Қыстың сәні – ақша қар

721

0

Қызылордада қыстың сәні енді кіргендей. 25 қаңтарда түскен қардың қалыңдығы 9 сантиметрге жетті. Жаңа жылды қарсыз қарсы алған қызылордалықтар қуанып, бір-бірін алғашқы қармен құттықтап жатты. «Қазгидромет» Қызылорда филиалының бөлім басшысы Әйгерім Жөкелованың айтуынша, 24 қаңтардағы қардың қалыңдығы 1-2 сантиметр  болса, одан кейін қалыңдап  5, 25 қаңтар күні кешкісін 9 сантиметрге жеткен.

– Бұл қалаға жауған алғашқы қалың қар болғанымен, облыстың солтүстігіндегі Арал мен Қазалы аудандарын қаңтар айының алғашқы аптасында-ақ басып қалған еді. Бұдан кейін 28-29 қаңтар күндері жауады деп болжанып отыр, –  дейді маман.

23 қаңтар күні ұшқындап жауған қар ертесіне таңертең қаланы ақ көрпеге орады. «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысшылары сол уақытта түнгі сағат 01:30-дан бастап күшейтілген режимде қардан тазарту жұмыстарына кірісіп кетті. Арнайы қар тазалайтын 45 техника жұмылдырылып, көшелерге құм араласқан қоспа себіліп, тазалау жұмыстарын жүргізуде. Жалпы 211 адам екі ауысыммен қызмет етті.

– Бірінші кезекте көлік ағыны көп орталық көшелер тазартылды. Сонымен қатар, шет аймақ көшелері тазартылып,  жаяу жүргіншілер жолдарына құм аралас қоспа себілді. Мамандар күшейтілген режимге көшті. Көлік жүргізушілер мен тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін естен шығармауын сұраймыз, – дейді өндірістік бөлім басшысы Маржан Шораева.

Синоптиктердің хабарлауынша, алдағы уақытта ауа температурасы 15-20 градусқа дейін төмендейді. Иә, әр мезгіл өзінің ерекшелігімен табиғаттың сәнін келтіріп тұрады емес пе?

«Аязды күннің адам денсаулығына пайдасы бар» дейді орталық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Перизат Төлеуова.

– Күн райының адам денсаулығына тигізер әсері бар. Сондықтан әр мезгілдің ретімен болғаны дұрыс. Мұндай аязды күндерде аурудың қоздырғыштары көп таралмайды. Қазір бізге ЖРВИ-мен келушілер бұрынғыға қарағанда азайды, – дейді дәрігер.

Қыс басталғалы мұндай қалың қар жаумаған облыс орталығы расымен әсем күйге оранды. Табиғаттың сұлу көрінісін қалт жібермеген фототілшіміз Нұрболат Нұржаубайдың нысанасына ілінген кадрларды тамашалаңыздар!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<