Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылында» кәсіби, техникалық бағытта маман даярлайтын іргелі оқу орындары мен өндіріс ошақтары арасында серіктестік байланыс нығая түсті.
Дуальді оқыту бағдарламасымен жастар тәжірибеден өтеді, ынталы болса жұмысқа қабылданады. Осылайша еңбек нарығындағы маман тапшылығы мәселесі оң жолға қойылып келеді.
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің бітіруші түлектері «Orda Glass Ltd» ЖШС мекемесінде болып, ондағы жұмыс барысын көрді.
Алдымен зауыттың қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі инженері Ғазиз Аққалиев студенттерге қауіпсіздік шараларына тоқталды.
Сондай-ақ зауыттың қалай жұмыс істейтінін, қандай өнім шығаратынын, ол қалай дайындалатынын, құрамына не қосылатынын және дайын өнім қалай жиналып, саудаға шығатынын кеңінен түсіндірді.
– Зауыт 8 цехтан тұрады. Бірінші цехта шикізаттар өлшеніп, жылжымалы лента арқылы миксерге салынады. Онда шикізат араластырылып, жылжымалы лента бойымен пешке келеді де, 1300-1600 градус аралығында балқытылады. Пеш осы градусқа жету үшін бір ай қыздырылады.
Қызған кезде ғана жартылай өнім салынады. Ол балқытылып шыны массаға айналады. Құрамына 7 компонент қосылады. Басты шикізат – кварц құмы. Ол өзіміздің Аралдан тасымалданады.
Шыны – өте нәзік зат. Сол себепті дайындау барысында мұқият боламыз. Әр істің тиянақты атқарылуын қадағалаймыз. Бетінде шаң-тозаң болмауы тиіс. Пештің жұмысы сынды барлық процесс бақылау бөлмесінде камера арқылы көрініп тұрады. Онда қаншама маман бар. Егер бір ақау шықса, дабыл қағылып, қайта қалпына келтіріледі. Бастысы біз өнімді қалдықсыз дайындаймыз. Зертхана, сапа бақылау орындары бар. Ол өнімнің сапасына тікелей жауап береді, – дейді Ғ.Аққалиев.
Одан әрі жұмыс процесін көрсетіп, әрбір цехтың атқаратын қызметіне жеке-жеке тоқталған ол шынының сапасы өте жоғары екенін, құрылысқа пайдаланылатынын айтты. Сондай-ақ қазіргі кезде көрші елдерге, өзге мемлекеттерге де тасымалданып жатқанын жеткізді.
Ал «Orda Glass Ltd» ЖШС басқарушы директор Цуй Тунтун шыны өндірісі мамандығына сәйкес келетін студент жастарды жұмысқа, өңірдің дамуына үлес қосуға шақырды.
– «Orda Glass Ltd» ЖШС — China Glass Holdings (CNG) компаниясының еншілес ұйымы, 2015 жылы құрылған, шетелдегі екінші еншілес кәсіпорын. Сондай-ақ Қазақстандағы флотациялық әдіспен шыны өндіретін жалғыз зауыт, Қызылорда облысындағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорын. Компанияда Орта Азиядағы ең жоғары қуаттылыққа ие флотациялық шыны өндірісі (тәулігіне 600 тонна балқытатын) және бірінші оффлайн энергия үнемдейтін LOW-E шыны қаптау желісі бар. Мұнда 320 қызметкер жұмыс істейді, 50 техникалық және басқарушы маман Қытайдан келген, 270-і қазақстандық.
Компанияның мақсаты – Қазақстандықтарға отандық, жасыл, энергия үнемдейтін шыны ұсыну. Бастысы «Orda Glass Ltd» компаниясының жоғары сапалы флоат әдісімен шыны өндіру желісі бар. Аталған желі 2022 жылдың қыркүйегінде ресми түрде от алдырылып, іске қосылды. Жылдық жобалық қуаты – 197,1 мың тонна. Бұл – Қазақстандағы алғашқы, сондай-ақ Орта Азия аймағындағы ең үлкен әрі ең заманауи флоат шыны өндірісі желісі. Негізгі өнімдері – түссіз мөлдір, түсті (боялған) флоат шыны және қапталған шыны. 2023 жылы 157,2 мың тонна шыны өндірілсе, былтыр 166,3 мың тонна өнім шығарылды.
Сондай-ақ 2023 жылдың соңында компания Қытайдан 15 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартып, Орта Азиядағы алғашқы энергия үнемдейтін, төмен сәуле өткізгіштігі бар қапталған (LOW-E) шыны өндіріс желісін әкелді.
Бұл желі 2024 жылдың екінші жартысында іске қосылып, өнім түрлерін айтарлықтай кеңейтті, қосымша құнын арттырды және Орта Азия тұрғындарын жасыл, энергия үнемдейтін LOW-E қапталған шынымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Былтыр 842,4 мың шаршы метр көлемінде оффлайн қапталған өнімдер (оффлайн күннен қорғайтын қабат және оффлайн LOW-E қабаты) өндірілді.
Қытай шыны холдингтері компаниясының шетелдегі еншілес кәсіпорны ретінде біздің компания әрқашан заңнамаға сай және ашық жұмыс істеуді басты қағида етіп келеді.
