Шыныдан көрінген шынайы еңбек

8

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Кейінгі жылдары өңірде өндіріс орындары көптеп ашылып, өнім өндіре бастады. Олардың қатарында шыны, айна, кірпіш зауыттары мен жиһаз фабрикасы да бар. «Достық» ЖК облыста алғашқылардың бірі болып, қапталған шыны өндіру цехын ашты.

Өндіріс орнының жалпы аумағы – 1 гектар. Оның ішінде 2000 шаршы метрі қойма, 600 шаршы метрі қапталған шыны өндіру цехы. Сондай-ақ ламинация цехы 500, кеңсе 220 шаршы метрді құрайды. Қазір цехта 20-ға жуық адам еңбек етеді. Кәсіпкер жергілікті 100-ден аса цехпен жұмыс істейді. «Достық» ЖК басшысы Жасұлан Пржанов алдымен нысан аумағын таныстырып, қапталған шыны өндіру цехының жұмыс процесін көрсетті.

Жиналған әйнектер тізіліп тұр. Қапталған шыны өндіру цехына бас сұқтық. Мұн­таз­дай таза ғимарат. Заман талабына сай. Толық авто­мат­тан­дырылған техно­логия. Ке­зекті тап­сырыс орын­далуда. Жұ­мыс­шылар да ша­руа­сына тиянақты. Байқағаным, бәрі де жергілікті жас­тар. Бұрын цех дегенде көз алдымызға басқаша көрініс елестейтін. Көне ғимарат, қол еңбекті қажет ететін құрал-жабдықтар. Мамандардың формасы май, бояу жағылған күйде жүретін. Кейінгі кездері бұл көрініс мүлде өзгерген. Себебі қаншама ірілі-ұсақты өндіріс орындарында болып жүрміз. Бастысы жаңа нысан, робот техника, жылжымалы лента бойына салынған шикізат бірнеше уақыттан кейін дайын өнімге айналуда. Қара жұмыс істеп жүрген маман жоқ. Әлгі процесті тек бағдарлама арқылы басқарып, нұсқаулық берсе жеткілікті. Автоматтандырылған техника өзі атқарады. Қапталған шыны өндіру цехында да жұмыс процесі дәл осылай өрбіп жатыр.

– Бұл өңірдегі алғашқы жаңа технологиямен жабдықталған, қап­талған шыны өндіретін цех деп айта аламын. Облыста құрылыс қарқынды. Сол себепті оған сұраныс жоғары.

Өздеріңіз көргендей сыртта жиналған әйнек мұнда келгеннен кейін  кесу станогына түседі. Тұтынушының тапсы­рысы бойынша размері бағдарламаға бері­леді де, бірнеше бөліктерге бөлінеді. Тіпті технология әй­нек­тің бір бұрышына жеке кәсіпкердің бел­гісі мен сатып алушының есімі жазылған жап­сырма жабыстырады. Бұл станок күніне 1000 шаршы метр әйнекті кеседі. Келесі ста­нок қапталған шыны арасына салынатын алюминий рамкасын жасайды. Ол да ұқыптылықпен жүзеге асырылады. Одан әрі кесілген әйнек жуу құралына жіберіледі. Онда фильтірленген су пайдаланылады. Қайта-қайта жуылған әйнек кептіріліп, мұнтаздай таза етіп шығады. Енді алюминий рамканың ішіне түйіршіктелген зат салынады. Ол рамка ішінде ауа, ылғал болмауын алдын алады. Мұны робот атқарады. Келесі станокта жуылған таза әйнектің шетіне герметикті робот айналдырып жағады. Екі қабат әйнек осылай дайын өнімге айналады. Оны жинауға да техника қолданылады. Әрі қарай бір күн тұрады да келесі күні тапсырыс беруші алып кетеді. Негізінен бұл шыны терезе, есікке және өзге де құрылысқа қолданылады. Сондай-ақ әйнек қалдықтарын да ысырап етуге жол бермейміз. Оны қайта шыны зауытына жібереміз. Өйткені қайта өңделуге жарамды, – дейді Жасұлан Пржанов.

