Сауда саясаты: Экспорт һәм импорт

253

0

Фото: Ашық дереккөз

Былтыр Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 141,4 млрд АҚШ доллары болды. Ал осы жылдың қаңтар-тамыз айындағы көрсеткіш 90,2 млрд АҚШ долларын көрсетті. Жыл соңына дейін бұл цифр өзгеретіні анық. Жалпы Сауда және интеграция министрлігі өз алдына жеке шаңырақ болғалы елдің сыртқы экономикалық қызметін дамыту, оның ішінде шикізаттық емес экспортты қолдау және сауда қызметін жақсартуды бірінші орынға қойғандай.

АЛДЫҢҒЫ ОРЫНДА – ҚЫТАЙ

Сырт елдермен тауар айналымында белсенді болуға тырысқан министрлік саладағы өз көрсеткішін арттырып отырғаны рас. Бір ғана мысал, 2019 жылы тауар айналымы 97,8 млрд АҚШ долларын құраса, 2022 жылы 135,5 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл жерде энергия ресурстарының бағасы­ның өсуі мен жаңа аймақтарға экспорттың кеңеюі есебінен сауда көлемінің рекордтық артуы да көп өсім көрсеткені рас. Ал 2023 жылы 139,8 млрд, өткен жылы 141,1 млрд АҚШ долларын құрап отыр.

Жалпы министрлік алдымен экс­порттың әр тараптан болуына және сыртқы сауда құрылымындағы ши­кі­­заттық емес тауарлардың үлесін арттыруға күш салып ке­леді. Екіншіден, Қазақстан сауда қатынасында Ресей, Түркия, Қытай, АҚШ, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония және Орталық Азия елдерімен тұрақты серіктестік орнатып отыр. Мұның ішінде Ресеймен тауар айналымы елдің сыртқы экономикалық қызметінде маңызды орын алады. Ресейден бөлек, осы салада тауар айналымы тұрақты өсу динамикасын көрсеткен елдің бірі – көрші Қытай. Былтыр қос ел арасында сауда айналымы 30,1 млрд АҚШ доллары болды.

Қытайға экспортталатын негізгі тауарлар қатарында мыс, мұнай, уран, табиғи газ бар. Ал импортталатын негізгі тауарлар – телефон ап­парат­тары, автокөліктер, есептеу ма­шиналары, көлік корпустары, жол және құрылыс техникасы, т.б.

– Қазақстанның сыртқы саудада­ғы ең үлкен әріптесі – Қытай. Әрине, Ресеймен де тұрақты байланыс бар, бірақ олар кейінгі жағдайға қатысты көп санкцияға іліккен соң біздің шикізат не өнімге сұранысы азайды. Себебі Ресей екі-үш жылда өз өндірі­сін қорғаныс саласына қарай бұрып, бейбіт өмірге қажетті тауарларды шектеді. Әзірге сауда байланысында екінші орында Ресей тұр. Ал Қытайға экспорттау жағына келсек, шикізатпен қоса, тамақ өнімдері кетеді. Импорт жағында техникалық жабдықтар келеді. Ресейге көмір мен металл жіберсек, ол жақтан көп дайын өнімдер мен қондырғылар алынады. Сондай-ақ Орталық Азия және Түркиямен де сауда саясатында тығыз қатынастамыз десек болады, – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев.

Сарапшының айтуынша, бес-алты жыл бұрын Орталық Азия ел­дерімен сауда айналымы 5 млрд доллар айналасында болса, бүгін­де ол көрсеткіш 7-8 млрд долларға артқан. Ал министрлік дерегі көр­сеткендей, Орталық Азия мемле­кет­теріне экспортталатын негізгі тауарлар қатарында бидай ұны, күн­бағыс майы, алтын және өзге де металл түрлері бар. Аталған мемлекеттерден автомобильдер үшін корпустар, табиғи газ, қорғасын мен бағалы металдар рудалары мен концентраттары импортталады.

