Сталкинг: жаңа бап нені көздейді?

11

0

Фото: chatgpt.com

Кейінгі кезде сталкинг ұғымы туралы қоғамда түсінік қалыптаса бастады. Біреуден қысым не зәбір көрсеңіз, сыртыңыздан біреу аңдып, қорқытып-үркітіп жүрсе құқық қорғау органдарына шағымдана аласыз. Бұрын мұндай нәрселерге көз жұмып, бейжай қарайтын болсақ, қазір заң күшейіп, Мемлекет басшысы қол қойды.

Алдымен, сталкинг  ұғымы туралы ақпарат бере кетейік. Бұл – бір адамның екінші адамды келіспестен әрі жүйелі түрде (қайталанып) қудалауы, бақылауы, қоңырау шалу, хабарлама жіберу, аңду әрекеттері. Мұндай әрекеттер зорлық болмаса да, құрбанының психологиялық күйіне айтарлықтай зиян келтіреді, қорқыныш туғызады, қалыпты өмір сүруіне кедергі жасайды. Мұндай жағдай ғаламтор арқылы да жасалуы мүмкін. Айталық, киберсталкинг, мысалы, онлайн бақылау, жалған айыптаулар, жеке мәліметті жариялау түрінде жүзеге асады.

Қылмыстық кодекске жаңа бап  115-1 «Сталкинг» енгізілді. Оның негізгі қағидаларына әдеттегі қорқыту, аңду, жиі хабарласу, жеке өмірге араласу сияқты әрекеттер жатады. Оның жазасы да ауыр. Мәселен, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар,  50 тәулікке дейін қамау. Кей жағдайда ауыр баптар бойынша да қарастырылуы мүмкін. 

Еуропалық гендерлік институттың дерегінде дүние жүзіндегі оныншы әйел сталкингке ұшырайтыны айтылған. Көбіне адамдар өзінің құрбы-достарынан, жақындарынан зәбір көріп жатады. Мәселен, көптен бері араласпай кеткен досыңыз сізге шектен тыс көңіл бөлсе, тіпті бейтаныс нөмірлерден хабарласып мазаласа, бұл – сталкингтің жеңіл түрі. Сарапшылардың айтуынша, жағдай одан ушығып, адам өміріне қауіп төндіретін кездер де болады.

– Сталкинг – бұл психиатриялық диагноз емес және ол халықаралық аурулар тізімінде өз алдына ауру ретінде көрсетілмеген. Дегенмен, ол көбіне нақты психикалық бұзылыстардың симптомы ретінде көрініс табуы мүмкін. Мұндай әрекеттердің артында бірнеше себеп тұрады: біріншісі, сандырақ сенімдерге (эротомания) беріліп, өз әрекетін дұрыс деп санайды. Екіншісі, тұлғалық бұзылыстар, мұнда адам өзге біреуді бақылау арқылы өзін растауға тырысады және жоқ дегенді түсінбейді. Үшіншісі, әлеуметтік сталкинг, бұл – адамның мінез-құлқындағы обсессивті ойлар мен эмоцияға тәуелділіктің нәтижесі.  Құрбаны одан қашқан сайын, бақылауды жоғалтып жатқанын сезіп, агрессияға басады. Ең қауіптісі – сталкерлер өз әрекетінің қауіпті екенін сезінбейді, олар өз қылығын қамқорлық немесе сүйіспеншілік деп ақтап алады. Сондықтан олар өздігінен маманға бармайды, – дейді әлеуметтік психолог Жанна Баетова.

АҚШ пен Ұлыбританияда сталкинг үшін адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Шетелде сталкинг заңмен реттеле ме?

Әлем елдері сталкингпен күрестің түрлі жолын таңдаған. Алғаш рет 1990 жылы Калифорнияда сталкинг туралы заң қабылданған. Бұл заң актриса Ребекка Шаффердің қайғылы өлімінен кейін енгізілген. АҚШ-та ол үшін жаза 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал ауыр жағдайларда 10 жылға дейін. Оған қоса киберсталкинг те бөлек қылмыс ретінде қарастырылады.

Көп елде сталкинг қылмыс ретінде қаралады немесе арнайы қорғау шаралары бар екен. Мәселен, Англияда сізді жүйелі түрде мазалап, қорқыныш тудыратын әрекеттер заңмен «harassment және stalking» деп танылуы мүмкін. Егер әрекеттер сізге зорлық немесе айтар­лық­тай алаңдаушылық тудыр­са, 5 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған. Сонымен қатар 2019 жылы құрбандарды қорғауға бағытталған арнайы шаралар  енгізген. Ал Германияда сталкингке де­йінгі әрекеттер, яғни адамды қорқыту немесе өміріне араласу – қылмыс. Фран­цуз кодексінде моральдық қысым (moral harassment) деп аталатын заң бар. Бұл заң бойынша қудалау әрекеті адамның денсаулығына және психи­ка­лық жағдайына зиян келтірсе, айып­пұл салынып, тіпті бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Үн­дістан 2013 жылғы түзетулерге сәйкес сталкинг қылмыс ретінде мына жағ­дайды енгізген. Бірінші рет жасалса, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру және айыппұл, қайталанған жағдайда 5 жылға дейін бостандығы шектеледі.

