Солтүстікке қоныс аудару  қаншалықты нәтиже беруде?

281

0

Сурет ашық дереккөзден

Кейінгі уақытта WhatsApp желісінде солтүстік өңірге қоныс аударуға шақырған хабарландырулар көптеп таралуда. Онда тіпті қоныс аударушыларға қаржылай көмекпен қатар, баспана, мал, оған қажетті жем-шөп, тұрақты жұмыспен қамту қарастырылғаны айтылған.  Мұның себебін бір жағынан солтүстік өңірлердегі ауыл  мектептерінде бала санының азайып кетуімен және математика, физика, информатика секілді пән мұғалімдерінің жетіспеушілігімен  байланыстырады.

Иә, жұмыс күші тапшы, халық саны аз теріскейдегі тұрғын санын ішкі көші-қон арқылы реттеу еліміздің территориялық тұтастығын сақтауға, ұлттық салт-санадан ажырамауға, тіл мәселесінің оң шешілуіне ықпал ететіні белгілі. Дегенмен, ондағы баспана жайы,  шаруаның ыңғайы қоныс аударушылар үшін маңызды екені анық. Сондықтан да Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылдау қажет болды. Бүгінде күнгейден терістікке қоныс аудару жайы қалай болуда? Бағдарлама жемісін беріп жатыр ма?  Сыр өңірінен көшіп барушылар легі қалай?

Көш қалай қозғалды?

Елімізде бірнеше жыл бұрын «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында тұрғылықты халқы сиреп, жұмыс күші азайған солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан адамдарды көшіріп, қажетті жағдай жасау жұмыстары басталды. Үкіметтің мұндай бағдарламаны қолға алуына демографиялық ахуал себеп болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейінгі 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жасап, оңтүстік облыстардағы тұрғындардың бір бөлігін солтүстікке көшіру қажеттігін анықтаған. Егер бұл мәселе реттелмесе, 2050 жылға қарай солтүстіктегі халықтың саны миллион адамға қысқарып, оңтүстік өңірдегі халық саны 5,2 млн адамға артатын көрінеді. Осылайша Үкімет бұл мәселеге назар аударып, бағдарлама аясында көші-қон жұмыстарына басымдық берді. Бүгінде «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасының үшінші бағыты аясында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы  бұйрығымен бекітілген «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын бекіту туралы» Ережеге сәйкес солтүстік өңірлерге қоныс аудару жұмыстары жүргізілуде. Мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылдың желтоқсан айында Сыр елінен Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласына алты отбасы қоныс аударған. Қоныс аударған азаматтар бағдарлама аясында салынған тұрғын үймен және тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал 2015 жылы Риддер қаласына тағы да екі отбасы, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысына біреуден, Павлодар облысына екі отбасы қоныс аударған. Сонымен қатар, 2017 жылы бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бекітіліп, Түркістан облысы қоныс аудару өңірлерінің қатарына қайта енгізілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында елдегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. 2021 жылғы дерек бойынша осындай өңірлерге жалпы саны 1437 адам (412 отбасы) көшкен. Оның ішінде 744 адам еңбекке қабілетті жаста. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің ішінен 319 адам жаңа тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырылған.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ерікті қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Қоныс аударған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі де жалғасатын болады. 2020 жылы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 6 379 адам (1 878 отбасы) мөлшерінде белгіленген. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты осы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды қарастырады.

Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, Алматы, Шымкент және Астана жұмыс күші артық өңірлер деп аталды. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмысшылар жетіспейді.

Сырдан қоныс аударғандар

Биыл қоныстанушыларды  қабылдау өңірлері: Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Қарағанды облыстары.

Жалпы жұмыс күші аз аймақтарға 2020 жылдан бері өңіріміздің 566 жанұясы құрамында 1861  мүшесімен қоныс аударған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, кейінгі 3 жылдың ішінде Солтүстік өңірлерге қоныс аударушылардың қатары көбейген, яғни,  2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге артқан. Атап айтқанда,  2020 жылы  96 отбасы 268 мүшесімен көшсе, 2021 жылы – 517 мүшесімен 166 отбасы, 2022 жылы 651 мүшесімен 187 отбасы қоныс аударған.

