Кейінгі жылдары Салық кодексін жетілдіру бағытында бірқатар маңызды өзгеріс енгізіліп келеді. Ондағы мақсат – салық жүйесін әділ ету, көлеңкелі экономиканы азайту және азаматтардың нақты табысын арттыру. Әсіресе жалақыға салынатын салықтар мен әлеуметтік төлемдерге қатысты жаңашылдықтар қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болғандай. Расын айту керек, бір айлыққа қарап отырғандар үшін бұл жақсы жаңалық болды.
Жалақыдан ұсталатын салық қалай жеңілдеді? Бұл туралы біз облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Асқар Елемановтан сұраған едік. Оның айтуынша, жалақы есептегенде белгілі бір мөлшерде салық салынбайтын сома қарастырылады, яғни айлықтың бір бөлігіне салық салынбайды.
– Жаңа Салық кодексінде жалақыдан ұсталатын салық шегерімінің мөлшері едәуір ұлғайтылды. Салық шегерімі деген – салық салынатын базаны азайту. Соның арқасында жеке тұлғалардың кірістерінен ұсталатын табыс салығының (ЖТС) мөлшері азаяды. Бұл – өзінше бір жеңілдік немесе мемлекеттен көрсетілетін қолдаудың бір түрі, ол салықты аз төлеуге және сәйкесінше көбірек кіріс алуға мүмкіндік береді. Егер бұған дейін салық шегерімі 14 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) болса, биылдан бастап ол 30 АЕК-ке дейін өсті.
Жаңа Салық кодексі қолданысқа енгенге дейінгі ескі Салық кодексінде, яғни өткен жылы көпбалалы аналарға, ипотекалық сыйақыларға, оқуға қатысты және мүгедектігі бар азаматтарға жеңілдік қарастырылған болатын. Жеңілдіктердің арқасында жалақыдан ұсталатын салық азайып, қызметкердің қолына тиетін қаражат көбейеді. Дегенмен, аталған жеңілдіктер алу бойынша белгіленген тәртіпке сәйкес құжаттар жинақталуы керек және тиісті салық декларациясында шегерімге жатқызылған сома көрсетілуі керек. Ал енді мұның жұмыс берушілерге қандай пайдасы бар дегенге келер болсақ, Салық кодексіндегі өзгерістер тек жұмысшыға емес, жұмыс берушіге де қатысты болады.
– Шағын кәсіпкерлер үшін кейбір әлеуметтік төлемдер жеңілдетіліп, арнайы салық режимдері сақталған. Ресми жалақы төленсе, қызметкердің зейнетақысы жиналады, әлеуметтік төлемдер уақытында беріледі,медициналық сақтандыру толық жүреді. Неге мемлекет жалақыны ашық төлеуді талап етеді? Себебі ресми көрсетілген жалақы – адамның болашағы. Егер айлық аз немесе мүлде көрсетілмесе, кейін зейнетақы да, медициналық сақтандыруға қатысты төлемдер де төмен болады. Сондықтан мемлекет салықты азайта отырып, жалақыны заңды түрде төлеуге ынталандырып отыр, – дейді Асқар Сейдекәрімұлы.
Иә, мемлекет тарапынан жалақыны ресми түрде көрсетуге ынталандыру күшейтілді. Өйткені ресми жалақы – болашақ зейнетақының, әлеуметтік төлемдердің және медициналық сақтандырудың негізі. Салық кодексіндегі өзгерістердің тағы бір маңызды қыры – әлеуметтік әділдік қағидатын арттыру дейді мамандар. Жоғары табыс табатын азаматтар мен төмен жалақы алатын қызметкерлерге бірдей талап қоюдан бас тартып, табыс деңгейіне қарай салық салу тетіктерін жетілдіру көзделуде. Бұл халықтың нақты табысын сақтауға және инфляциялық қысымды азайтуға бағытталған.
Жалпы алғанда, Салық кодексіндегі соңғы өзгерістер жалақыға түсетін салық жүктемесін біртіндеп жеңілдетуге, бизнесті қолдауға және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта бұл реформалар еңбек нарығының ашықтығын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп күтілуде.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары кәсіпкерлер қай жағдайда салық режимін өз бетінше таңдауы қажет екенін және қай кезде көшу автоматты түрде жүзеге асырылатыны туралы ашық есік күнін өткізіп, қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып жатыр. Халықтың қаржылық және салықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Халық бухгалтері» акциясы да тұрақты жүргізілуде. Онда қатысушыларға бухгалтерлік және салықтық есептілікті дайындау, тапсыру мәселелері бойынша кеңес беріледі. Акция аптасына үш рет ұйымдастырылады.
Жыл басынан күшіне енген жаңа кодексте арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылды. Олар – оңайлатылған декларация негізіндегі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған, шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнайы салық режимі. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануды жоспарлаған кәсіпкерлер 1 наурызға дейін қолданылатын салық режимін таңдау туралы хабарлама ұсынуы тиіс. Мерзімінде хабарлама берілмеген жағдайда салық төлеуші жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне автоматты түрде ауыстырылады. Хабарламаны бірнеше тәсілмен беруге болады. ИС ИСНА жүйесіндегі салық төлеушінің жеке кабинеті, e Salyq Business мобильді қосымшасы орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде, банктердің мобильді қосымшалары арқылы, қазіргі таңда бұл сервис Kaspi Bank қосымшасында мемлекеттік қызметтер бөлімінде қолжетімді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге келер болсақ, 1 наурыздан бастап салық органдары 2025 жылы патент негізіндегі арнайы салық режимін немесе арнайы мобильді қосымша арқылы қолданылған режимді пайдаланған жеке кәсіпкерлерді автоматты түрде есептен шығарады. Сонымен қатар, салық төлеушілер есептен шығу туралы өтінішті өз еркімен беру құқығын сақтайды. Егер кәсіпкер басқа салық режимін таңдағаны туралы хабарлама тапсырған болса, автоматты түрде есептен шығару жүргізілмейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы режимді қолданудың басталу күні e Salyq Business мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні болып саналады.
Шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнайы салық режиміне көшу де 1 наурызға дейін салық органдары тарапынан автоматты түрде жүзеге асырылады. Алайда салық төлеушіден қосымша хабарлама беруді талап етпейді.
Жаңа кодекстегі басты өзгерістердің бірі – банктік шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту. Бұған дейін кәсіпкердің салық берешегі 6 айлық есептік көрсеткіштен асса, барлық банк шоты бұғатталатын. Енді бұл шектеу жеңілдетіліп, 20 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.
Егер салық қарызы болса, бұрынғы кодексте кешірек төлеуге мүмкіншілік болған. Бірақ ол үшін кепіл мен сома көрсету керек еді. Енді кепілсіз төлеуге мүмкіндік берілуде.
Банктік сектор мен ойын бизнесі үшін мөлшерлеме 25%-ға дейін, ал лизингпен айналысатын компаниялар үшін 10% болады. Білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салалары үшін жеңілдетілген мөлшерлемелер енгізілді. Ол 5 және 10 пайыз аралығында болады. Сондай-ақ қосылған құн салығы да өзгерді.
Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, енгізілген жаңалықтар салық жүйесін оңтайландыруға, әлеуметтік салаға қолдау көрсетуге және экономиканың ашықтығына бағытталған. Сонымен қатар әділ салық салу жүйесін қалыптастыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған кешенді құжат ретінде қабылданып отыр.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