ҚАЗАҚСТАН – ЭКСПОРТТАУШЫ МЕМЛЕКЕТ

Қазақстандағы сыртқы сауда  сыртқы экономикалық байланыстың бір бөлігі болып саналады. Бүгінде аталған салада көрсеткіш жаман емес. Сарапшылар осылай дейді. Экономист С.Жобаев сонау 2000 жылдардан бері қарай біздегі шикізат бағасы өскенін айтады. Ал 2013-2014 жылдары сыртқы экспорт көлемі 80 млрд долларға артқаны тағы бар. Бұл сол кездегі 230 млрд долларлық жалпы ішкі өнімнің үштен бір бөлігі болатын. Сондықтан Қазақстанды экспортаушы мемлекет деп әбден атауға болады. Дұрысы, өзімізде өндірілген мұнай мен газ, уран, металл, көмір, бидай мен оның өнімдері, күнбағыс майы, ет және басқа өнімдерді экспорттап отырмыз.

– Екінші, саладағы транспорт, яғни логистика мәселесін айтсақ бо­лады. Мәселен, транспортты айтар бол­сақ, кезінде ашық теңізге шы­ға­­тын жолымыз болмаған соң 12 млрд доллар шамасында төлем жа­сап, өз тауарларымызды солай экс­порт­тап жүрдік. Ал біздің үлкен территориямыз арқылы өтетін басқа елдер бізге 6 млрд доллар ғана төлем жасады. Бұл шығын болатын. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы орталық көлік дәлізі, ТрансКаспий халықаралық маршруты ашылған соң бізге транспорттық қызметтен түсетін түсім 10 млрд долларға жақындап қалды. Бұл мәрені 12 млрд долларға жеткізсек, транспорттық құны мен тауарларын шекара арқылы сыртқа шығаратын жүктердің бізге төленетін төлем құны бірдей болатын еді. Ал мұндайда шығын болмайды, – дейді ол.

Мәжіліс депутаты Анас Бақ­қо­жаевтың сөзінше, тиісті қаржы­лық қолдау болмай, сыртқа өнім шығарушы кәсіпорындардың алға қадам басуы қиын. Үкімет осы­ған тереңірек кіру керек. Ынта­лан­дырудың бар механизмін іске қосқан жөн. Бұл жерде тиісті салаға жетекшілік ететін шенеуніктердің де батылдығы рөл ойнамақ.

– Расы сол, бізде бюджет тап­шы­лығы жоқ емес. Жаңа өндіріс көздерін ашу қарқыны төмен. Ал салықтық ба­заны ұлғайтуға, қазынаны тол­тыруға жаңа өндіріс керек. Жалпы Қазақстанның ішкі нарығы аз екені белгілі. Оның үстіне барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның көбісі ішкі нарыққа бағытталған. Алайда Үкіметтің сыртқы нарыққа, әсіресе ауыл шаруашылығындағы азық-түлік өнімдерін экспорттауға әлеуеті жеткілікті деп ойлаймын. Бірақ бұл үшін тағы қайталап айтамын, тиісті өнім өндіруші кәсіпорын санын арт­тыру керек. Қазір олар бізде бар болғанның өзінде де қуат­тылығы өте төмен, – дейді депутат.

Инвестиция демекші, Сапар­бай Жобаевтың айтуынша, Ор­талық Азияға тартылған 500 млрд доллар инвестицияның 80 па­йы­зы Қазақстанға келген. Бірақ бұл өте үлкен төлемдерге алып кел­мек. Өйткені әр жылдары шет мемлекеттерге 20-25 млрд доллар дивиденд төлейміз. Онсыз болмайды. Олар дивиденд алмаса, біздің елге мүлде инвестиция әкелмес те еді.

– Былтыр қараша-желтоқсан ай­ларында Қытайда тағылымдамадан өтіп келдік. Сонда байқағанымыз, онда­ғылар Қазақстанмен сауда байла­нысын нығайтуға өте мүдделі. Олар үлкен кәсіпорын ашып, біздің шикізатты пайдаға асыру арқылы өздеріне қажетті жеңіл өнеркәсіп немесе тамақ пен басқа өнімдерді көбейткісі келеді. Жалпы бізге түсетін қаражат Қытай мен Еуропа арасындағы 600 млрд долларлық сауданың біздің территория арқылы өтуінен болып отыр. Екіншіден, сыртқы сауда қатынасында мүдделі шет мемлекеттермен арадағы сауда айналымы үшін теміржол мен көлік, кеме қатынасы өте маңызды рөл атқарады, – дейді экономист.

