Жылдың басты жаңалықтарының бірі – қаланың сол жағалауынан облыстық тарихи-өлкетану музейінің заманауи үлгіге сай жаңа ғимараты пайдалануға берілуі. Сәнді де сәулетті мәдени нысан Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл мерейтойына лайықты тарту болды.
Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы ұйымдастыру комитетінің 1939 жылдың 7 ақпанындағы қаулысының негізінде құрылған облыстық музей өзінің 85 жылдық белесінде өлкеміздің тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен өнеріне қатысты рухани құндылықтарды халыққа терең насихаттап келеді.
Қазір жаңа, еңселі ғимараттың есігінен енген бойда ерекше жайлылықты сезінесіз. Кең дәлізді бойлай жүріп, өзіңізге қажетті экспозициялық залды таңдай аласыз. Айта кетейік, мұнда 11 тақырыптық зал жасақталған. Келушілер үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жұмыс істейтін сенсорлық құрылғылар арқылы өзін қызықтырған жәдігерлер туралы барлық ақпаратпен өз бетінше таныса алады. Қай залды араласаңыз да, сыр-сипаты бөлек мол қазынаға кенеліп, құнды ақпаратқа қанығасыз.
Қазақ хандығы тарихы, Алтын Орда дәуіріндегі тарихи деректер кім-кімді де қызықтыра түсетініне күмән жоқ. Соның бір айғағы, Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына жүргізілген археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстары кезінде табылған түрлі жәдігерлер аймақ тарихындағы айрықша құндылықтар санатында. Айталық «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі», алтын киімді «Шірік Рабат сақ жауынгері» және алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы» сынды реконструкциядан өткен тарихи құнды жәдігерлер талай ғасырдың сырын шерткендей, терең құпиясымен таңғалдырады.
Енді бір залда орта ғасырлық көшпенділер мәдениетінің көрінісі көз алдыңызға келеді. Өйткені бұл күні жәдігерге айнала бастаған қыш құмыра, диірмен, күбі, саба, сандық, кебеже сияқты тұрмыстық бұйымдар кешегі бала күннің естелігіндей, көңілге жылылық ұялатады.
XVIII ғасырдағы хан асасы, діни ағартушы Марал ишанға тиесілі көк аса, діни қайраткер Мүсірәлі сопы Әзизге тиесілі аса, бұдан бөлек, сол кезеңдегі айбалта, алтын қылыш, күміс кездік сияқты бұйымдардың реконструкциясы өз алдына мазмұны бөлек жәдігерлер. Сонымен қатар, Марал ишанның оққағары және Кенесары ханның әскері Тәжі батырға тиесілі күмістелген «Керей ері» (ХІХ ғ), Бұқарбай батырдың туы мен қылышының (1812-1898) түпнұсқасы еріксіз назар аудартады.
Тарихи жәдігерлердің қай-қайсысы да өзіндік терең сырымен толғандыра түседі. Бұдан бөлек, киіз үй, кілемше, көрпе-төсектер, ат жетектеген жігіт, бесік таянған келіншек сұлбасы сияқты көріністер ерте заманғы қазақ ауылының тұрмысын еске салады. Сондай-ақ зергерлік бұйымдар, әшекейлер, сирек кездесетін кітаптар, музыкалық аспаптар, киім үлгілері, тұрмыстық жабдықтар шынайы әрі өзгеше көркемдігімен көз тартады.

Алаш зиялыларына арналған экспозициялық залда ұлт қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне қатысты фотосуреттер және деректер жинақталған. Ұлт ағартушысы А.Байтұрсыновтың кітабы, М.Шоқай тұтынған бұйымдар осы залдан орын алған. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері туралы мәліметтер қанша уақыт өтсе де өзіндік құндылығын жоғалтпайды. Бұл кезең туралы арнайы экспозициялық залда жан-жақты көрсетілген.
«Ақмешіт – Перовк – Қызылорда» қоғамдық-саяси мәртебесі бойынша қаланың тарихы, жалпы Сыр өңірінің табиғаты, даласы, аң-құстары, өсімдіктері туралы мәліметтер кеңінен қамтылған.
Тәуелсіздік жылдарындағы өңір келбетіне қатысты маңызды оқиғалар жылнамасы түзілген. Онда 1991 жылдардан бері қарай облыста орын алған қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғалар, өңірдің мәдениеті мен өнеріне, әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты құнды деректер қамтылған. Осы залдан айтыскер ақындар Мұхтар Ниязов үш дүркін (2020 ж), Мейірбек Сұлтанхан бір мәрте жеңіп алған (2024 ж) «Алтын домбыра» және Бексұлтан Орынбасар иеленген (2025 ж) «Күміс домбыра» жәдігерлерін көруге болады. Осының өзі «Сыр елі – жыр елінің» ұлы өнер көшіндегі өзіндік орнын айшықтап тұрғандай.
Жалпы музей қорында 70 мыңнан астам жәдігер сақтаулы, оның ішінде 25 мыңнан астамы түпнұсқа. Экспозицияларда аймақтың табиғаты, археологиясы, этнографиясы, Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы, Сыр өңірінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуы кеңінен қамтылған.
Музей өзінің экспонатымен құнды. Сондықтан жәдігерлерді жинақтап, сақтап, келер ұрпаққа жеткізу өте маңызды. Осы орайда жаңа ғимаратта көлемі 800 шаршы метрлік арнайы қор сақтау бөлімі бар. Жалпы музейдің аумағы 3500 шаршы метр болса, соның 2 мыңнан астамы экспозициялық алаңға берілген.
Музей ғимаратының жалпы аумағы 3366 шаршы метр болса, оның басым бөлігіне экспозициялық залдар орналасқан. Сонымен қатар, қор сақтау қоймалары, интерактивті сенсорлық панельдер, 3D модельдер, анимациялар мен голографиялық құрылғылар, LED экрандар сынды заманауи мультимедиялық шешімдер қарастырылған.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Жаннат Дәуренқызының айтуынша, жаңа үлгідегі облыстық музей халыққа жан-жақты қызмет көрсетуге дайын. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерімен тұрақты байланыс орнатып, түрлі тақырыпта ғылыми-танымдық конференциялар, семинарлар ұйымдастыру жоспарда бар.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






