Омарташы – ең алдымен, қызығушылықты, сонан соң аса ыждағаттылықты талап ететін жұмыс. Өйткені негізгі өнім өндіруші – бал арасы. Ал омарташының міндеті – оларға лайықты жағдай жасап, тамшыдан құралған шырынды төкпей-шашпай жинап алып, талапқа сай өңдеу. Негізгі жұмыс жаз мезгілінде қарқынды жүреді. Өйткені осы маусымда бал аралары дала кезіп, дамылсыз еңбек етеді.
Ақпарат көздерінен білгеніміздей, ара жәндігі табиғат тепе-теңдігінің сақталуында ерекше орын алады. Мысалы, олар өсімдіктердің тозаңдануына әсер етеді екен. Егер аралар болмаса, өсімдіктер де жойыла бастайды деген сөз. Ойлап қарасақ, оның ар жағында үлкен мәселе жатыр.
Жалағаш кентінің тұрғыны Азамат Нағашыбай омарта шаруашылығын 2020 жылдың көктемінде бастады. Айта кетейік, кәсіпкерлік жоба мемлекеттік бағдарлама аясында берілген қайтарымсыз қаржылай қолдау арқылы жүзеге асты. Бұл қаражатқа кәсіпкер бастапқы құрал-жабдықтарын сатып алып, 35 жәшік ара ұясын орналастырды.
Бүгінде түрлі сортты бал өнімдері облыс аумағында тұрақты сатылымда. Тіпті өзге өңірлерден де тапсырыстар түсіп жатады. Нақтырақ айтсақ, өнім көлемі екі есеге артып, жылдық бал өндірісі шамамен 1 тоннаға жуықтады. Өнімнің нарықтағы сатылым жүйесі жолға қойылған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері мен арнайы тапсырыстар арқылы да өткізу ауқымы кеңейіп келеді.
Кәсіп иесі бал арасын өсіру арқылы біріншіден, табиғи таза өнім өндіріп, екіншіден, жеке кәсіпкерліктің өрістеуіне өз үлесін қосып отыр. Оның айтуынша, омарта жыл бойы әр жерге көшіріліп отырады. Мысалы, егіске тыңайтқыштар жіберілгенде, сонымен қатар, зиянкес жәндіктерден қорғау үшін аралардың орнын ауыстырып отыруға тура келеді. Біз білмейтін тағы бір мәлімет, араларға талапқа сай күтім жасалып, қажет болғанда дәрі-дәрмек беріледі екен.
– Мемлекет қолдауымен грант иеленіп, бал арасын өсіруді кәсіпке айналдырғаныма биыл 5 жыл болды. Осы уақыт аралығында байқағаным, өнімге қай кезде де сұраныс бар. Тағы бір артықшылығы, бұл өнім ұзақ уақыт сақталса да, сапасын жоғалтпайды, яғни құнын жоймайды. Сондықтан алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді омарташы А.Нағашыбай.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