СЫР ЕЛІНДЕГІ САУДА ЖАЙЫ

Ішкі нарықпен қатар, сыртқы сауда қатынасында экспорттың ар­туы сауда саласының дамуына сер­пін береді. Қызылорда облысы эко­но­микасының негізгі тірегі – ауыл шаруа­шылығынан бөлек, мұнай мен құрылыс материалдары, яғни өңір­дің экспорттық әлеуеті көбіне та­биғи ресурстар мен құрылыс ин­дустрия­сының өнімдеріне негізделген.

Атап айтсақ, мұнай және мұнай өнімдері өңірдің жалпы экспорт көлемінің 60%-ына (202,5 млн АҚШ доллар) жуықтайды. Аталған өнім Қытай еліне кетуде. Ал цемент, әк және гипс сияқты құрылыс ма­териал­дары (75,1 млн АҚШ доллары) Өзбекстан, Қырғызстан және Ре­сей­дің шекаралас аймақтарына экспортталады.

– Біздегі ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде күріш экспорты ТМД елдеріне тиесілі. Ең басым бөлігі Тәжікстан, Ресей, Украина, Әзербайжан мемлекеттеріне жіберілді. Ал мұздатылған балық Қырғызстан, Ресей және әлемнің басқа да елдеріне, атап айтсақ, Қытай, Грузияға бағытталған. Жалпы алғанда Қызылорда облысының экспорт көлемі жыл басынан бері шамамен 321,5 млн АҚШ долларын құрады, – дейді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова.

Ал өңірге қандай тауарлар импортталуда? Салалық басқарма берген мәліметке сенсек, мұндағы көрсеткіш жыл басынан бері шамамен 160,4 млн АҚШ долларына жеткен.

– Импорттың басым бөлігі Ресей, Қытай, Түркия және тағы басқа елдерден жеткізіледі. Негізгі облысқа әкелінетін импорттық тауарға өн­дірістік техника мен машиналар, химиялық реагенттер, мұнай-газ өн­­дірісіне, құрылысқа арналған ма­териалдар мен арнайы жабдықтар, мал және өсімдік өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары жатады. Бұдан басқа, аяқкиім, тоқыма бұйымдары әкелінеді, – дейді салалық басқар­маның бас маманы Берік Палуан.

Бүгінде облыста сауда инфра­құрылымын жаңарту, заманауи фор­матта қызмет көрсету ісін алға жыл­жытуда қарқынды жұмыс бар. Сауда айналымының өсуіне тұтынушылық сұраныс артып келеді. Жыл басынан бері сауда айналымының нақты өсімі 106,5%-ды құраған. Оның ішінде бөлшек сауда айналымы 102, көтерме сауда айналымы 114, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу 104 пайызға артқан. Өңірде кәсіпорындардың, оның ішінде табақша шыны, цемент, күкірт қышқылы, темір-бетон, күріш, ас тұзы, балық өнімдерін өткізу арқылы жалпы сауда айналымының көлемі артып отыр.

Сондай-ақ биыл аймақтағы сауда саласында 10,8 млрд теңгені құ­рай­тын 28 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 4,3 млрд теңгені құрайтын 12 сауда нысаны іске қосылып, 174 жұмыс орны ашылған.

Қорыта, айтсақ, сауда – эконо­миканың маңызды саласы. Аталған сала мемлекет бюджетіне түсетін салық­тың көп бөлігін қамтиды. Әрі жұмыссыздыққа тосқауыл қою­да өте маңызды рөлге ие. Ресми мәліметтерде елдегі сауда саласында 1,5 миллионнан аса адам қызмет етеді. Сондай-ақ 80 мыңға жуық сау­да нысаны бар. Мұның ішінде 700-ден астамы – түрлі сауда ба­зары. Расымен де өмір сүру дағ­дымызды дүкен не басқа да сауда орын­дарынсыз елестету тым қиын. Адамзаттың түрлі қажеттілігін өтей­тін нысандардың маңызы ерекше екені айтпаса да түсінікті.

 Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»