 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салынуда. Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталса, биыл тағы 11 мектептің іргетасы қалануда. Сол жағалаудағы «Білімді қолдау қорының» қаржысына бой көтерген, құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат тамыз айында аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.

Мемлекет басшысының «Елімізде кем дегенде 3 жоғары оқу орны жасанды интеллект саласымен айналысуы керек» деген тапсырмасына сәйкес Қорқыт ата университеті базасында Корея Республикасы Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі құрылды. Облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», екі ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептерінің құрылысы да салынады. Одан бөлек, ауылдар мен елді мекендерде бірнеше мәдениет үйлері мен спорт кешендерінің құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне табысталды.

Жол құрылысы қарқынды

Қызылорда облысы жол құрылысы бойынша көптеген өңірден көш ілгері.

Халықтың көкейінде жүрген мәселелер ескеріліп, автомобиль жолдары, елдімекенаралық жолдар жөндеуден өтуде. Кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Жалпы аймақ көлемінде жол жайы жақсарып келеді.

Оған дәлел − қаланың сол жағалауынан заманауи үлгідегі жаңа автовокзал құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуі.  Жаңа автовокзал халықтың талап-тілегі мен сұранысына сай бюджет қаржысы есебінен 975 млн теңгеге салынды. Мұнда жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай қарастырылған. Жолаушылар автовокзалдан халықаралық және түрлі бағыттағы 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.

Сондай-ақ өткен жылы «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеге жуық қаржыға теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті.

Жақсы жолда жайлы көліктің қатынауы – халық үшін үлкен игілік. Қызылорда қаласының қоғамдық көлік қызметі жақсарып, үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустармен толықтыру бойынша да ауқымды жұмыстар жасалуда. Мәселен, кейінгі жылдары Сыр өңірінде барлық саланың материалдық-техникалық базасын, оның ішінде автопаркін жаңартуға басымдық берілуде. Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңадан 300 автобус, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника, ветеринария саласының мамандарына 30, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік, төтенше жағдайлар қызметіне 17 арнайы техника алынды. «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарына күнделікті ел тұрмысына ең қажетті деген заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Биыл облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік сатып алынбақ.

Қала тұрғындарына арзан бағамен тасымал қызметін көрсететін 100 экотакси 1 млрд теңгеге алынуда. Электр қуатымен жүретін көліктер ортақ желі арқылы жұмыс жасап, жолаушыларды діттеген жеріне қауіпсіз жеткізеді.

Сонымен қатар, қала орталығындағы Назарбаев, Астана даңғылдары мен Яссауи көшесіне де ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынып, абаттандыру жұмыстары басталды.

Қожа Ахмет Яссауи көшесінің Ә.Бөкейхан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейінгі аумағын қайта жаңғыртуды мердігер мекеме «Қыран» ЖШС наурыз айында бастады, жоба құны – 3 млрд теңге. Ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын көше 4 жолақтыға ауыстырылып, толығымен жарықтандырылады, арық қазылып, жаяу жүргіншілер жолы төселеді және жарық шамдары орнатылады.

Мұнан бөлек, көшені абаттандыру жұмыстарына 725 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме «BSG Инжиниринг» ЖШС жұмысты жуық арада бастап, қараша айында аяқтамақ. Жоба бойынша теміржолдың екі бетіне тұрғындардың серуендеуіне ыңғайлы аллеялар, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Бұл көше халыққа қолайлы болуымен қатар, Қызылордаға жеткен пойыз жолаушыларының қаланың көркі, тазалығы туралы алғашқы ойын қалыптастырады. Осылайша қаланың орталық көшелері ғана емес, шет аймақтағы көшелер де кеңейтіліп, көркейтіледі.

Сондай-ақ қарқынды құрылыс алаңына айналған Қызылорда қаласының сол жағалауындағы жаңа автовокзал ғимаратының аумағына ағаш көшеттері отырғызылып, барлық ауданда елді мекендер көгалдандырылуда.

Жуырда қолданысқа берілетін «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының аумағы абаттандырылуда. Жергілікті бюджеттің 4 млрд 300 млн теңге қаржысы инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға, яғни жылу, су, электр, телефон және кәріз, желілерін, автожол жүргізуге жұмсалды. Осы аумаққа 615 шаршы метр гранит жабыны, 16,2 шаршы метр асфальт, 4038 шаршы метр кеспетас және 3630 шаршы метр қиыршық тас төселетін болады. «Қызылорда қаласындағы әуежайдың іргелес аумағын абаттандыру құрылысы» жобасына 634 050 млн теңге бөлініп, 4 жолақты, ұзындығы 480 метр, әр жолақтың ені 3,5 метр болатын жол салынуда.

Еске салсақ, облыста өткен жылы 38 млрд теңгеге 671 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 87,5 пайыз болса, осы жылдың қорытындысымен бұл көрсеткішті 92 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда жергілікті жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ұсынылған 61 млрд теңге бюджеттік өтінімнің 30 млрд теңгесі қолдау тауып, 215 шақырым автомобиль жолдары, көпір өткелдері және көшелер жөнделмек. Жыл соңына дейін қаржыландыру көлемі тағы да ұлғайтылады. Оның ішінде Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттерге 28,3 млрд теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, оның 12 млрд теңгесі қолдау тапты. Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласында 11 млрд теңгеге 82 шақырым болатын 267 көше жөндеуден өтті.

Мемлекет басшысы экономиканы одан әрі нығайту, қоғамдық сананы жаңғырту бойынша алдымызға жаңа міндеттер жүктегені белгілі. Бұл ретте, қаланы одан әрі дамытудың басты кепілі азаматтардың, яғни, әрбір тұрғынның табысы мен өмір сапасының жақсаруы – басты міндет. Сондықтан атқарылатын жұмыс толастамайды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<