«Қызылорда-нан» – бәсекеге қабілетті бірегей кешен

4

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс» деген болатын. Осы ретте мемлекет тарапынан маңызды жобаларды жүзеге асыруға барынша тиімділік қарастырылған. Нәтижесінде өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Қызылорда-Нан» нан өнімдерін шығару кешені.

Былтыр салынған жаңа нысан биылғы қазан айында іске қосылды. Бұл – тек өндіріс ғана емес, әлеуметтік және ұлттық маңызға ие жоба. Қазір мұнда 120 адам жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 5,6 млрд теңге. Бірінші кезең 3,1 млрд болса, екін­ші кезең 2,5 млрд теңге. Екінші кезең іске асы­рылғанда жұмысшы саны 170-ке дейін жетеді.

 Мемлекет тарапынан да қолдау бар, 5 гектар жер телімі бөлініп, қажетті ин­же­нерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етіл­ді. Жеңілдетілген несиенің  пайыздық мөл­­шерлемесі субсидияланды.  Біз де өз кезе­гімізде жаңа кешеннің жұмысын көру үшін арнайы барып қайтқан болатынбыз.

Нысан заман талабына сай бой көтерген. Айналасы абаттандырылып, асфальтталған. Тіпті қызметкерлерге арналған футбол алаңы бар. Көліктер тұрағы қарастырылған. Ғимараттың іші жаныңа жайлылық сыйлайды. Мұнтаздай таза әрі кең, жарық. Әр цех бөлек орналасқан, озық жаңа технологиялармен жабдықталған. Жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Мамандар да өз ісінің шеберлері. Жұмыс қызу жүруде. Кезекті тапсырыстар орындалуда. Кәсіпорын басшысы Ержан Ескендір әр бөліктің жұмысымен жеке-жеке таныстырып шықты. Алдағы жоспарларымен де бөлісті.

«Қызылорда-нан» – бәсекеге қабілетті бірегей кешен

– Бірінші кезең бойынша 3,1 млрд теңге инвестиция салынды. Төрт цех жұмыс істейді. Нан, тоқаш өнімдерін шығаратын цехта 100 түрлі өнім дайындалады.  Жылына 2520 тонна өнім өндіреді. Кондитерлік цехта 120 түрлі өнім, жылына 1008 тонна. Ал макарон цехында 15 түрлі өнім, жылына 1152 тонна болса, печенье цехында 15 түрлі өнім шығарылады. Жылына 2500 тонна өнім өндіреді. Бұл – төрт цехтың жылдық қуаттылығы.

Нан өнімдерін дайын­дайтын цехта 9 пеш бар. Оның бәрі де – соңғы технология. «Sinmag» деген бренд. Қытайдан әкелінген. Қалған құрал-жаб­дықтарды Ресейден алдырдық. Мұнда ұнды мөлшермен салу, илеу, қамырды жасап шығару, оны ашыту, көтеру сынды жұмыстың бәрін де техника атқарады. Қанша көлемде су, ұн және өзге де қоспа қосылу керектігі бойынша бағдарлама беріледі. Автоматты құрылғыны тек басқару керек. Дайын қамыр қалыптарға түскеннен кейін ол белгілі уақытқа дейін толықсыту шкафтарына салынады. Содан кейін ғана пеште пісіреді.  Қазір наубайханада 50 адам жұмыс істейді. Жұмыс үздіксіз, екі ауысым бойынша жүреді, – деді ол.

Жұмыс барысын көру кезінде  қызара піскен бөлке нан пештен шықты. Ыстық бөлкенің иісі мұрын жарады. Босаған қалыпқа мөлшермен қамырды қайта салуда.

Осылайша жұмыс жалғасуда.  Қазір цехта күніне 10 мың дана түрлі нан өнімі дайындалады екен.

Эльдар Самидиновтің бұл салада жүргеніне көп болған. Тәжірибелі маман. Күнделікті шаруасына тиянақты. Ұнның қамырға айналуы, көтерілуі, пешке салынғанға дейінгі қызметтің бәріне жауапты. Ол мұнда Алматыдан келген. Цех ашылғанда алғашқылардың бірі болып жұмысқа орналасыпты.

Одан әрі макарон цехында болдық. Бұл өнімнің басым бөлігі сырттан, өзге өңірден тасымалданатынын білеміз. Осы кезге дейін сауда сөрелерінен белгілі макарон брендін алатын едік. Енді жергілікті «Қызылорда-Нанның» 15 түрлі макароны дүкендерге қойыла бастапты.

