«Шолпанның күнәсі» – адами сезімнің арпалысы

8

0

Қалалық «Жастар театрының» репертуары жаңа туындымен толықты. Дәлірек айтсақ, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі бойынша  трагедиялық қойылымды сахналады. Қойылымдағы оқиға барысында кешегі қоғам мен бүгінгі заман арасындағы айырмашылық талқыға түсіп, таразылана келіп, Шолпанның күнәсін танып-білуді оқырманның еркіне қалдырады.

Қойылым алдында БАҚ өкілдерінің қа­тысуымен баспасөз конференциясы өтті. Онда театрдың көркемдік жетек­шісі, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов, театр директоры Нұрмат Мансұр қойылым мазмұны туралы қыс­қаша мәлімет берді.

Премьераның қоюшы-режиссері Бе­рік Ахмед өткен ғасырда жазылған шы­ғарма желісіне қазіргі уақыт көзімен зер салып, көрермен көңіліне әрқилы әсер ете отырып, оқиғаның өзектілігін арттыра түскісі келгендей.

Шындығында, әңгіменің басты ке­йіпкері Шолпан есімді келіншектің басынан кешкен тағдыры көрерменді бейжай қалдырмайды. Алғашқыда  сүйген жігіті Сәрсенбайға қосылған Шолпанның еш арманы жоқ еді. Екі жас бір-біріне ерек­ше ынтызар болатын. Иә, сол заманда елдің қыздары азын-аулақ малға айырбас­талып, еркінен тыс ұзатылып жатқанда, өз қалауымен теңіне қосылған Шолпан шынында бақытты еді. Осы бақытын ешкіммен бөліскісі келмеген келіншек алғашқыда бала сүюді де кө­ңілі қаламай, Жаратушыға күпірлік қы­лады. Бірақ ол осы олқылықтың арты ауыр өкінішке ұласып, тағдырының тас-тал­қан болатынын білген жоқ…

Жастықтың жалынды күндері де жылыстап өте шықты. Уақыт өткен са­йын олардың арасындағы махаббат оты бір­те-бірте салқын тарта бастаған еді. Әсіресе, жұбайы Сәрсенбайдың жұрттың кішкентай балаларын көргенде ерекше елжіреп кететінін байқаған Шолпанның көңіліне терең мұң ұялады.

Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дейтін сөз бар. Расында, орталарында бір дәнекер болмаған соң отбасының шырқы бұзылады екен. Енді Шолпан күні-түні Құдайға жалбарынып, бала сұрады. Осылайша көпшілік арасында «пірәдар келін» атанды. Бірақ байғұс келіншектің  тілегі орындалар түрі жоқ. Күйеуінен де күдіктенеді. Жұрт­тың желдей ескен сыпсың сөзі де келін­шектің жүйкесін жұқартып бітті. Осындай шым-шытырық ойдан әбден шатасып, өмірінің шырғалаңға түскенін білмей қалды.

«Қайтсем бала табамын» деп  шарқ ұрған Шолпан күндердің күні  қайны­ла­рының бірі Әзімбаймен байланысып, ақыры ойындағысы орындалды. Бо­йына бала бітті. Алайда бұл жаңа­лыққа келіншектің өзі жүрегі жарыла қуанға­нымен, күйеуінің жан жарасын қозғап кеткен еді. Оның үстіне, ауыл ішінде өсек өрті қаулады. Одан әрі Сәрсенбайдың шы­дамы жетпеді, бір кездегі сүйген Шолпанын аяусыз таяқтың астына алды. Жұрт жапа-тармағай ажыратып әлек. Әбден ашуға булыққан ол келіншегіне талақ айтып бір-ақ тоқтады.

Ескіден келе жатқан салт бойынша күнә жасаған әйелдің төбесінен қырық шелек суық су құйып, адалдап алатын. Осы салт бойынша ауыл әйелдері Шолпанды да күнәсінен арылтпақ болып, төбесінен мұздай суды шелектеп құйды. Өзі аяғы ауыр келіншек әл-дәрменінен айырылып, ақыр соңында тілге келмес­тен көз жұмды.

Көріп отырғанымыздай, оқиға өте шиеленісті. Кімді ақтап, кімді дат­та­рыңды білмейсің… Алайда ана болсам деп армандаған Шолпанның, оның құр­са­ғына бітіп, жарық дүниеге келмей көз жұмған тіршілік иесінің тағдыры аяныш тудырады. Отағасы Сәрсенбайдың да жағдайы оңай емес…

Жалпы трагедияның түйіні: адам баласы үшін адалдық, ар-ождан мәселесін  биік көтеріп, «Өлімнен ұят күшті» деген қағиданы алға тартады.

Қойылымдағы Шолпан рөліндегі Тоғжан Дастанқызы, Аружан Серік, Сәр­сенбай рөліндегі Мақсат Серіков, Мұха­меджан Әлиханов, сондай-ақ Әзім­бай – Жасұлан Ханқожаев, Мұрәділ Ертөре өз кейіпкерлерін шебер сомдап, көрер­меннің ықыласына бөленді.

Спектакльдің премьерасына қала әкі­мінің орынбасары Дінмұхаммед   Абызов, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев, театр ардагерлері қатысты. «Жастар театры» ұжымына қала әкімі Н.Ахатовтың ықылас гүлі табысталды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»