Шиелі: Көпке ортақ көшелі іс жол – қатынас өзегі

6

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазыбек Исамен бірге бірқатар әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне қатысып, өзге де жұмыс барысын бағамдады.

«Шиелі-Тайқоңыр» автомобиль жолы күрделі жөндеуге алынған. Бұл жол учаскесі «Kazatomprom» ұлттық атом компаниясының еншілес ме­кемесі «KAP Logistics» серік­тестігінің қолдауымен жөндеуден өткізілді. Жоба аудан орталығы мен өндірістік нысандар арасындағы көлік қа­тынасын жақсартып, ауыл тұр­ғындарының қауіпсіз әрі қолайлы көлік қозғалысына жағдай жасайды әрі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Күрделі жөндеуге 2 млрд 555 млн теңге бөлінген. Мердігер «PK Story Group» серіктестігі қолға алған жолдың ұзындығы 13 шақырым, ені 7 метр. Жөндеу кезінде жол жамылғысы толық жаңартылып, белгілер мен инфрақұрылым қауіпсіздік талап­тарына сай орнатылуда.

Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына сапаны қатаң бақылауда ұстап, жұмысты белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды.

Жалпы жол құрылысы бойынша өңірде бұрын-соңды болмаған сер­пінді еңбек жасалып жатыр. 2022-2025 жылдар аралығында 1600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуге 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Былтыр жол инфра­құ­рылымын дамытуға бюджеттен 50 млрд 605 млн теңге қаралып, 329 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Осындай қарқынды еңбектің нәти­жесінде облыста жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 95 пайызға жетті.

Күн электр станциясы іске қосылды

Ауданның Еңбекші ауылдық округінде қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясы іске қосылды. Аймақ басшысы жұртшылықты құт­тықтап, өңірде атқарылған бірқатар маңызды жұмыстарды атап өтті.

– Президентіміз «Түркістан» газетіне берген сұхбатында «Қазақ­стан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қа­лыптасты» деген болатын.  Сондай-ақ биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Әділетті әрі Қуатты Қазақ­станды дамытудың ұзақ жыл­дарға арналған бағыт-бағдарын айқын­дайтын жыл болатынын жеткізді.

Облыстағы қарқынды істердің қуанышты сәттерін өздеріңізбен бірге бөлісіп келеміз. Қытайлық «Хуан­диан» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған «Тесис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 40 МВт-тық күн электр станциясы іске қосылады.

Қазіргі таңда аудан тұрғындары сағатына 15,5 МВт электр энергиясын тұтынады. Жаңа станция Шиелі ауданымен қатар облыстың басқа да қажеттіліктерін өтеп, электр энер­гиясымен тұрақты қамтамасыз етеді. Жаңадан ірі өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жобаға 11 млрд 500 млн теңге бөлініп, мемлекеттік қолдау ретінде 80 гектар жер телімі берілген. Одан бөлек, 6 млрд теңгеге қуаттылығы 20 МВт-тық күн электр станциялары салынуда. Бұл жобалар халықтың тұрмыс сапа­сын жақсартуға жаңа серпін береді.

Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Ауылдың дамуы, келешегінің жарқын болуы сіздерге, еңбекқорлықтарыңыз бен ауызбірліктеріңізге байланысты. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін! – деді облыс әкімі.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен күн электр станциясын іске қосқан сала қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттал­ды. Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Қазыбек Иса сөз сөй­леп, жылы лебіздерін жеткізді.

«Шұғыланың» шуағы

Шиелі жұртын тағы бір қуанышқа кенелткен шақ – кенттің «Шұғыла» мөлтек ауданында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап салынған 30 пәтерлік 15 тұрғын үйдің берілу салтанаты. 

– Мемлекет басшысының, Үкі­меттің қолдауымен аймағымыз қар­қынды құрылыс алаңына айналды. 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеу­меттік нысан салынып, іске қосылды, – деді облыс әкімі сол салтанатты жиында.

Сондай-ақ осы саладағы серпінді еңбектің көрсеткішінен мысал келтірді.

– Президентіміз тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалар жүктегені белгілі. Оның ішінде халықты бас­панамен қамту бағдарламалары тұр­ғын үйге қолжетімділік мәселесін ше­шіп қана қоймай, құрылыс ин­­­ду­стрия­­сын да дамытып, аймағы­мыз­­дың ажарын айшықтады, сәу­ле­тіне сән қосты.

Өткен жылдың желтоқсан айында 22 пәтерлік 11 тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстаған болатынбыз. Бүгін жерлестеріміздің баспаналы болу қуанышына тағы да жиналып, Шиелі кентінде 450 млн теңгеге салынған 30 пәтерлік 15 тұрғын үй халық игілігіне берілуде.

Бұл – мемлекетіміздің қолдауын сезінген отбасылар үшін ерекше қуаныш! Жаңа қоныс құтты болсын! – деді Н.Нәлібаев.

Ауданның дамуына үлес қосқан ардагерлер, мердігер мекеме қыз­мет­керлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Қазыбек Иса мен Мұрат Ергешбаев тілектестік білдірді.

Осы арада мынадай дерек кел­тірейік. 2022-2024 жылдары тұр­ғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталған. Ал кейінгі үш жылда алғаш рет барлық ауданда тұрғындар 1800-ге жуық жаңа пәтерге ие болып отыр. Облыс орталығында заманауи жаңа үлгімен жеті, тоғыз, он екі көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.

Шиелі ауданында 2023-2024 жылдары 3 млрд 96 млн теңге қаржыға салынған 228 пәтерлік 114 тұрғын үй ел игілігіне берілген.

«СБ» ақпарат