– Бұл цех жабдықтары Ресейден әкелінді. Сағатына 200 келі макарон шығарады. Нарыққа байланысты бағасы қойылды. Өнім қаптама және келі түрінде де бар. Сауда сөрелеріне қойылып, халықтың көңілінен шы­ғуда. Түрлі пішінде дайындалады. Сұранысқа сай жұмыс істеуде, – деді  Ержан Ескендір.

Мұнда баланың сүйікті асына ай­налған печеньенің де 15 түрі дайын­далады. Құрал-жабдық Қытай­дан тапсырыспен алынған. Осы жылдың қыркүйек айында жеткізіліп, сол Қытайдан келген мамандар іске қо­сып, тілін түсіндіріпті. Қазір печенье шығаруда. Қорап түрінде және кило­грам етіп  те дайындайды. Бағасы мен салмағы әртүрлі. Жалпы бұл цехта 15 адам жұмыс істейді. Технологтардың өз рецептері бойынша пісіріледі. Бастысы дәмі тіл үйіреді.

Кәсіпорын басшысының ай­туынша, мұндай ірі зауыт өзге өңір­лерде де бар. Көршілес облыс, қала­ларда макарон, печенье, нан-тоқаш өнімдерін шығаратын ірі өндіріс орындары жұмыс істеп тұр. Бұрын мұндай өнімдер сол облыстардан тасымалданды. Енді өзімізден шығуда. Жергілікті зауыт облыс бойынша сұраныстың 12 пайызын қамтамасыз етеді. Ал печенье өнімі бойынша сұраныстың  төрттен бір бөлігін өндіреді.

– Өндірілген өнімді өзіміздің 15 сауда нүктеміз бар, соған жеткіземіз. Бұл желіде 200-ден астам адам еңбек етеді.  Сондай-ақ қала және жақын ауыл-аймаққа да өткіземіз. Нан өнімдері тек қала мен жақын орна­ласқан ауыл дүкендеріне сау­да­лануда. Қалған өндімді де облыс көлеміне шығаруды көздеп отырмыз, – деді ол.

Кадр мәселесіне келер болсақ, бәрі де жергілікті тұрғындар. Тек технолог мамандарды ғана сырттан алдырыпты. Өйткені бізде мұндай мамандық иелері тапшы екен. Ал шикізатты отандық зауыттардан алдыруда. Мәселен, ұнды Ақтөбе, Қарағанды облысынан тасымалдайды.  Ірі сауда желілерімен арнайы келісімшарт жасалып,  бірлесіп жұмыс атқаруда.

Жалпы, ғимарат аумағы 6000 шаршы метр. Жұмысшыларға барлық жағдай қарастырылған. Арнайы форма беріледі. Киіну, жуыну бөлмелері мұнтаздай таза, жинақы. Асхана жұмыс істейді. Ондағы аспаз да кәдімгі кәсіби маман. Ыстық тамақпен қамтылған. Қоймасы бар, жұмысшыларға бәрі де тегін.

Кәсіпорын толықтай автомат­тандырылған. Қол еңбегін азайту мақсатында соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар сатып алынған. Өнімді жеткізіп беру қызметіне 10 көлік бөлінген екен.

Мына цех кондитерлік өнім шығарады. Бұл жерде кремді, кремсіз  торт, бәліш сынды 120 түрлі өнім өндіріледі. Жұмыс ырғағы, шеберлердің ықыласты еңбегі өзіндік бір әсерге бөлейді.  Бірінде корждар пісірілсе, енді бірінде өзге де тәттілер дайындалуда. Жартылай және дайын өнімдер тоңазытқыш пен мұздатқышта сақталады. Сондықтан мұнда техниканың бірнеше түрі бар әрі жеткілікті екен. Біз тұрған аумақта соңғы әрлеу, сәндеу жұмыстары іске асырылады. Көздің жауын алатын, дәмі тіл үйіретін тәттілер түрлі пішінде безендірілуде. Шикізатты сақтауға арналған қойма, тоңазытқыштар бар. Мұнда 30 адам еңбек етеді.

Кәсіпорын басшысы енді екінші кезең жүзеге асырылатынын айтты. Ұн шығаратын комбинат ашылмақ. Бұл жоба келер жылы іске қосылады. Жоба құны 2,5 млрд теңге болса, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қуаттылығы – тәулігіне 25 тонна.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»