Жаздың алғашқы күні қызылордалықтар үшін ұмытылмас сән-салтанатпен басталды. Қалада төрт бірдей халықтық, әлеуметтік ерекше маңызға ие нысандардың ашылу рәсімі өтті. Бұл игі іс Қызылорданың алғашқы астана болуы мен қазақ атауы қайтарылған киелі ордадағы 100 жылдық мерейтойға айрықша тартудың айқын айғағын көрсетті.
Қызылорда – Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауына ие аймақ. Облыс басшылығының ұтымды ұйымдастыруымен өңірде үлкен өзгеріс жүріп жатыр. Әсіресе, орталықтың озық көші өзгелерді де қызықтырып келетіні жасырын емес. Бәрі де – елдің игілігі, ұрпақ болашағы мен жасампаздыққа салынып жатқан құндылық.
Сонымен, халықаралық балаларды қорғау күні толық жаңарудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі ашылды. Салтанаты артқан сол жағалаудан физика-математика мектеп-интернаты, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі игілікке табысталды. Осы іс-шараларға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, академик, мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев арнайы қатысып, тілектестіктерін білдірді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ғимараттардың ашылу рәсімдерінде сөз сөйледі.






