Сирек металға сұраныс артты

8

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қазақстанның жерасты байлығы әлі де мол. Тек бұған Мемлекет басшысы Жолдауында айтқандай, геологиялық барлауды күшейтуге жеке инвестицияны тарту қажет. Мұндай жұмыс тәсілі көп елде бар.

«Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестиция тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі» деген Президент тың өңірлерді зерттеу қажеттігін ескертті. Ал Үкімет міндеті – 2026 жылдың соңына дейін, кемінде 2,2 млн шаршы шақырым аумаққа геологиялық және геофизикалық барлау жүргізу болмақ.

2025: 17 кен орны есепке кірді

Табиғи ресурсқа, әсіресе, сирек кездесетін металл түрлеріне бай Қазақстан әлем сұранысын қа­нағаттандыра алады. Әрине, «жаңа заман мұнайы» деп ат берілген сирек кездесетін металл кеніштерін игерсе ғана. Қазір әлем елдерінде аталған өнімге сұраныс тым артқан.

Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрлігінің дерегінше, биылға дейін Президент тапсырмасымен елдегі жаңа барлау жұмыстары 2 млн 38 мың шаршы шақырымға жетіпті. Ал осы жылы 100 мың шаршы шақырымды геологиялық картаға түсіру жоспарланған. 20 жоба-сметалық құжат дайындалып, оларды іске асыруға «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» (Қазгеология) және басқа ұлттық геологиялық барлау компаниялары тартылған.

«2025 жылы алғаш рет 17 кен орны мемлекеттік есепке алынды, оның ішінде «Көк-Жон», «Алтын-Шоқы» және «Самомбет» кен орындары бар. Қордың өсімі: алтын 136,9, күміс 152, мыс 74,4 мың, фосфорит 1,3 млн тоннадан астам. Негізгі пайдалы қазбалар бойынша жалпы қор: алтын 2369, мұнай 4,3 млрд тонна, газ 3,8 трлн м³, көмір 33,5 млрд және темір 26,7 млрд тонна. Минералдық-шикізат базасы шамамен 10 мың кен орнын қамтиды, оның ішінде қатты пайдалы қазбалар – 1009, көмірсутектер – 359, 3700-ден астам кең таралған пайдалы қаз­балар, 4900-ден астам жерасты суы кіреді» деп жазады министрлік.

Сондай-ақ «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ базасында сертификатталған зертханалық кешен құрылуда. Бұл да Мемлекет басшысының тапсырмасы болатын. Құны 14 млрд теңге болатын жоба 2028 жылы іске қосылмақ. Кешенге зертханалар, қор сақтау және керн сақтау қоймалары кіреді.

Жыл басында өткен Орталық коммуни­кация­лар қызметі алаңындағы брифингте Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев саладағы оң жаңалықтарды айтқан еді. Оның сөзінше, мыс, алтын, сирек жер элементтері және басқа да стратегиялық маңызды ресурстарға жаһандық сұраныс артып отырғанда Қазақстан геологиялық деректердің дәлдігін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге басымдық беруде.

Айталық, өткен жылы 100 мың шаршы шақырым аумақта детальді түсірілім жобалары дайындалды. Нәтижесінде алтын, мыс, қорғасын, мырыш және өзге де пайдалы қазбаларға қатысты 29 перспективалы алаң анықталыпты. Сондай-ақ көмірсутек бағытында да жұмыс жалғасуда. «Арал» бассейнінде 20-дан астам мұнай-газға перспективалы учаске айқындалып, оларды аукционға шығару (келесі тақырыпты қараңыз) жоспарланған. Жалпы алдағы үш жылда мемлекеттік геологиялық зерттеуге шамамен 240 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ 2027 жылы алғашқы перспективалы учаскелер аукционға шығарылмақ.

Кен өндірісі: Сырдағы серпіліс

Біздің облыс аумағында кең таралған пай­далы қазбаларды өндіруге арналған 100 құқық (лицензия немесе жер қойнауын пайда­лану рұқсаты) табысталған. Оның ішіне тұз, саз, құм, құмды-қиыршық тас, әктас, доломит және кварц құмы да кіреді.  Одан бөлек, қат­ты пайдалы қазбаларды өндірумен екі жер қой­науын пайдаланушы айналысуда. Атап айт­қанда, Жаңақорған ауданында ванадий өн­ді­ру­мен «Фирма Балауса» ЖШС және цинк өн­ді­румен «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ жұмыс істейді.

– Қызылорда облысы – мұнай-газ, полиметалл кендері мен уранды қоса алғанда минералдық-шикізат ресурстарының елеулі әлеуетіне ие аймақ. Облыс шегінде пайдалы қазбалар кен орындары біркелкі бөлінбегенін атап өту қажет. Қорғасын, мырыш, кадмий, германий, алтын, күміс, селен, темір, молибден-ванадий және цирконий-титан кені негізінен Арал маңында және Қаратау жотасында орналасқан. Солтүстік Арал маңында Үлкен Торғайдың «Бастемір» кені белдеуінің оңтүстік бөлігінде орналасқан және облыс аумағында дербес темір кені ауданын («Құтан-бұлақ», «Талды-Еспе») құратын бірқатар темір кен орындарының перспективалары бар. Сондай-ақ Солтүстік Арал маңында орналасқан Ақеспе кен орнында титан бар, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Каюпов.

