Сапа мен мерзім – басты талап

307

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте құрылысы салынатын нысандардағы дайындық мәселесі талқыланды. Аймақ басшысы әлеуметтік нысандардың құрылысын сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтау өте маңызды екенін ескертті.

– Соңғы жылдары аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналып, республика бойынша алдыңғы қатарға тұрақтадық. Биыл 139 нысан салуға 100,1 млрд теңге бөлінді. Қаражат жыл аяғына дейін едәуір көбейетін болады. Құрылысшылар, кемшіліктерге жол бермей, асқан жауапкершілік танытуларыңыз қажет деп есептеймін. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары облыс аумағындағы барлық құрылыс нысандарын тұрақты бақылауға алыңыздар, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында жоспарланған және құрылысы басталған нысандар бойынша атқарылған жұмыстар қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Қала, аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшылары баяндама жасады. Талқылаудан соң облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына Арал және Қазалы аудандарындағы «Руханият орталықтарының» құрылысын 1 сәуірге дейін, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынатын 11 дәрігерлік нысанның құрылысын 15 мамырға дейін бастау тапсырылды. Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары әкімдері спорт кешендері құрылысын 30 сәуірге дейін толық аяқтауды ұйымдастыруы керек. Облыстық бақылау жөніндегі басқармасы құрылыс сапасына қатаң бақылау орнатып, кемшіліктердің алдын алуға жауапты болмақ.

Мәжіліс соңында облыс әкімі барлық жауапты сала басшыларына нысандардың құжатын әзірлеуден бастап, салалық нормативтерге сәйкестігін алдын ала бақылау қажеттігін қатаң ескертті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<