Шырайлы Шығыс өнер күндері Өскеменде жалғасты

155

0

Фото: Облыс әкімдігі

Қызылордалық делегация сапары Шығыс Қазақстан облысында жалғасты. Меймандарды ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қарсы алды. Делегация мүшелері ең әуелі Өскемендегі Халифа Алтай атындағы мешіттің сәулеттік құрылымымен, ішкі жұмысымен, діни ағартушылық қызметімен танысты.

Одан кейін Жеңіл атлетика мане­жіне барды. Олимпиада чем­пионы Ольга Рыпакованың аты берілген спорттық нысан 2014 жыл­дан бері жұмыс істейді. Онда жеңіл атле­ти­каның түрлі бағытында жат­тығатын өлке спортшылары жарыс­тарда жо­ғары нәтиже көрсетіп келеді. Деле­га­ция назарына ұсынылған Жекпе-жек кешені де – Шығыс Қазақ­стандағы озық спорт нысандарының бірі.

Содан соң қонақтар өз өнімдерін тек өңірге ғана емес, республика аумағына саудалайтын «Шығыс сүт» ЖШС-ға барды. Бүгінде мұнда 80 түрлі өнім шығарылады. Қызыл­ор­далықтар кор­порацияның тарихы­мен, жабдық­тары­мен танысып, жұмыс барысын бақылады.

Делегация мүшелері ШҚО әкім­дігі ғимаратының алдындағы Абай Құнанбайұлы ескерткішіне тағзым етіп, жуырда ашылған «Алтай» көтерме-тарату орталығына барды. Шығыс өңірдегі ең ірі сауда орталығы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және бағаның тұрақталуына оң септігін тигізуде.

Шырайлы Шығыс өнер күндері Өскеменде жалғасты

Айта кету керек, өңірлер ара­сындағы байланысты күшейте түсе­тін осындай делегациялар сапары Бердібек Сапарбаевтың бастама­сы­мен қолға алынған болатын. Игі дәстүр бұдан кейін де үзілмей, жал­ғасын таба бермек.

***

Шығыс Қазақстан облыстық филар­мониясында «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылып, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және өскемендіктер Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы құнды жәдігерлермен танысты.

Кейінгі жылдары музей қоры ежелгі қалалар орнынан табылған жәдігерлерді негізге алып, қайта жаңғыртылған «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» архео­логиялық реконструкцияларымен толыққан болатын. Бүгінгі көрмеге келушілер осы жәдігерлерге ерекше назар аударды.

Археологиялық экспедициялар кезінде табылған алтындар коллекциясы да осы жерден орын алған. Ежелгі өркениеттің бесігі саналатын Шірік Рабат және Бәбіш мола қалашықтарынан табылған алтын жапсырмалар сол дәуірдің көзіндей. Сондай-ақ көрмеге орта ғасырларда сауда-саттық пен мәдениеті өркендеген Сығанақ қалашығынан табылған алтын сырғалар, тұмар, түймелер және маржан моншақтардың түпнұсқа коллекциясы қойылған. Шығыс жұртшылығы Жанкент, Асанас, Қышқала, Сығанақтан табылған терракоталар, глазурлі қаптамалар, қыш ыдыстар және Бидайықасар қалашығынан табылған қоссаз домбыра көшірмесін де қызыға тамашалады.

Шырайлы Шығыс өнер күндері Өскеменде жалғасты

Көрмедегі зергерлік және тұрмыстық бұйымдардың орны бөлек. Өңіржиек, жырға, алқа, ағаш жиһаздар, ыдыстар, тері бұйымдары Сыр бойында қолөнердің бай мұрасы сақталғанын көрсетеді. Қару-жарақ коллек­циясындағы қылыш, айбалта, семсер, шоқпар, найза, қалқан, жебе тарихтан сыр шертеді.

«Деде Қорқыт» кітабының Дрезден нұсқасы, нар қобыз, ЮНЕСКО сертификаты, кәдесыйлар, Марал ишанның көк асасы, Керей ерінің түпнұсқасы, Қалқай ишан, Сердалы Бекшорин, Ер Сейтпенбет, Бұқарбай батырдың мөрлерінің көшірмелері де көрмеге келушілер қызығу­шылығын туғызды.

Сондай-ақ Абайдың 1922 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы мен Қызылорданың астана болған кезеңінің фото және архив құжаттары көрме құндылығын арттыра түсті.

***

Шығыс Қазақстан облыстық филармония­сына жиналған көрерменге өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

Аймақ басшысы ұлт руханияты мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің қайнар бастауындағы тұлғалар түлеген Шығыс жұртшылығына ізгі тілегін білдірді.

– Өз заманынан көш ілгері ойлайтын Шәкәрім Құдайбердіұлынан «Сыр – Алаштың анасы» деген нақыл қалған. Қилы заманда, зұлматқа толы күндерде, ақтабан шұбырынды кезеңінде, ел ішін ашаршылық жайлағанда бүкіл қазақ баласы көш-керуенінің басын Сырға бұрып, Сырды анасындай паналаған. Сол себепті, Алашқа ана болған Сырдың қазақ үшін орны да, жөні де бөлек.

Күллі түркі әлемінің алтын бесігі саналатын Алтай төріндегі шырайлы шығыс өлкесі – түр­кілердің сана-сезімін қалыптастырған, рухани ұясында талай ұлы тұлғалар тәрбиеленген қасиетті мекен.

Ырыс аунап, құт қонған Шығыс Қазақстан – қазақ халқының жан дүниесінің тереңдігін айқындайтын киелі өлке.

Шыңғыс тауының бөктерінде ұлы Абайдың 180 жылдығы Президентіміздің қолдауымен жоғары деңгейде атап өтілуі де осының айқын дәлелі.

Мемлекет басшысы «Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы» деген болатын.

Баршаңызды қазақтың біртуар ұлы ақыны, «адамзаттың Абайы» атанған ағартушы, рухани реформатор Абай Құнанбайұлының жалпы­халықтық тойымен Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын, – деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік басқосуда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өнер күндерін өткізуге бастамашы болған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, атсалысқан өнер­паздарға алғысын жеткізді.

Концертте Қорқыттың сарыны қылқобыздан төгіліп, «Күлтегін» жырының үзіндісі орын­далды, көрермен қошеметіне ие болған «Қорқыт-қобыз» әні шырқалды.

«Ұлы дала поэмасы» хореографиялық қойылымын қойған «Томирис» би ансамбліне ерекше құрмет көрсетілді.

Сыр сүлейлерінің толғауларына сусаған көрерменге Нұртуған жыраудың «Өсиеті», Нартай ақынның «Өздерің білер Нартаймын», Ақ Кете Шернияздың «Сөз сөйлейін бөлмелеп» термелері ұсынылды.

«Бүлдірген», «Сұрша қыз», «Сырдың қараторғайы», «Ауылың сенің іргелі» сияқты халық әндері, әлемдік классиканың жауһар туындылары орындалды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі