Сан қырлы серіктестіктің болашағы зор

168

0

Фото: Ақорда

Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Конго Демократиялық Республикасының Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феликс Чисекеди бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Содан соң Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына өтті.

Қазақстан Президенті Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Феликс Чисекедиге алғыс айтты.

– Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп жатсыз. Шын мәнінде, мұны тарихи сапар деуге болады. Сапарыңыз өте маңызды. Бұл қадам Қазақстан мен Конго арасындағы қарым-қатынасты дамытуға тың серпін береді. Еліңіз – адами және табиғи ресурсқа бай мемлекет. Халық саны 110 миллионнан астам ел. Сондай-ақ Конгоның халықаралық және аймақтық деңгейдегі рөлі артып келе жатыр. Осы орайда бүгінгі келіссөздер Орталық Азия және Африка арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді деп сенеміз. Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттың бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Конго Демократиялық Республикасының Президенті бүгінгі келіссөздер нәтижесінде екі елдің байланысы нығая түсетініне сенімді екенін жеткізді.

– Маған және делегациямызға көрсеткен қонақжайлық ниетіңіз үшін Сізге, сондай-ақ Қазақстан халқына алғыс айтамын. Мен екі ел, жалпы алғанда, Африка аймағы мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында сапармен келдім. Әрине, біздің мемлекеттеріміз бір-бірінен алыста орналасқан. Дегенмен осындай сапарлар бізді жақындастырып, бір-бірімізді жіті тануға мүмкіндік береді. Сіздің еліңізбен ERG компаниясы арқылы тығыз жұмыс істейміз. Аталған кәсіпорын тау-кен өнеркәсібі саласында белсенді қызмет етеді. Бірақ ықпалдастықты арттырып, тәжірибе алмасатын басқа да көптеген бағыт бар деп ойлаймын, – деді Феликс Чисекеди.

Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феликс Чисекеди келіссөзді екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды.

Мемлекет басшысы Конго Демократиялық Республикасы Президентінің елімізге алғашқы сапарын тарихи сәт ретінде атап өтіп, оның Астанаға үлкен делегациямен келуін қазақ халқына көрсеткен зор құрмет деп бағалады.

– Дипломатиялық қатынастардың орнаға­нына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қара­мастан өзара сенім мен достыққа негіз­делген ынтымақтастық дамып келеді. Бү­гінгі келіссөздер Астана мен Киншаса ара­сындағы байланысты жаңа белеске көтереді, тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік береді. Конго Демократиялық Республикасы – Қазақстанның Африкадағы маңызды серік­тесі. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінгі уағдалас­тықтар мен қол қойылған құжаттар өзара тиімді ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар серіктестіктің қарқынын өз деңгейінде сақтау үшін екі елдің сыртқы саясат ведомстволары ара­сындағы тұрақты әрі іскерлік байланысты жандандыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, сауда-экономикалық ынты­мақтастық екіжақты күн тәр­тібінің басым бағыты болуы керек. Президент Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының табиғи ресурстарға бай әрі экономикалық мүмкіндігі мол екеніне назар аударып, екі ел өзара тиімді жобаларды іске асыруда сенімді серіктес бола алатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы аса маңызды шикізат материалдары саласындағы КДР-дың әлеуетіне жоғары баға беріп, бұл елдің бірегей табиғи ресурстары жаһандық жеткізу тіз­бегінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Әлемдегі кобальт өнді­рісінің 76 пайызы, мыстың 14 па­йызы, қалайының 8,3 пайызы, та­н­талдың 42 пайызы, колтанның 40 пайызы Конго Демократиялық Рес­публикасына тиесілі. Сонымен қатар жоғары технологиялық сала­ларға қажетті басқа да стратегиялық минералдардың мол қоры бар.

Президент Конго басшылығының қолдауымен қазақстандық ERG компаниясы аталған елде табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.

Феликс Чисекеди Конгоның өзара ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

– Біздің мемлекеттеріміз гео­графиялық тұрғыдан бір-бірінен алшақ орналасса да, халықтарымызды егемендік пен территориялық тұтас­тықты құрметтеу, диалог арқылы бейбітшілікке үндеу секілді ортақ құндылықтар біріктіреді. Конго Де­мо­кратиялық Республикасы ха­лық­аралық қоғамдастықтың, соның ішінде Қазақстанның ең қиын сәт­терде көрсеткен қолдауын еш­қашан ұмытпайды. Қазақстан БҰҰ ая­сындағы белсенді ұстанымымен Конго халқына жанашыр екенін дәлелдеді. Сондықтан Сізге шынайы ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіз, – деді КДР Президенті.

