Сығанақтың көне қыштарында талай ғасырдың құпиясы бар

925

0

Қызылорда облысында орналасқан Сығанақ қалашығында жергілікті археологтар мен өлкетанушы мамандар тарапынан талай құнды мәліметтерді анықтады. Осы орайда Жаңақорған ауданында тұратын тарихшы-өлкетанушы Әлімжан Ержановпен кезінде Ақорданың астанасы атанған Сығанақ шаһары жайында ой бөліскен еді.

Сыр өңірінде көптеген көне қалалар баршылық. Тарихшы-өлкентанушы ретінде сол құндылықтарды елге таныстыруға күш салып жүрсіз. Сол тарихи шаһарлардың біршамасы Жаңақорған топырағында жатыр. Қазірге дейін Сығанақтың құрылысына байланысты қандай мәліметтер анықталды?

– Біздің өңірде ортағасырларда тұрғызылған ғимараттар аз емес. Атап айтқанда, Аркук, Аққорған, Өзгент, Сығанақ қалаларында уақтысында көптеген медресе, мешіт, мавзолей, түрлі сарай, мұнаралар бой көтергенін білеміз. Өкініштісі, олардың көбісі бүгінде үйіндіге айналды. Қараусыз қалудың салдарынан олар тозып кетті. Қайсыбір жылдарда көне шаһарлар құлап жатса да ешкім назар аудара қойған жоқ. Ендігі бірі адамдардың қолдан бұзу арқылы да жойылды. Ортағасырлық кезеңге тән ғимараттардың қалдықтарын бүгінгі күні өңірдегі көне Сығанақ қаласының орнынан көруге болады. Қала орнында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде бірнеше мавзолейдің орны ашылды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында басқа жақтан келген өзге ұлт өкілдері сол көне қалалардың бұзылып кетуіне итермеледі. Мәселен, көршілес Шиелі ауданына жер аударылып келген өзге ұлт өкілдері баспана тұрғызу мақсатында Сығанақ қаласынан көне ғимараттарды бұзып алып кетті. Қыштарды үй немесе басқа да ғимараттарды тұрғызуға пайдаланды. Соның салдарынан Сығанақ шаһарындағы көптеген ескерткіштер толығымен бұзылып кетті.

Сығанақтың көне қыштарында талай ғасырдың құпиясы бар

Сығанақта табылған қыштардан қандай деректер мен мәліметтерді байқауға болады?

– Қала орнында сол қыштар үйінді болып шашылып жатыр. Кейбір ғимараттардың қыштарынан шаһардың соңғы тұрғындары да ХVIII-XIX ғасырларда шағын үйлер тұрғызып, сонда өмір сүргенін аңғару қиын емес.

Негізінде қыш жасау технологиясы да көп жұмыс қолы мен уақытты қажет еткен. Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің қыштары мен керамикасына зерттеу жүргізген ғалым Софья Тәкібаева «Көгілдір күмбездің құпиясы» атты еңбегінде оның технологиясына байланысты көптеген мәліметтер келтірді. «Ахмет Яссауи мавзолейі кірпіштерінің жасалуы қарапайым көрінеді. Бірақ, технологиялық дайындауда әр операцияның өзіне тән қыр-сыры болған. Кірпіш дайындаудың бірінші сатысында таңдалған жерді тазалауда бірде-бір тамыр, өсімдік сабағын қалдырмау керек. Осындай тазаланған алаңнан шұңқыр қазылады, топырақты әбден майдалап су құйып тастайды да, кетпенмен араластырып аяқпен езгілейді. Лай бетіндегі суды тері қаппен құйып алып қайтадан таза су құяды. Бұл не үшін керек? Бұл кірпішті күйдіргенде оны бұзбас үшін топырақ құрамындағы тұзды ерітіп жуу үшін қажет.

Лай дайындаудың соңғы сатысында лай құрамына шөп, аттың қылын, жүн майдалап, ұсақтап қосады», – деп жазады.