Оның айтуынша, қазір Сыр елінде мұнай өндіру төмендеген. Өйткені, табиғи қор сарқылды. Мысалы, өңірде 2014 жылы 9,9 млн тонна мұнай өндірілсе, былтыр 3 млн тонна «қара алтын» өндіріліпті. Өнім 3 есеге төмен.

– Қазір мұнай қорларын толықтыру және перспективалы учаскелерді анықтауда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен тиісті іс-шаралар атқарылуда. Атап айтсақ, республикалық бюджет есебінен Арал шөгінді бассейнінде, яғни «Батыс» және «Шығыс» учаскелерінде геологиялық зерттеу жұмысы аяқталды. Нәтижесінде 1,1 млрд тонна болжамды көмірсутек ресурсы анықталды. Оның ішінде өндірілетін көлем шамамен 300 млн тоннаны құрайды, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Дегенмен геологиялық зерттеу жүргізген ұйым тарапынан осы бассейннің әлеуетті учаскелерін анықтап, барлау ұңғымаларын бұрғылау ұсынылған. Одан бөлек, 2024 жылы «Сырдария» шөгінді бассейнін зерттеу жұмыстары басталды. Зерттеу жұмыстары үш жылға жоспарланған, алдағы жылы аяқталмақ.

Бағасы бөлек байлық

Жоғарыда айтқандай, сирек және стра­тегиялық маңызы бар металдарға бай ел қазіргі технологиялық дәуірде мұндай ресурс­тарға деген сұранысты қалт жібермесе керек. Электромобиль өндірісі, микрочип индустрия­сы, ғарыш техникасы мен әскери техноло­гияларға қажетті элементтерді өндіру – эконо­миканы қарыштатудың қадамы. Ресми ақпарат көздерінде Қазақстандағы сирек кездесетін металл қоры бар 100-ден аса кен орны анық­талғаны айтылады. Халықаралық деңгейде қызығушылық тудырған элементтердің қа­тарында вольфрам, молибден, литий, бериллий, ниобий, тантал, германий, галлий бар. Мұның көпшілігі жоғары технологиялық өндірістерге өте қажет. Мысалы, литий электр көліктерінің аккумуляторларын жасауға, электроника өндірісіне, химия өнеркәсібіне, фармацевтикада кеңінен қолданылады. Бұдан өзге бериллий және тантал энергетикалық трансформация мен жоғары технологиялық өндіріс үшін өзекті.

Ал осы элементтердің бағасы да аспандап тұр. Осы жылғы халықаралық деректерге сүйенсек, калифорний элементінің келісі шамамен 13,5 трлн теңге. Осмийдің бір келісі 1,2 млрд теңге болса, родий шамамен 325 млн теңгені құрайды. Қымбат металл қатарында иридий (115 млн), рутений (16,5 млн) рений (2,9 млн) де тұр. Аталғандардың көбісін ғарыш техникасында, электроникада және ядролық технологияларға пайдаланады.

Біздің елімізде бар сирек металдардың қымбат тұратыны жеткілікті. Алғашқы орында германий тұр. Оның бір келісі әлем нарығында 1 млн теңгеден асып жығылады. Оптика, әскери техника және спутниктік байланыс жүйелерінде қолданылады. Ғарыш пен авиация өндірісіне өте қажет бериллийдің бір келісі 700 мың теңгенің айналасында. Ал күнделікті ұстайтын смартфондар мен қолданыстағы компьютерлер өндірісіндегі тантал элементінің бағасы – 225 мың теңге. Одан кейінгі орындарда галлий, ниобий, молибден, вольфрам, литий металдары тұр.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай метал­дар ерекше стратегиялық маңызға ие. Кейінгі жылдары осындай сирек элементтерге техно­логиясы қарыштаған мемлекеттерден сұраныс көп. Айталық Еуропалық одақ елдері, АҚШ, Ұлы­британия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея елі біздің қазба байлыққа қызығушылық танытқан.

Сирек металдар бағасының көтерілуі еліміз үшін  экспорттық түсімді көбейтетіні сөзсіз. Ресми деректерде сирек металдар өндірісінің көлемі 179 млрд теңгеге жеткен.

Тағы бір маңызды жайт, біздегі жерасты байлықтары кешенді болып есептеледі. Мысалы, бір кен орнынан тек мыс ғана емес, алтын да, цинк та, вольфрам да, молибден де алуға болады екен. Геологтардың сөзінше, кеңес кезінде бір элементті ғана игеріп, қалғанына назар аудармапты. Ал қазір бір жерден бірнеше пайдалы қазбалар тобы шығуы мүмкін. Бірақ бұл да үлкен ғылыми технология көмегіне мұқтаж. Оны жасайтын отандық ғалымдар бізде жеткілікті. Алайда түпкілікті қолдау мәселесі қаражатқа келіп тірелетіні анық.

«Қазақстан жерінің асты толған қазба байлық». Еліміздің қай тұрғынынан сұрасаңыз да осылай дер еді. Рас, байлық бар. Бірақ оны игеру тым қиын. Кейбір элементтер терең қабатта, енді бір мәселе – жүйелі барлаудың болмауы. Ірі инвесторларды тарту жұмысы баяу. Кадр да аз. Ал саланың нағыз мамандары пайдалы қазбалардың нормативтік қамтамасыз ету қоры кемінде 45-50 жылды құрайтынын айтады. Бұдан шығар түйін, геологияны қолдау – көпжылғы тиімді экономикалық саясаттың кепілі. Қазба байлығың болса, қазынаң да түгесілмейді деген сөз.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»