Феликс Чисекедидің айтуынша, Қазақстан ядролық қарудан бас тарту және бейбітшілікті сақтау үшін дәйекті диалогті ілгерілету ар­қылы қауіпсіздік пен дамудың өте маңызды екенін көрсетті. Бұл – әлем жұртшылығына үлгі.

Келіссөз барысында екіжақты сауданы дамыту, көлік-логистика, тау-кен, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар, цифр­ландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне баса мән берілді.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Конго Демократиялық Респуб­лика­сының Президенті Феликс Чисекеди Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Бұдан бөлек дипломатиялық кон­суль­тацияға, тау-кен және гео­логия саласындағы ынтымақ­тас­тыққа қатысты ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс Чисекедиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Президент бүгін екі ел жылна­ма­сындағы тарихи күн екенін атап өтті.

– Қазақстан Республикасы мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы қарым-қатынастар тың қарқын алуда. Ең алдымен, Прези­дент Феликс Чисекеди мырзаны Қазақстанда алғашқы мемлекеттік сапармен қарсы алу – біз үшін үлкен құрмет. Конго Демократиялық Рес­пуб­ликасы – Қазақстанның Афри­ка құрлығындағы маңызды әрі се­нім­ді серіктесі. Екі ел арасындағы бай­ланыстар берік достық пен өзара құрметке негізделген. Қазақ­стан Кон­го Демократиялық Респуб­­ли­касы­мен түрлі саладағы ынты­мақтастықты нығайтуға мүдделі. Ық­пал­дастықты ерекше серпін­мен те­реңдету үшін барлық мүм­кіндік бар. Жоғары деңгейдегі саяси ние­тіміз – ортақ, сауда-эко­но­микалық әлеуетіміз – мол, мә­дени-гуманитарлық саладағы мақ­­сат-міндеттеріміз бір. Бүгінгі ке­­ліс­­сөз қорытындылары – осының ай­қын дәлелі. Біз өзара қолдау мен тү­сіністік рухында екіжақты қаты­настарды жаңа деңгейге көтеруге уағдаластық. Екі елдің мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Халықаралық сахнадағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға келістік. Жаһандық қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде күш-жігерімізді жұмылдыруға ниет білдірдік. Жалпы, Астана мен Киншаса арасындағы сан қырлы серіктестіктің әлеуеті мол, болашағы зор деп айтуға толық негіз бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс Чисекедидің осы игі іске қосып отырған тарихи үлесіне жоғары баға берді. Сондай-ақ оны халқының қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастаған нағыз көшбасшы деп білетінін мәлімдеді.

–  Конго Демократиялық Респуб­ли­касы айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, халықаралық сахнада беделін нығайтуда. Еліңіздің эконо­микасы өсіп келе жатыр. Сіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар табысты жүзеге асуда. Бұл жетістік – Сіздің арқаңыз. Сіздің басшылығыңызбен еліңіз бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін. Осы мақсат-мұраттарға жету жолында Қазақстан еліңізді қолдауға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының ынтымағын арттыруға, елдеріміз арасындағы достықты бекемдеуге, халықаралық және аймақтық қауіп­сіздік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Феликс Чисекедиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын айтты.

– Бұл – қазақ елінің Сізге деген ерекше құрметі және шынайы ризашылығы, халқыңызға көрсеткен ыстық ықыласы. Сіз Африка елдерінің жоғары басшылары арасындағы осындай құрметті марапат алған тұңғыш саясаткер болдыңыз, – деді Президент.

Конго Демократиялық Республи­касының Президенті марапатқа лайық көргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, жемісті ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

– Халықтарымыз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерімді саламын. Өз елім­нің, сондай-ақ тұтас Африка құрлығының мүддесіне сай келетін ықпалдастықтың жаңа бағыттарын іздеп, оны одан әрі дамытуға ұмтыламыз. Орталық Азия өңірі әзірге Африкаға аса таныс емес. Сондықтан бүгінгі және болашақтағы ынтымақтастығымыз қос құрлық арасындағы байланыстар тарихында маңызды кезең болатынына сенім­дімін, – деді Феликс Чисекеди.