Қапталған шыны өндіру цехының жұ­мысын көргеннен кейін келесі цехқа бардық. Онда ламинация жасауға арналған станок орналасқан. Терезеге арналған плас­тик про­фильдер тақтайдай жиналған. Алдымен про­филь көлеміне қарай кесіліп, станокқа жібе­ріледі де, түрлі-түсті пленка жабысты­рылады. Кәсіпкер ламинация жа­сайтын технологияны Түркиядан ал­дыр­ған. Құны 30 млн теңге. Сапасы өте жоғары. Ламинатталған пленка жапсырыл­ғаннан кейін, профиль 6 данадан жиналады. Дайын өнімді буып-түюді де тех­ника атқарады. Пленка түсін тапсырыс беруші өзі таңдайды. Негізінен пленка Алма­тыдан әкелінеді. Кореялық өнім. Желімді тікелей Германиядан алдырады. Бұл цех былтыр толық іске қосылыпты.

Кәсіпкерден кадр жайын да сұрадық.

– Мұнда жұмыс істейтіндердің ба­сым бөлігі жастар. Көпшілігі осында ке­ліп тәжірибе жинайды. Мәселен жаңа ла­минация цехындағы екі маман бастап­қы кезде жүк түсіруші болып қабыл­данған. Елгезек, ынталы болғаннан кейін, техни­каның тілін арнайы мамандар үйретті. Тез меңгеріп алды. Қазір олар нағыз маманға айналды. Сондықтан мұнда келгендер істі практика барысында үйренеді. Қап­талған шыны өндіру цехындағы жас­тар­ды да бастапқы кезде баулыдық. Авто­мат­­тандырылған техниканы үйреніп, жұ­­мыстарын ұқыпты атқаруда. Маман таң­дауда мәселе жоқ. Сондай-ақ жұмыс­шыларға барлық жағдай жасалған. Асха­на жұмыс істейді. Ыстық тамақпен қам­тылған, – дейді ол. 

Бұл аумақтың жұмысын көргеннен кейін шағын қоймаларды араладық. Онда қажетті техникалар, желімдер мен терезеге қажетті тордан бастап, барлық бұйымдар бар. Сапалы шикізаттың басым бөлігі сырт елдерден әке­лінеді. Олармен арнайы келісімшарт жасал­ған.

– Жаңадан салынған қоймаларда тауар сақталады. Ең үлкенінің ұзындығы 100 метр. Әлі де атқарылатын жұмыс көп. Осы қой­маның қабатына биыл жаңа қойма сала­мыз. Ал бұл жерге барлық цехты топтас­тырамыз. Қапталған шыны өндіру цехы да жаңадан салынған. Нысан соңғы жабдық­тармен бой көтерді. Ыстық, суыққа төзімді материалды қолдандық. Шүкір, қыста бірқалыпты жылу ұстап тұр. Жұмысшылар үшін де арнайы бөл­месі бар. Киім ауыстырып, тынығуға болады, – дейді цех басшысы.

Соңғы нысанда заманауи үлгідегі екі станок орналасыпты. Станок есік бұрыш­тарын қысуға арналған. Мәселен жұмысшы тапсы­рысқа қарай есіктің қаңқасын жасаса, станок бұрышын берік етіп қысып береді. Бұл жоғары технологиямен жасалғандықтан қателік жіберілмейді. Бастапқы кезде кәсіп­кер профильді кесіп, бұрышын қысуды ғана жасайтын, кейін тұтынушылардың талабын ескеріп, өздері жинауға кірісіпті. Қазір дайын есікке тапсырыс беруші көп.

Цех жұмысын көру барысында кәсіп­кер­дің ең алдымен сапаға мән беретінін аңғар­дық.

– Бұл салаға 2005 жылдары келдім. Жай жұмысшы болдым. Ол тұста Алма­ты қаласында едім. Терезеге қажетті мате­риал­­дарды саттық. Кейін Астана қаласы­нан фи­лиалы ашылып, сонда ауыстым. Бір жыл­дан кейін Қызылордада ашылып, мені жауап­ты маман етіп жіберді. Уақыт өте, мекеме жабылып қалды. Қайта Алматыға оралып, түрік ком­паниясында жұмыс істедім. 2011 жылы компа­нияның Қызылордада филиалы ашылып, осында келдім. Кішкентай кеңседе 4-5 адам еңбек еттік. Пластик профильдерін сата бастадық. 2013 жылы түрік компаниясы еліміз бойынша жабылды. Сол кезде маған ой келді. Бір жағынан бұл салада әжептеуір тәжірибе жинадым. Кеңсені өзім ашып, тұрақты тұтынушыларды ұстап қалу керек болды. Түріктермен келісіп, қоймадағы зат­ты алып, ісімді бастап кеттім. Қаражат жет­кіліксіз болса да, тәуекел еттік. Несие алдым. Тапқан ақшаның бәрін айналымға құйдым, – дейді Жасұлан Пржанов.

