Серіктестіктің жаңа серпіні

230

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары Мемлекеттік хатшы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен, сондай-ақ АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен кездесуден басталды.

Басқосуға қатысушылар екіжақты және өңірлік күн тәртібінің басты аспектілері жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп пен бизнесті қолдауға септігін тигізетін экономикалық ықпалдастық арқылы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға орайлы мүмкіндік туғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, еліміз АҚШ-пен түрлі деңгейде белсенді саяси байланыс орнатқан әрі сан қырлы ынтымақтастықты тереңдету бойынша конструктивті диалог жүргізуге дайын.

***

Президент Вашингтонға сапары аясында халықаралық нарыққа шық­қан отандық ІТ стартаптардың негізін қалаушылармен кездесті. Онда Мемлекет басшысына еліміздің алғаш­қы «сыңармүйіз» стартапы – Higgsfield AI жасанды интеллектіге негіз­делген кинематографиялық сапалы бейнені генерациялауға арналған платформасы, Deep Infra – машиналық оқыту модель­дерін орналастыруға және іске қосуға арналған қызмет, Valinor – биотехноло­гия саласындағы стартап, ARC Drones – автономды дрондарды әзірлеуші, сондай-ақ басқа да перспективті жобалар таныс­тырылды. Сондай-ақ Silkroad Innovations технология хабының қызметі туралы ақпарат берілді. Ол Кремний алқабында Орталық Азия елдерінің талантты жастары мен стартаптарына қолдау көрсетеді.

Кездесуге жалпы құны 1,4 мил­лиард долларды құрайтын 20-дан аса стартап өкілі қатысты. Бұл ұлттық ІТ эко­жүйесінің инновациялық әлеуетін танытады.

Мемлекет басшысы жоғары тех­нология саласындағы отандық компа­ния­­­лардың жетістіктерін жо­ғары баға­лап, алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөнін­дегі стратегиялық міндеттің маңызын атап өтті.

– Президент ретінде баршаңызды қолдаймын. Жұмыстарыңыз еліміздің болашағы үшін өте қажет. Цифр­ландыру мен HighTech мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі сана­лады. Мен бұл туралы Жолдауымда айттым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

Мемлекет басшысы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелері Джимми Панеттамен, Кэрол Мил­лермен, Билл Хайзенгамен және Сидни Камлагер-Давпен кездесті.

Президент АҚШ Конгресі Қазақстанмен достық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, парламент мүшелеріне екі ел арасындағы кеңейтілген страте­гиялық серіктестікті ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конгрестегі Джимми Панетта басқаратын «АҚШ – Қазақстан» достық тобы (кокус) қос халық арасындағы саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық кооперация мен байланыстар аясын кеңейтуге ықпал етіп отырғанына назар аударды.

АҚШ – Қазақстанның ең ірі эко­номикалық серіктестерінің бірі. Құрама Штаттар еліміздің эконо­ми­касына 100 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұл – Орталық Азияға бағыттал­ған жалпы инвестиция көлемінің 80 пайызы. Сонымен қатар Президент кон­грес­смендерге елімізде жүргізіліп жат­қан жан-жақты саяси және экономикалық жаңғырулар жөнінде әңгімеледі.

Конгресс мүшелері Қазақстанның әлеуетіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы сан қырлы байла­ныс­тардың дамуына қолдау көрсе­тетіндерін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Америка парла­ментінің өкілдерін екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстанға сапарлап келуге шақырды.

***

Қазақстан Президенті Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдау барысында Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы мұнай мен газды игеру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға Chevron кор­пора­циясының қосқан үлесіне жоғары баға берді. Сондай-ақ Қазақстан тарапының шикі­затты өндіру, өңдеу және тасымалдау салаларындағы өзара тиімді ынтымақ­тастықты жалғас­тыруға дайын екенін растады.

***

Мемлекет басшысы сонымен қатар америкалық сенатор Стив Дэйнсті қабылдауда қазақ-америка қатынас­тарын нығайтуға парламенттік дипло­матияның қосқан үлесі талқыланды.

