Қызылорда облысының азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын пысықтау, қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытында үйлестіруді күшейту үшін өңірде «Қыс-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
«Қыс-2025» оқу-жаттығуы қыс мезгіліндегі қауіп-қатерлердің алдын алуға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мақсаты – Қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындау. Аталған оқу-жаттығуға азаматтық қорғау құрылымдары, жергілікті атқарушы органдар, еріктілер жұмылдырылды.
Алдымен азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі техникаларының саптық қарауы мен жиыны өткізілді. Оқу-жаттығуды өткізу орнында жедел штаб құрылып, қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою кезінде азаматтық қорғаудың бағынысты күштері мен құралдары іс-қимылының үйлесімі мен өзара іс-қимылды жетілдіруі нақтыланды. Оқу-жаттығудың практикалық кезеңіне Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысты. Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары, полковник Бекболат Әбдіқадыров жалпы оқу-жаттығудың өткізілу барысына жетекшілік жасады.
№1 практикалық оқу-жаттығу КAZ-06 «Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент» автожолының 1357 шақырымында өтті. Онда қыс мезгіліндегі жол-көлік оқиғасы кезіндегі іс-қимыл нақтыланды. Оқу-жаттығудың шартына орай, жолаушылар автобусы жеңіл автокөлікпен соқтығысты, салдарынан жол-көлік оқиғасы болды, жолаушылар автобусында бірнеше азамат жарақаттанып, жеңіл автокөліктің жүргізушісі көліктің ішінен шыға алмай, қыстырылып қалды. Соқтығысқан автокөліктерге авариялық-құтқару жұмысын жүргізу, адамдарды қауіпсіз орынға эвакуациялау, жылы орынмен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету, төтенше жағдай зардаптарын жою бағытында тиісті іс-қимыл жүргізілді. Оған 32 адам, 12 техника қатысты.
Арал аумағында теміржол желісінде №2 практикалық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды. Жаттығуда сценарий бойынша жолаушылар пойызы вагонында өрт болып, қозғалыс бірнеше сағат тоқтайды. Вагондағы өрт сөндірілді. Адамдарды қауіпсіз орынға эвакуациялау, жылы орынмен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету, ТЖ зардаптарын жою жұмысы жүргізілді. Оған авариялық құтқару құрылымдарынан 20 техника, 53 адам жұмылдырылды.
№3 оқу-жаттығуы сценарийіне сәйкес, Арал ауданында қарлы боран болды. Мал-жанға қолайсыз климат салдарынан жол таппай адасқан, мал тасымалымен айналысатын 2 азамат жоғалды. Оларды іздестіру-құтқару жұмысы ұйымдастырылып, далалы жерден адасқан азаматтарды тауып, медициналық көмек көрсетілді. Практикалық оқу-жаттығуға іздестіру-құтқару жұмыстарына 14 техникасымен 64 қызметкер, сонымен бірге 1 кинологиялық есеп тобы белсене қатысты.
«Қыс-2025» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуға 1154 адам, 339 техника, 1 кинологиялық топ қатыстырылды.
Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті





