Қызылорда халқы бірлік мерекесін атап өтті

978

0

Тағдырдың жазуымен Сыр өңірін 35 ұлт пен ұлыс өкілі паналап қалған. Аймақта 11 этно-мәдени бірлестік бар. Бүгінгі Бірлік мерекесін қызылордалықтар кең ауқымда атап өтіп жатыр, деп хабарлады 24 Хабар тілшісі.

– Екі жылға созылған пандемия той тойлауға мұрша бермеп еді. Бүгінгі мерекелік шаралар Сыр жұртшылығының көңіл-күйін серпілтіп тастады. Дайындықтың ерекше екенін байқауға болады. Жетпіс өнерпаз түрлі этностың ұлттық киімін киіп, бір әннің ырғағымен мың бұрала биледі. Бұл «Достық» би композициясы. Мән-маңызы түсінікті. Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын арқау еткен. Сыр өнерпаздарымен қатар жастар да татулық тойына белсенді атсалысты.

Өңірде 11 этно-мәдени орталық бар дедік. Барлығы да концерттік бағдарлама дайындап, бірліктің бекемдігін көрсетті. Ұлттық спорт сайыстары мен түрлі ұлттардың қолөнер көрмесі жұртшылыққа ұсынылды. Ағаш, темір, саз балшық, былғары, жүннен иірілген жіптен жасалған дүниелер көздің жауын алады. Қала тұрғындары көрмедегі ұнаған заттарын сатып алып та жатыр.

Ал «Сыр елім» флешмобына 100 студент қатысты. Сонымен қатар мерекелік тарту ретінде әуе шары көкке ұшырылды. Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театры жанынан құрылған «Нартай бүлдіршіндері» тобының қойылымы да көпшіліктің көңілінен шықты.

Мерекелік шаралар одан әрі «Ертегілер елінде» атты балабақшалар арасындағы өнер сайысымен және эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<