–    Былтыр Солтүстік өңірлерге 117 отбасы қоныс тепкен.  Нақтырақ айтсақ, Қостанай облысына құрамында 101 адам бар 35 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысына 40 отбасы (144 адам), Павлодар облысына 31 отбасы (133 адам), Шығыс Қазақстан облысына 7 отбасы (32 адам), Ұлытау облысына 1 отбасы және Абай облысына 3 отбасы көшкен. Қоныс аударған отбасы мүшелерінің 687 немесе 597 адамы, яғни 86,9 пайызы жұмысқа жарамды. Қалғандары – кәмелеттік жасқа толмаған балалар, студенттер, зейнеткерлер.  Жұмысқа жарамды 687 адамның 448 немесе 81,7 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде 156-сы немесе 34,8 пайызы өнеркәсіп және құрылыс, 112-сі немесе 25 пайызы ауыл шаруашылығы, 81-і немесе 18,1 пайызы білім беру, 34-і немесе 7,6 пайызы денсаулық сақтау, қалған 65-і немесе 14,5 пайызы өзге салаларға барды. Бұған қоса 31 азаматымыз несие мен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашты. Құрамында 241 мүшесі бар 238 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – дейді халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Нұржан Өмірзақов.

Бағдарлама басталғаннан бері қоныс аударған 8 отбасы 25 мүшесімен жанұялық жағдайына, ауа райының қолайсыздығына, денсаулығына байланысты облысымызға қайтып келген. Нұржан Егізбайұлының айтуынша, қоныс аударушылардың басым бөлігі Павлодар, СҚО және Қостанай облыстарын таңдауда. Тұрғындар бұл облыстарды негізінен ауыл шаруашылығымен айналысу үшін, өндіріс ошақтары мен білім беру, денсаулық сақтау секілді салаларға жұмысқа орналасу, әрі ауа райының қолайлығы үшін таңдайды.

Жалпы Солтүстік өңірлерге қоныстандыру жобасын жүзеге асыру үшін облысымызда жыл сайын дәстүрлі түрде осы өңірлердің әкімдігі мен жұмыс берушілерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, халық көп шоғырланған орындарда, шалғай орналасқан елді мекендерді аралап ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.

– Мамыр  айында «Болашақ» университетінде «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуын ұйымдастыру» жобасы аясында «Жетістіктер алаңы» атты шара ұйымдастырылды. «Жетістіктер алаңы» жәрмеңкесіне қатысқан және жалпы өткізілген халықпен кездесулер барысында 1300-ге жуық  тұрғынға бос жұмыс орындары ұсынылып, қоныс аудару бойынша көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде 630 адамға жеке кеңес берілді. Нәтижесінде 121 адам қоныс аударуға ниет білдірді, – дейді бөлім басшысы. 

Қандай көмек беріледі?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, теріскейге қоныстанушыларға Үкімет тарапынан бірқатар көмек көрсетіледі. Мәселен, экономикалық мобильділік сертификаты келу өңірінде тұрақты тұратын елді мекенде тұрғын үйді сатып алу кезінде қандастар мен қоныс аударушыларға беріледі, яғни тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 1 160 АЕК-тен (2024 жылға 4 282 720 теңге) аспайтын мөлшерде беріледі. Көшу шығыстарын өтеу бір рет отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде бір рет беріледі. Тұрғын үй жалдау  және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу ай сайын, он екі айдан көп емес тұрғын үй алғанға дейін  өтеледі. Оның көлемі қалалық жерлерге қоныс аударғандарға бір адам үшін 20 АЕК (73840 теңге), отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК (92300 теңге), ал отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК (110760 теңге) мөлшерінде төленеді. Ал ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін бір адамға 15 АЕК (55380 теңге), отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 18 АЕК (66456 теңге), отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК (77532 теңге)  мөлшерінде төленеді.

Қазалыдан – Федосеевке

Солтүстікке қоныс аударушылардың бірі – Әдемі Жаймаханова. Ол  Қызылорда облысы Қазалы ауданының «Бірлік» ауылында тұрған. Ауылда екі қолға бір күрек таппаған соң жас отбасы мемлекет ұсынған  мүмкіндіктен айырылғысы келмепті.

– Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Федосеев ауылына 2021 жылы көшіп келдік. Жолдасым денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын, өзім аспаздықты бітіргенбіз. Өкінішке қарай жолдасым сырқаттанып қалды. Өзім мектепке тазалықшы болып орналастым. Келгенімізге өкінбейміз. Ауа райы ұнады. Біздікіндей ыстық жоқ, – деп Әдемі ағынан жарылды.

Әдемінің ендігі тұрмысына қызығып, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланғысы  келген болуы керек,  артынша інісі мен келіні де жетіпті.

– Інім мал шаруашылығын қолға алды. Келінім медбике болып жұмысқа орналасты. Апамыз бен жездеміз, тәтеміз де қоныс аударды. Тәтеміз ауылдан дүкен ашып, мал жинап, жағдайын жақсартып алды. Өзім де бос уақытымда торт, бәліш пісіріп, қосымша нәпақа табамын. Бірге көшіп келген он шақты отбасы араласып тұрамыз. Мұнда мамандық бойынша жұмыс табуға болады. Ауызбіршілігі мол ауылға келгеніме қуанамын, – деді ол.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<