Қазақстан Республикасының еңбек саясаты, қауіпсіздік, экология, инвестиция және басқа да салаларға қатысты барлық заң талаптарын ұқыпты түрде үйреніп, қатаң сақтайды. Әлеуметтік жауапкершілікке, жергілікті кадрларды даярлауға, өңірдегі жұмыспен қамту жағдайын жақсартуға, Қазақстан халқына жоғары сапалы әрі төмен бағамен энергия үнемдейтін шыны өнімдерін ұсынуға бар күшін салуда, – деді басқарушы директор.
Өндіріс барысына қызыққан студенттер жауапты мамандарға сан түрлі сауал қойды. Шынының шикізат кезінен бастап дайын болғанға дейінгі кезеңін көрді. Колледж директорының ақпараттық технология жөніндегі орынбасары Бекзат Сүлейменов жас мамандардың жұмысқа орналасуына мұндай шаралардың ықпалы бар екенін айтты.
– Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби кадрлар даярлау ісі қашанда маңызды. Осы бастаманың аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары өндірістік тәжірибені күшейтіп, студенттердің кәсіби машықтарын нақты өндіріс орнында жетілдіруге мүмкіндік беретін түрлі шаралар ұйымдастыруда. Солардың бірі – ірі өнеркәсіп орындарымен әріптестік байланысты нығайту. Осы орайда И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің «Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» мамандығының 4-курс студенттері ірі кәсіпорындарда тәжірибе алмасу мақсатында шыны зауытына келді. Тәжірибе барысында студенттер шыны өндірісінің күрделі технологиялық үдерістерімен танысып, зауыттың жұмыс істеу принципін өз көзімен көрді.
Шыны зауыты – заманауи өндіріс жабдықтарымен қамтамасыз етілген, халықаралық стандарттарға сай өнім шығаратын өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі. Студенттерге өндірістің әр кезеңі – шикізатты дайындаудан бастап дайын өнімді қаптап шығару процесіне дейін жан-жақты түсіндірілді.
Мамандар қауіпсіздік талаптары, автоматтандыру жүйелері, сапаны бақылау әдістері және өндірістегі инновациялық технологиялар жөнінде кеңінен ақпарат берді. Бұл жастардың өз саласына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақ мамандықтарына деген сенімін күшейтті. Олар теориялық білімнің нақты өндірісте қалай қолданылатынын көріп, кәсіби дағдыларын шыңдауға мүмкіндік алды.
Колледж басшылығы мен кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұндай тәжірибелер жұмысшы мамандықтың қадір-қасиетін арттыруға, студенттердің еңбекке деген ынтасын дамытуға және олардың болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, өндіріс орындары жас мамандарды ерте кезеңнен танып, өздеріне қажетті кадрларды алдын ала даярлауға мүмкіндік алады.
Бастама жастарды нақты еңбек нарығын бағдарлауға, өндіріс саласының әлеуетін көрсетуге және жаңа буын кәсіби мамандарды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Алдағы уақытта да осындай салалық тәжірибе бағдарламалары жалғасын табуы жоспарлануда, – деді ол.
Колледждің «Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» мамандығының 4-курс студенті Айбол Нағашыбаев дипломын қолына алса, шыны зауытына жұмысқа тұруды армандайды. Ол үшін озық технологиялардың тілін меңгеру керек. Мұндағы жұмыс барысын көріп, қызығушылығы арта түсті. Өндірістік тәжірибе оларға берілген үлкен мүмкіндік екенін де жеткізді.
Дайын шыныны кесетін және қаптайтын цех басшысы Бақберген Бақай бұл қызметтің жауапты екенін айтып, студенттерге жұмысын таныстырды.
– Мұнда дайын өнімнің дұрыс қапталуына жауап береміз. Негізгі жұмысты техника атқарады. Ал шыныны жинайтын робот. Мұндай робот саны төртеу. Күнделікті 200-ден аса қаптама жасайды. Кесілген дайын шыны қапталуда. Оның көлемі 22х50, 18 дана. Осындай төрт-бес көлемде жиналады. Робот шыныны целлофанға қойып береді. Арнайы машина тиеп, жұмысшыларға жеткізеді. Олар қаптаманы берік етіп жапсырады.
Цехта 40-қа жуық адам еңбек етеді. Қапталған шыныны қоймаға жеткіземіз. Бұл техника, робот бәрі Италиядан әкелінген. Қол еңбегі тек қаптама кезінде қолданылады. Қапталған өнім одан әрі ағашпен тағы да бекітіледі, – дейді ол.
Өндіріс ошағында барлығы да талапқа сай. Алып ғимарат. Шетелдік озық технология. Жұмыс істеуге жағдай жасалған. Техника жеткілікті. Жұмысшылар арнайы формамен, қызметтік көлікпен, асхана желісімен қамтамасыз етілген. Байқағанымыз – мұндағы қызметкердің басым бөлігі жастар. Колледжді бітіріп, осында жұмысқа орналасқан мамандарды да кездестірдік.
Солардың бірі – Еламан Санақ. Ол бақылау бөлмесінде пеш операторы қызметін атқарады. Пештің жұмысын бейнебақылау арқылы қадағалайды. Жұмысқа тұрғанына да төрт жыл. Бүгінде кәсіби маманға айналған.
Зауыт инженері Ғазиз Аққалиев жаңа келген жастарды баулып, білген-түйгендерін үйретуден жалықпайтынын жеткізді. Бастысы жастарда ынта мен жігер болса, мүмкіндік мол.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





