Шаңырақ шайқалса, шаттық ортаяды

523

0

Сурет ашық дереккөзден

Дана халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп, шаңырақ көтерудің жауапкершілігі туралы бір ауыз сөзбен түйіндеп кеткен. Алайда қазір үйленудің өзі оңайға соқпай тұр. Дүркіретіп той жасау үшін несие алып, отау құрған жастардың шаңырақтары жыл өтпей шайқалып жатыр. Жуырда әлеуметтік желілерде Ranking.kz сайты жариялаған мәлімет алаңдатып қойды. Рейтинг бойынша ажырасу жөнінен әлемде Қазақстан Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орынға шыққан. Одан кейін Ресей, Беларусь және Қытай  келеді. Ажырасудың ең төмен көрсеткіші Үндістан, Мозамбик және Кения сияқты елдерде тіркелген. Расында, бұл ақпарат шындыққа жанаса ма? Еліміздегі ресми деректер қандай ақпаратты алға тартады? Саралап көрелік.

Ұлттық статистика бюросы бұл деректердің шындыққа сай келмейтінін айтып мәлімдеме жасады. «Ажырасу коэффициенті 4,6 тең Қазақстан Мальдив аралдарынан кейін екінші орында тұрғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл жалған деректің негізгі көзі https://worldpopulationreview.com/ сайтындағы мақала болған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,27 құраған.  2020, 2021 жылдармен салыстырғанда коэффициенттің төмендеуі байқалады. 2023 жылдың қорытынды деректері сәуір айында жарияланады», – делінген хабарламада.

Тағы да  деректерге жүгінер болсақ, дәм-тұзы жараспағандар саны былтыр 16,8 мың жұп болса, 2022 жылға қарағанда 5,3%-ға аз. Қалада ажырасу 5,2%-ға, ауылда 5,5%-ға азайған. 

Өңірлер бойынша отбасы құрғандар саны жөнінен Алматы алда тұрғаны белгілі болды. Өткен жылы 13,1 мың жұп некелескен.  Одан кейінгі орында  Түркістан облысы және Астана қаласы. Ең аз неке Ұлытау облысында тіркелген, 1,5 мың жұп.

Ажырасу жөнінен де Алматы көш бастапты. Одан кейінгі орынды Қарағанды облысы мен Астана еншілеген. Ең аз ажырасу да Ұлытау облысында тіркелген, 198 жұп.

Сарапшылар еліміздегі ажырасудың бірнеше себептерін атап көрсетеді. Екі жұптың арасына туыстарының түсуі, моральдық шектеулердің болмауы, сонымен бірге ажырасу процесінің жеңіл болуы да әсер еткен. Бұған қоса тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік, қызғаныш, жұмыссыздық, қаражаттың жетіспеушілігі және тұрғын үй сияқты материалдық мәселелер де өз әсерін тигізеді екен.

Иә, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны және рас. Мамандар енді шаңырақ көтергендер 5 жылға дейін бір-бірін түсініп, отбасындағы кикілжіңдерге сабырлылықпен қараса әрі қарай некенің тұрақты болатынын айтады. Алайда 10-15 жыл өткен соң да орта жасқа келгенде шаңырағы шайқалып, екіге айырылып жатқандар жоқ емес. Мұндайда ең әуелі зардап шегетін – бала. Өздерінің ұстанымы мен көзқарасын алға тартып некені оңай бұза салатындар баласының өтпелі кезеңіне көңіл бөлмейді. Одан кейін бала тұйықталу, өз ортасынан алшақтау, түрлі жаман әдеттерге бой алдыру секілді жағдайларға душар болады.

Ә.Мүсілімұлы атындағы №101  орта мектептің психологы Жанат Бекпенбетова ата-анасының ажырасуы балаға үлкен соққы болатынын айтады.

