Салық саясаты: Өзгерістен не күтеміз?

393

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Ұзақ уақыт бойы талқыға түскен салық заңнамасына Мемлекет басшысы шілде айында қол қойған болатын. Ол келер жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Құжат еліміздің салық жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған. Кодекстің басты ерекшеліктерінің бірі – сараланған салық ставкаларының енгізілуі. Бұл әдіс табыс деңгейіне қарай әділдік орнатуға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың ай­туын­ша, жаңа кодексте көп өзгеріс бар. Мәселен, жеке табыс салығының сараланған став­калары бұрынғыға қарағанда тиімді. Сонымен қатар кә­сіпкер­лерге де қолайлы бол­мақ. Бұрын жеті арнайы салық режимі болса, қазір қысқарып үшеуге түскен. Іскер аза­мат­тарға таңдау мүмкіндігі бе­рілуде. Бұл өз-өзін жұмыспен қам­ту­шылар үшін де пайдалы. Бұрын оларға та­бысын растай алмағандықтан салық төлеу қиын болатын. Енді арнайы жүйе бойынша табысының 4 пайызын төлесе болғаны. Ал жеке кәсіпкер ретінде тір­келудің қажеті жоқ. Осы­лайша заңды жұмыс істеп, зейнет­ақы мен әлеуметтік сақтандыру ала алады.

Ал мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік салықтық шегерімдердің мөлшері өсті. Мүгедектігі бар адам­дарға оның  мөлшері 882 ΑΕΚ көле­мін­де болса, енді 5000 ΑΕΚ көлеміне дейін ұлғайтылып отыр.

Салық кодексіндегі өзгерістер мен жаңалықтар туралы облыстық кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Елемановтан сұраған едік.

– Енгізілген өзгерістер бойынша 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 пайыз деңгейінде белгіленеді. Медицина саласы үшін айналымға және им­портқа келер жылдан бастап 5 па­йыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз төмендетілген салық салынады. Жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкала енгізілді. Жылдық табысы 35 миллион теңгеге дейінгі азамат­тар 10 пайыз, одан жоғары табыс ие­лері 15 пайыз мөлшерінде салық тө­лейді. Дивиденттер мен кәсіп­кер­лер табысына да осындай сара­лан­ған ставкалар қолданылмақ. Соны­мен қатар, әлеуметтік салықтың мөлшер­лемесі 6 пайыз көлемінде белгіленді. Алкоголь өнімдері мен темекіге са­лынатын акциз мөлшерлемелері жыл сайын 10 пайызға өсіп отырады. Та­ғы бір айта кететін жайт, мүлік пен жер салығы бойынша төлемдер есе­бі қысқартылады, салық тек жыл қо­рытындысы бойынша төле­неді. Пай­даланылмайтын ауыл шаруа­шылығы жерлеріне салық көлемі қырық есе­ге ұлғайтылады. Бұл қадам жерді пай­далануға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Жаңа салық кодексіне сараланған ставкалар енгізіліп, қосымша құн са­лығы реформаланған. Сондай-ақ «Сән-салтанат салығы» мен арнайы ре­жимдер енді. Жеңілдікті алудың ашық әрі нақты ережесі бекітілді.

Тағы бір маңызды тұсы – цифр­ландыру. Салық органдары сервистік модельге көшіп, кәсіпкерлер үшін қызмет көрсету сапасын арттырады. Салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқартылды. Бұл бизнес пен азаматтар үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ.

Мүліктің әрбір түрі бойынша же­ке баптар қарастырылған. Айта­лық, бағалы қағаздарды сату кезін­де теріс және оң өсімді сальдо жасала­ды. Тұрғын үйлерді, саяжай құры­лыс­­тарын, гараждарды, тұрақ орын­дарын, қоймаларды, жеке қосалқы ша­руа­шылық нысандарын сату ке­зінде құн өсімінен түсетін табысты ай­қындау кезеңі 2 жылға дейін ұл­ғайтылды. Бұрын қандайда бір мүлік сатып алынып, 1 жыл көлемінде қайта сату кезінде оң өсім болған жағдайда 10 пайыз төленетін. Енді сол уақыт 2 жылға ұзартылуда, яғни 2 жыл көлеміндегі сатып алу, сату бақыланатын болады. 

Жаңа Салық кодексіндегі басты өзгерістердің бірі – банктік шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту. Бұған дейін кәсіпкердің салық берешегі 6 айлық есептік көрсеткіштен асса, барлық банк шоты бұғатталатын. Енді бұл шектеу жеңілдетіліп, 20 ай­лық есептік көрсеткішке дейін ұлғай­тылды.

