Қызылорда – «Жылдың үздік спорт өңірі»

39

0

Өткен жылы Сыр өңірінің спорт саласында елеулі оқиғалар болды. Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен жыл қорытындысына арналған дәстүрлі «Үздік премия-2025» салтанатты іс-шарасында Қызылорда облысы «Жылдың үздік спорт өңірі» атанды. Қазіргі таңда өңірде 377 мың адам, яғни тұрғындардың 44,6 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. Кейінгі жылдары спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып, өңір спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Ел футболындағы тағы бір қуанышты жаңалық ретінде Қызылорда қаласында пайдалануға берілген «Қайсар Арена» стадионын атап өтуге болады. Бұл  тәуелсіздік жылдарында елімізде бой көтерген үшінші стадион ретінде ерекшеленіп отыр. Ендігі кезекте еліміздің Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Семей, Қарағанды қалаларынан осындай спорттық нысандар ашылмақ.

Айта кетсек, жергілікті «Қайсар» командасының құрылғанына алпыс жылға жуықтады. «Локомотив» және Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион өз қызметін атқарып келді. Дегенмен заман талабына сай жаңа стадион салу мәселесі күн тәртібіне шығып, жанкүйерлердің ұсынысы облыс басшылығынан қолдау тапты.

Алғашқыда 7 мың адамға арналған спорттық нысан қайта талқылау барысында тағы 4 мыңға ұлғайтылды. Осылайша спорттық нысан 11 мың адамды қабылдайтындай етіп жобаға түзету енгізілді. Бұрын жанкүйерлер стадионның екі жағында отырады деп жоспарланған еді. Соңғы нұсқа бойынша екі қақпаның артында да екі мыңнан жанкүйерге арналған орындар орналасты.

Жаңа стадион үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Ендігі мақсат – халықаралық деңгейде ойындар өткізу, оған стадион толықтай сай келеді. Ғимараттың ішкі бөлігінде тоғыз спорт залы, түрлі үйірмелер орналасқан. Жанкүйерге арналған орындардың төбесі металл шатырмен жабылған. Бұл жөнінен стадионды салған «Нұрлы тау» компаниясының мол тәжірибесі бар. Көп жылдан бері металл құрылғыларын жасаумен айналысқан компания бұл жұмысты өз деңгейінде атқарып шықты. Трибунаның биіктігі мен жанкүйер орны еуропалық стандартқа сай келеді. Стадионға келген әрбір адам еш кедергісіз ойынды тамашалай алады. Бұрынғы стадиондағы секілді шатыр тіреуі жоқ. Металл құрылғының барлығы жергілікті жерде дайындалған. Жанкүйерге қолайлы болу үшін екі табло қойылды. Сол арқылы стадионға келушілер көбірек ақпарат алады.

 «Қайсар» елімізде алғашқылардың қатарында жекеге өтті. Әлеуетті инвесторға аталған клубты алғаннан кейін, спорттық инфрақұрылымды (стадион және футбол алаңдары) дамыту, сондай-ақ академия ашу талаптары қойылаған. Ал жергілікті атқарушы органдарға алдағы 3-4 жылға дейін футбол клубтарына бюджеттен қаражат бөлуді тоқтатпау ұсынылды.

Өңірде спорт инфрақұрылымын қарқынды дамыту бағытындағы ауқымды жобалар жалғасын тапты.  Соның бірі – облыс орталығында аумағы 25 мың шаршы метрлік «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені. Кешен олимпиадалық стандартқа сай жүзу бассейні және олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдарымен қамтылады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен қаланың сол жағалауында ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Аталған қордың көмегімен Шиелі және Жалағаш аудандарында ангар типтес жаңа спорт нысандары салынып, ауыл тұрғындарына табысталды.

Қыркүйек айында еліміздің спорт жылнамасында айтарлықтай оқиға болды. Грек-рим күресінен 26 жылдан кейін қазақстандық балуан Әлем чемпионатында топ жарып, барша жанкүйерді үлкен қуанышқа бөледі. Ел құрамасынан Айдос Сұлтанғали (60 келі) алтын медаль алып, ұзақ жылдар бойы қол жетпей жүрген биікті бағындырды.

Айдос Сұлтанғали 1996 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазірге дейін 2018, 2022 жылдары Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. 2021 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алды.

– Осы тарихи жеңістің маған бұйырғанына ерекше қуаныштымын. Бұл жеңіс біздің күрес түрінің алға қарай дамуына жаңа серпін береді. Осы мүмкіндікті жіберіп алуға болмайтынын сездім, сол үшін барымды салдым. Тек алға жүріп, халқымды қуантқым келді. Құлақ сынды, қабақ жарылды. Бірақ мақсатым алтын медаль жеңіп алу болды, –деді ол елге оралған сәтте.

Мұндай серпінді жобалар алдағы жылы да жалғасады. Сыр өңірінде бұқаралық футболды дамыту бағытында «Қайсар» футбол клубы академиясының құрылысы басталады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»