– Кез келген бала жылулық пен қамқорлықты, мейірім мен қолдауды өзінің отбасынан күтеді. Кәмелет жасына жеткенше ата-анасына арқа сүйейді. Ал ата-анасы ажырасқанда бұл функциялардың барлығы бұзылады. Үлкендер өз басының мәселесімен әуре болады. Мұндайда көп жағдайда бала анасында қалып жатады. Әлі даму үстіндегі бала үшін жанына жақын адамдардың екіге айырылғаны кері әсер етеді. Мәселен, кей балалар өз-өзімен тұйықталып, терең ойға түсіп кетсе, екіншілері өте агрессивті болып кетеді. Бұл ата-анасының ажырасқанын қабылдамай жатқанын көрсетеді. Өйткені қажетті кезде қолдау жетпейді. Бала оны әдейілеп жасамайды. Бірақ сондай жағдайға алып келеді. Дамыған елдерде ерлі-зайыптылар бір-бірімен үйлеспегендіктен саналы түрде ажырасады. Бірақ олар баланың зардап шегетінін жақсы түсінеді. Сондықтан бала кімде қалса да екі жақтап көңіл бөліп, қиын кезеңде жанынан табыла біледі. Олар екі жақтан демеу болып, тұңғиыққа батуына, ашушаң болып кетуіне жол бермейді. Қай психологтың тәжірибесін алып қарасаңыз да, мектептегі оқушының тәртіпсіздігі, үлгерімінің нашарлауы көбіне осындай жағдайдан кейін шығады. Менің алдыма келетін оқушылардың көбі осындай, – дейді маман.

Сарапшылардың зерттеуінше, елімізде жылына орта есеппен 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Ажырасуға арыз беретіндердің көбі – әйелдер. Олар ақылмен емес, эмоциямен әрекет етеді дейді психологтар. Неке жасының күрт өзгеруі де мамандарды алаңдатуда. Қазіргі таңда ерлер үшін некеге тұрудың орташа жасы – 27, ал әйелдер үшін 24 болып отыр. Отбасын кеш құру ажырасу санының артуына ықпал етіп отырған көрінеді.

Өңірдегі ресми деректерге қарайтын болсақ, өткен жылдың қаңтар айында 347, биылғы қаңтарда 384 неке тіркелген. Ал ажырасқандар былтыр қаңтарда 35 болса, биылғы қаңтар айында 160-қа өскен. Оның ішінде қалалықтар 90, ауылдық жердегі некенің бұзылуы 70 болған.

Жыл басында деректердің артуы әлеуметтік жағдайдың күрделенуін байқатса керек. Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін де осындай қадамға барғандар статистиканы көбейтіп отыр. Сондай-ақ мамандар екі жастың отбасылық өмірге дайын болмауы ажырасудың негізгі себебінің бірі деп түсіндіреді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Жандос Тұсмағанбетов отбасы құндылығы қазір сезім мен сертке емес, көп жағдайда мүмкіндік пен есепке құрылғанын айтады.

– Жастар отбасылық өмірге жеңіл қарайды. Отбасын құрып, сәбилі болғаннан кейін тұрмыстағы ауыртпалықтарды көтере алмай, ұрыс-керісті үдетіп, үйдің берекесін алады. Жас отбасының ойрандалуына қаржылық, материалдық проблемадан бастап, моральдық жеке мәселелерге дейін түрткі болады. Сондықтан оның алдын алу үшін әр жас қарым-қатынасты дұрыс құрудан бастау керек. Шешім қабылдамас бұрын қыз бен жігіт тарапынан рухани дайындық пен жауапкершілік қажет. Оларды үйленбей тұрып, өмірде кездесетін түрлі жағдайлар туралы кинолар көрсетіп, арнайы психолог маманның алдынан бір өткізіп алған артық емес. Бізде қазір отбасы құндылығын насихаттауға арналған орталық көп. Бірақ олар бір күндік шарадан әрі аса алмай жатыр. Маған әріптестерім ренжуі мүмкін. Бірақ бұл – шындық, – дейді ол.

Шаңырақтың шайқалуы, ерлі-зайыптының екіге айырылуы қоғам үшін де оңай емес. Ажырасу салдарынан жалғызілікті адамдар мен толық емес отбасылар көбейеді. Ең бастысы ұлттың зияткерлік сапасына, Абай айтқан жастардың «толық адам» болып қалыптасуына кері әсер ететіні анық. Сондықтан ажырасудың салдарымен емес, себебімен күрескен жөн секілді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<