Ол ісі алға басу үшін табандылықпен еңбек етті. Сауда саласының қыр-сырын мең­герді. Бастапқы кезде терезеге қажетті барлық өнім түрлерін алдырып, цехтарға өткізді. 2015 жылдан бастап пластик профиль­дерін де сата бастады. Оны Шымкент қаласынан алдыратын. Кейін тікелей Ташкент­ке тапсы­рыс берді. Пластиктен бөлек алюминий профильдерін де қосты. Осылайша тұтыну­шының сұранысына сай тауар түрлерін кө­бейтті. 2021 жылы база ашу үшін қолайлы орын қарастырды. Қараусыз қалған жерді сатып алды. Оған «Даму» қоры арқылы қаражат алып, қойма мен кеңсені заман талабына сай етіп салды.

– Жаңа орынға көшіп келгеннен кейін аллюминийден терезе, есік құрастыратын цех аштық. Былтыр ақ профильдің бетіне пленка жапсыратын цехты қостық. Ол жай пленка емес күннен, суықтан қорғайтын қасиетке ие. Түрлі-түсті болады. Станокты Түркия елі­нен алдырдық. Осылайша станокты 2025 жылдың маусым айында қолдана бастадық. Арнайы мамандар орнатып, қалай жұмыс істейтінін өзіміздің жұмысшыларға үйретті. Ламинация цехы іске қосылған күннен бастап-ақ нәтиже берді. Қапталған шыны өндіру цехын салу үшін қосымша жер алып, нысан ау­мағын кеңейттік. Алюминий профильді құ­растыруды бастадық. Бұны жеке адам­дарға емес, ірілі-ұсақты цехтарға жасай­мыз. Өйткені бұрышын қысуға тек арнайы құрылғыны қолданамыз. Станокты «Да­му» қоры арқылы  сатып алдық, – дейді кәсіпкер. 

Қапталған шыны өндірісіне қажетті әй­некті жергілікті шыны зауытынан алдырады.

– Айта кету керек, қапталған шыны өндірісін кәсіп етіп отырғандар процес­тің бәрін қол еңбегімен атқарады. Ал біз мұны жаңа технология, яғни автомат­тандырылған құрылғылар арқылы жүзеге асырамыз. Бұл өңірдегі алғашқы қапталған шыны өндіру цехы десек те болады. Жалпы, бұл оңай іс емес. Аса ұқыптылықты қажет етеді. Себебі, шыны өте нәзік бұйым. Қолданыс барысында қате кетпеуі керек – дейді цех басшысы.

Маман ретінде терезенің сапасы ең ма­ңызды дүние екенін түсіндірді. Оның ай­туынша, терезе үйдің негізгі көзі әрі жарық, жылу қабылдайды. Шаң-тозаңнан қорғайды.

– Үйді заман талабына сай етіп соғып, бірақ арзан терезе қоятындар да бар. Сол се­бепті көпшілік пластик терезелердің бу­ланып,  көгеріп кететініне шағымданады. Ол сапасына әрі тұрғынның өзінің пайдалану әдісіне де байланысты. Терезе таңдағанда әрбір деталіне мән берген дұрыс. Мысалы менен сапалы тауар алғанымен кәсіпкер оны дұрыс құрастыра алмауы мүмкін. Со­дан сапасы төмен терезе қойылады. Оның жарамдылығы да сын көтермейді. Осыны ескере келе енді терезені де құрастыруды қолға аламын. Жаңа жоғарыда атап өттім, осы жылы жаңа қойма салып, қазіргі қойманы цехқа айналдырамын. Сол жерге жылжымалы, автоматтандырылған лента тех­­нологиясы қойылады. Сонда шикізат бір лента бойында дайын дүниеге айналып шы­ғады, – дейді біз болған кәсіпорын басшысы.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»