Егер салық қарызы болса, бұрынғы кодексте кешірек төлеуге мүмкіншілік болған. Бірақ ол үшін кепіл  мен со­ма көрсету керек еді. Енді кепілсіз тө­леуге мүмкіндік берілуде. 

Жеңілдетілген салық бизнестің 300-ден астам түріне қолданылады.  Олардың қатарында 2 мың шаршы метрге дейінгі сауда орындарындағы бөлшек сауда, дәріханалар, қоғамдық тамақтану нысандары, қонақүйлер, тұрғын үй мен көлікті жалға беру, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, жолаушылар тасымалы, балабақшалар, үйірмелер, медициналық және әлеуметтік қыз­меттер. Алдын ала есеп бойынша, бар­лық салық төлеушілердің шамамен 70%-ы осы жеңілдетілген режимді пай­даланады. Демек, тұрғындарға қыз­мет көрсететін шағын бизнеске же­ңілдік сақталады, ал ірі бизнес жал­пы тәртіпке көшеді.

Келер жылдан бастап кәсіпкерлер мүлдем жаңа жағдайларда жұмыс іс­тей бастайды. Негізгі өзгерістер кор­поративтік табыс салығына қатысты. Базалық мөлшерлеме 20 пайыз дең­гейінде сақталады.

Банктік сектор мен ойын биз­несі үшін мөлшерлеме 25%-ға дейін, ал лизингпен айналысатын компа­ния­лар үшін 10% болады. Білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруа­шылығы салалары үшін жеңілдетілген мөлшерлемелер енгізіледі. Ол 5 жә­не 10 пайыз аралығында болады. Сондай-ақ қосылған құн салығы да өзгереді. Келесі жылдан бастап оның мөлшерлемесі 16 пайызды құрайды.

Жалақыға қатысты да жағымды жаңалық бар. Мәселен, қарапайым қыз­меткердің жалақысынан базалық салықтық шегерім 14 АЕК-тің орнына 30 АЕК мөлшерінде белгіленді. Мы­са­лы, 200 000 теңге жалақы алатын болсаңыз, 14 АЕК шегерімі мен әлеу­меттік аударымдарды есепке алғанда төленетін сома 163 900 теңге. Ал 30 АЕК шегерімі қолданылғанда төле­нетін сома 170 200 теңге болады. Де­мек қарапайым қызметкерлердің жал­ақысы аздап ұлғаяды.

Арнайы салық режимдерінің жү­йесі оңтайландырылып, бизнесте бө­ліну тәуекелдері азаяды және са­лық тексерулерін жүргізуге жаңа тәсіл­дер енгізіледі. Сондай-ақ энергети­ка­лық сусындарға акциз салығы ен­гі­зі­ліп, люкс тауарларға, яғни қымбат көлік­терге, яхталар және жылжы­майтын мүлікке қосымша салықтар салынады.

Тегін медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлемі мен мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру аясындағы қызметтер, Үкімет айқын­дайтын тізбе бойынша әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, сондай-ақ баспа түріндегі кітап шығару, архео­логиялық жұмыс жүргізу қызметтері қосымша құн салығынан босатылады.

Мерзімді баспа басылымдарды өт­кізу бойынша 10 пайыз деңгейінде төмендетілген қосымша құн салығы мөлшерлемесі белгіленеді. Ол бойын­ша міндетті есепке қою үшін айна­лымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (40 миллион теңге) төмендетіледі.

Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан төленетін зейнетақы төлем­дері жеке табыс салығынан босаты­лады. Пайдаланылу мерзімі 10 жыл­дан жоғары автомобильдер үшін кө­лік құралы салығы төмендетілмек. Арнаулы салық режимдері оңтайлан­дырылды. Енді олар үш жағдайда қол­данылады, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған деклара­ция негізінде және шаруа қожалықтары үшін. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлемдерді мобильдік қосымша ар­қылы есептеп, төлей алады.

Департамент басшысы орынбаса­рының айтуынша, енгізілген жаңа­лықтар салық жүйесін оңтайлан­ды­руға, әлеуметтік салаға қолдау көрсе­туге және экономиканың ашық­тығына бағытталған. Сонымен қатар әділ салық салу жүйесін қалып­тасты­руға және инвестициялық ахуалды жақ­сартуға бағытталған кешенді құ­жат ретінде қабылданып отыр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»