Жыл басынан 6 дерек тіркелді

Бүгінге дейін сталкингті көбіне от­ба­сылық кикілжің, тұрмыстық түсініс­пеушілік деп немесе оған бейжай қа­рай­тын едік. Алдыңғы заңнамада мұн­дай әре­кет­терге байланысты нақты ұғым да, ар­найы бап та болмады. Соның сал­да­­рынан құқықтық жауапкершілік те қа­­рал­майтын. Арыз-шағымдар негізінен Қылмыстық кодекстің «Жеке өмірге қол сұғу» (147-бап) немесе «Қорқыту» (115-бап) баптары бойынша бар-тұғын. Алайда бұл баптар сталкингтің барлық формаларын толық қамти алмады. Оның үстіне қорқытып-үркітуді қылмыстық жазаға тартпайтын.

Жыл басында Шымкенттегі 21 жас­тағы студент Нұрай Серікбайдың өлі­мі еліміздегі сталкинг мәселесінің қанша­лықты қауіпті екенін және жүйенің дәр­менсіздігін тағы да ашып көрсетті. Марқұм тірі кезінде құқық қорғау органдарына бірнеше мәрте көмек сұрап жүгінгеніне қарамастан, қорғаусыз қа­лып, ақыры өзін аңдыған сталкердің  қо­лынан қаза тапты. Қоғамда бұл жағдай резонанс тудырды. Содан кейін сталкинг туралы заңның бар екені, оның пәр­мені күшейтілгені туралы құқық қор­ғау органдары жан-жақты түсіндірме жұ­мыс­тарын жасай бастады.

Полиция басқармасы отбасылық тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы кү­рес бөлімшесінің қызметкерлері «Стал­кингті тоқтат» республикалық науқаны аясында түсіндірме жұмыстарын жүр­гізуде. Іс-шара некеге мәжбүрлеу, стал­кинг және әйелдерге қатысты өзге де зорлық-зомбылыққа төзбеу қағида­тын қалыптастыруға, сондай-ақ азамат­тардың құқықтық сауаттылығын артты­руға бағытталуда. Науқан наурыз айы­ның 10-на дейін жалғасады. Негізгі мақ­саты – әрбір әйел мен қыз бала үшін қа­уіпсіз орта қалыптастыру, зорлық-зом­былыққа жол жоқ екенін және мұндай құқықбұзушылықтар міндетті түрде заң аясында жауапкершілікке әкелетінін ұғындыру.

Сталкинг дерегі бойынша Қызылорда қаласының №2 сотында қылмыстық іс қаралған. Облыстық соттың баспасөз қыз­метінің мәліметінше, сотталушы жә­бірленушіге әлеуметтік желі арқылы және ұя­лы телефонына хабарласып, се­зімін біл­діре бастаған. Алайда жәбір­ле­нуші­нің байланыс орнатуға ниеті жоқ­ты­ғына, абоненттік нөмірлерін бұғаттап тас­та­ғанына қарамастан, мазасын ала берген. Қала берді, тұрғылықты мекен­жайына, жұмыс орнына көлігімен қай­та-қайта барып, шығуын талап етіп, аң­дыған. Осылайша 2022 жылдан бері жә­бірленушіні жүйелі түрде аңдып, стал­кинг жасаған. Сот отырысында жә­бір­ленуші осы оқиғаның салдарынан қала аумағында емін-еркін жүре алмай, басқа үйге көшуге мәжбүр болғанын көрсетіп, сотталушыға жаза қолдануды және моральдық зиян өндіруді сұраған.

Сот бойжеткеннің тыныштығын бұз­ған жігітті Қылмыстық кодекстің 115-ба­бының 1-тармағымен 25 тәулікке қа­мауға алу жазасын тағайындады. Сон­дай-ақ жәбірленушінің пайдасына 500 мың теңге моральдық зиян өндірді.

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері облыс аумағында әйелдерге қатысты стал­кинг­тің 6 дерегі анықталып, жолы кесілді. Барлық жағдайда күдіктілер жәбірле­нушілермен бұрын таныс болған. Қарым-қатынас тоқтатыл­ға­ны­на қарамастан, күдіктілер жәбірле­ну­шілерді мазалауын жалғастырған. Олар түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жазған, үйіне және жұ­мыс орнына барып, тыныштығын бұз­ған. Жә­бірленушілер байланысын толық үзге­ніне, әлеуметтік желілерде бұғат­таға­нына және кездесуден бас тартқа­нына қара­мастан, қудалау әрекеттері тоқта­маған.

Полиция басқармасы азаматтарға мұндай құқықбұзушылықтар үшін қол­­да­ныстағы заңнама аясында қатаң жа­уап­­кершілік қарастырылғанын ескер­теді. Егер сіз немесе жақындарыңыз осын­­дай жағдайға тап болса, дереу по­ли­цияға хабарласу қажет.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»