Президент АҚШ сенаторының Қа­зақстанға шынайы тілектес екенін атап өтіп, Республика күніне орай Конгрестің ресми мәлімдеме жасағаны үшін ризашылық білдірді. Бұл – елдеріміз арасындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктестіктің дәлелі.

Кездесу соңында Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы  байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін сенаторды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

***

Қазақстан Президенті John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен де кездесті. Бұл ретте Президент John Deere компаниясымен серіктестікті саланы дамытуға ортақ ұмтылысты көрсететін өндірістік коо­пера­цияның табысты үлгісі деп атады.

Мемлекет басшысы John Deere компаниясының Қазақстанның «Агро­маш» зауытымен серіктестік орната отырып, агроөнеркәсіп кешеніне ар­налған техника өндірісінің локали­зациясы туралы қабылдаған шешімін қолдады. Бұл ынтымақтастық қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр.

Өндіріс іске қосылған биылғы мамыр айынан бері 290 бірліктен астам техника құрастырылған. Жыл соңына дейін тағы 100 техника шығарылады деп жоспарлануда.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында жалпы құны 2,5 миллиард долларға бағаланған Стратегиялық серік­тестік туралы келісімге қол қойыл­ғанын құптады. Құжат бойынша «АгромашХолдинг KZ» АҚ 5 жыл ішінде кем дегенде 3 мың John Deere ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруді, кемінде 3 сервис орталығын ашуды, сондай-ақ мамандарды оқыту жүйесін дамытуды қарастырады.

***

Мемлекет басшысы АҚШ-қа сапары барысында The Washington Post және The New York Times секілді америкалық танымал басылымдарға сұхбат берді.

Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастыққа, Амери­каға сапарының мәні мен маңыз­ына, Дональд Трамп жүргізіп отырған саясатқа, әлемдегі геосаяси жағдайға, Украина төңірегіндегі ахуалға және басқа да мәселелерге қатысты ойымен бөлісті.

***

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізді.

Ақ үйдегі кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық деле­гацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне риза­шылық білдірді. Сондай-ақ Дональд Трамптың пре­зиденттік лауазымының тарихи сипа­тына тоқталып, оның басшы­лы­ғымен АҚШ әлемнің жетекші эконо­микалық, саяси және техно­логиялық державасы ретіндегі пози­ция­сын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан Президентінің айтуын­ша, Америка көшбасшысы жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ Президентінің бітім­герлік бастамаларын толық қолдай­тынын жеткізді. Соның ішінде келе­шекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды.

Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақ­станмен көпжоспарлы кеңейтіл­ген стратегиялық серіктестікті дамы­туға ниетті екенін растады.

Сапар аясында Қазақстан мен Құрама Штаттары арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммер­циялық келісімдерге қол қойылды.

Әңгімелесу барысында екіжақты ықпалдастықтың кең көлемдегі мәсе­лелері жан-жақты талқыланды, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттары нақтыланды. Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

***

Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды.

Мемлекет басшысы Президент Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды. Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жар­ғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады. Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипло­матияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастама­ны қолдауға үндейтінін атап өтті.

–  Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келі­сімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр, – деді Дональд Трамп.

***

Мемлекет басшысы «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты.

Ақ үйде тарихи кездесу ұйым­дастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақ­тастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды.

Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың халық­аралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады.

– Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санаймын. Мен де Сіздің ұстанымдарыңызды қуат­таймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» (Making America Great Again) деп аталатын көреген тұжырым­дамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямызбен үндеседі. Бітімгер Президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғыстың тоқтауына ықпал еттіңіз. Осылайша, Американың халықаралық тұрақтылыққа тірек болған рөлін айтарлықтай күшейте түстіңіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серік­тестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

– Қазақстан мен АҚШ арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатына­сымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, эконо­микамыздың қозғаушы күші саналады. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуық­тады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасқанын айтты.

Жалпы, Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі сала­ларды қамтитын экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады. Президент америкалық компа­нияларды елімізде инвесторлар үшін жасалған оңтайлы жағдайды пайдалануға ша­қырды. Тіпті оларға өзі қолдау көрсетінін жеткізді.

Қ.Әбіш