«Қызылорда-Жезқазған» автожолы: Табанды істің тарихи сәті

205

0

«Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының мәселесі талай жылдан бері қозғалып келді. Сапар азабын тартқан жұрт аталған жолдың қиындығын жиі айтып-ақ жүрді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жол құрылысы басталып кеткен еді. Ал күні кеше Сыр елі мен Ұлытау жерін жалғайтын автожолдың облыс аумағына тиесілі бөлігі (192 шақырым) аяқталып, ресми түрде пайдалануға берілді. Қырық жылдан астам күтім көрмеген жолдың күрмеуі осылай шешілді.

Тарихи сәттің қуанышына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыстың құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Салтанатты шарада аймақ басшысы құттықтау лебізін жеткізіп, құрылысты жүргізген жолшыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ бұл жолдың өңір экономикасына, өндірістің өркендеуіне, тұр­ғындардың әл-ауқатының артуына тигізетін оң ықпалы мен ерекше маңызын атап өтті.

– Бүгін – аймағымыз үшін тарихи күн! «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жо­лының ашылу рәсімінде бас қостық. Халқымыз ұзақ жылдан бері армандап келген автожолды салуға қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына барша Сыр жұртшылығының атынан зор ризашылығымызды, шынайы алғысымызды білдіреміз. Республикалық маңызы бар автомобиль жолы туралы мәселе Тәуелсіздік алған кезеңнен бері бірнеше мәрте көтерілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тұрғындарымыз қара жолмен елордаға, Ұлытау, Қарағанды облыстарына қатынады. Астанаға 2 мың шақырымнан астам жол жүріп, Балқаш арқылы да барды. Енді міне, Президентіміздің ерекше қолдауының арқасында қанша жылдан бері халқымыз көтерген өзекті мәселе өз шешімін тапты. Облыс аумағындағы 216 шақырым жол толық қайта жаңғыртудан өтіп, тиісті жұмыстар аяқталды. Жобаны жүзеге асыруға 84 млрд теңге бөлінді.

Бұрынғы өткен бабалардан қалған «Бақ, қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын», – деген жақсы сөз бар. Әрдайым бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болсын! Жүргізушілер мен жолаушыларға әрдайым ақ жол, сәт сапар тілейміз! Жаңа жол берекенің бастауы болғай, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев құттықтау сөз сөйледі.

– Бұл – тек жол ғана емес, өңірдің дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапа­сының артуына, қалалар арасындағы сауда-экономикалық байланыстың ныға­юына жол ашатын маңызды инфра­құры­лымдық жоба. Бүгін жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын «Қызылорда-Жезқазған» автобанының Қызылорда облысындағы 192 шақырымдық бөлігін іске қосып отырмыз. Ал Ұлытау облысына келсек, келісім-шартта екі аралықтағы жолдың салынып бітуі 2027 жылдың аяғына жоспарланған. Бірақ келер жылдың соңына дейін осы облысқа қарасты 208 шақырым құрылысты бітіру жоспарланып отыр. Қазір Ұлытау өңіріндегі құрылысқа 4 мердігер компания тартылды. 8 нысан бойынша құрылыс жүреді. Биыл осы 208 шақырым жолдың 50 шақырымына асфальт қабаты төселеді, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Төрағаның айтуынша, Қызылорда өңірінде жол құрылысын жүргізген компаниялар Ұлытау аумағы бойынша да конкурсқа түскен. Аталған мердігерлердің кейбірі тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес, жеңімпаз атаныпты.

– Өздеріңізге белгілі, Қызылорда аумағындағы жол құрылысын 5 компания жүргізді. Оның төртеуі – қытайлық, ал біреуі – отандық «Қыран» мердігер мекемесі. Қазіргі уақытта екі қытайлық компания Ұлытау аумағындағы жол құрылысын жүргізуде. Олар біздің ереже-талаптарымызбен бұрыннан таныс. Әрі жер жағдайын жақсы түсінеді. Екіншіден, олар барлық өз техникаларын көшіруде аса қиындық тудырған жоқ. Өйткені, құрылыс жүретін аумақ өзара жақын орналасқан. Бұл – жол құрылысын жеделдетуге үлкен мүмкіндік, – дейді ведомство басшысы.

Қуанарлық жаңалықтың бірі – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының «Қызылорда-Сексеуіл» бағытына қа­тысты. Аталған жолдың екі жолақты болуы әрі жол апаттарының жиі орын алуына байланысты халық ұсынысын Президент қолдады. Мемлекет басшысы 2023 жылы Сыр бойына сапары кезінде арнайы тапсырма да берді. Енді биыл жыл соңына дейін аталған жолдың конкурстық жұмыстары аяқталмақ. Дархан Иманашевтың сөзіне сенсек, екі жолақты жолды төрт жолаққа айналдыру жұмыстары қаңтар-ақпан айларында басталып кетуі тиіс.

Сонымен қатар, қазір «Қызылорда-Жезқазған» жолын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізіне қосатын 25 шақырымдық айналма жол салатын мердігер мекеме анықталуда. Жақын арада құрылысы басталады. Жоба құны – 46 млрд 3 млн теңге.

Жалпы «Қызылорда-Жезқазған» жолы­ның ашылуы келесі жылға жос­парланғаны белгілі. Бірақ халық сұранысы ескеріліп, мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Сондай-ақ бұрын сапарға шыққандар екі аралықта 20 сағат жол жүретін. Енді жаңа жолға түскен жолаушылар 16 сағатта, ал Ұлытау облысының аумағындағы жол құрылысы аяқталса, Астанаға бағыт алған көлік 12 сағатта жететін болады.

Айта кетейік, шарада «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысын сапалы жүргізуге атсалысқан мердігер компания өкілдері, сондай-ақ жол саласын дамытуға елеулі үлес қосқан сала ардагерлері мен мамандары марапатталды.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»