Қысқа қарай дайындалған лайды кетпенмен бір жерге төбе қылып үйіп, көктемге дейін қалдырады. Ұзақ уақыт жинап қою лайдың тығыздалуына әкеледі. Көктем шыға кесек дайындау басталады. Жұмыс алаңы қызу жұмысқа толатын. Шеберлер кесек құю технологиясын үнемі бақылауда ұстаған. Шеберлердің көмекшілері мен жұмысшылар өз біліктілігіне қарай жұмыс істеген. Біреулер ағаш қалыптарды лаймен толтырып бетін тегістеп отырса, екіншілері сол қалыптарды тегістеп дайындалған алаңға қатарлап аударып отырған. Кептіру уақыты ауаның температурасы мен ылғалдылығына байланысты.

Кірпіштер қажеттілігіне қарай әр түрлі формада және көлемде әзірленді. Көпшілігі қалындығы 50-60 мм, көлемі 240 мм-ден 460 мм-ге жететін, салмағы жеті килограмм кірпіштер болды. Бір қызығы, көптеген кірпіштерде алақан мен саусақ ізі кездеседі. Адамның саусақ іздерінің анықтығы сондай содан бері ғасырлар емес, бірнеше күн ғана өткендей сезіледі.

Бала күнімізде бәрімізде лайдан неше түрлі мүсіндер жасадық. Алайда, күнге кептірілгеннен кейін бұл мүсіндер жарылып кететін. Ал Ахмет Ясауи кесенесіндегі кесектерде жарылған іздер жоқ. Бұл кірпіш лайының аса ыждағаттылықпен дайындалғандығын көрсетеді. Лай құрамына қосылған шөпшектер, жылқы қылы, жүн – арматураның жұмысын атқарып кесектің жарылуына жол бермеді.

Кептірілген кірпіштер арнайы қолдан жасалған ошақтарда күйдірілді. Сыртқы кейпі үстінде тесігі бар аударылған қазан формасында болды.

Сығанақтың көне қыштарында талай ғасырдың құпиясы бар

Қыштарды күйдіруде қандай технологияны пайдаланған?

– Жаңа атап өткен ошақтарда Орта Азияда әлі күнге дейін нан, самса пісіріледі. Ошаққа бізге беймәлім арнайы отын пайдаланған. Аңызға сүйенсек, кейбір деректерде 1000-1100º-қа дейін ыстық беретін тамырлы шөп туралы айтылады. Ол шөп Түркістан маңында сол кезде өскен деген болжам бар. Керекті жоғары температураны алу үшін жел үрлеп отыратын арнайы жасалған ошақтар болған. Ауызша жеткен мәліметтерге сүйенсек, үлкен кірпіштерді ойпаттау жерге жинап, үстіне отын үйіп бірнеше күн жағып күйдірген.

Кірпіштердің мықты болуы үшін қандай дүниелер қосылған?

– Оларды күйдіргенде қосылған шөпшек, жылқы қылы, жүн, отқа күйіп, кірпіш ішінде қуыстар пайда болады. Бұл қуыстар кірпіш салмағын жеңілдетіп төзімділігін арттыра түседі.

Ғалым Софья Тәкібаева атап өткен еңбегінде кірпіш күйдіруге қандай ағаш пайдаланғанын анықтап көрсетпеген. Менің ойымша, бұл сексеуіл және шеңгел секілді. Себебі, сексеуіл жоғарыда айтылғандай 1000-1100º-қа дейін температураны бере алады. Сексеуілден көмір дайындап, темір ұсталары күні кешегіге дейін темір қыздырып соққан. Ал темірді қыздыру үшін 800-1100º аралығында температура қажет. Сондықтан қыш күйдіретін пештерде арнайы жел үрлеу арқылы, осы сексеуілді пайдаланып, керекті қызу температурасына жеткізіп отырған. Өңірде өсетін шеңгел де және оның тамыры сексеуілден кем емес жоғарғы қызу береді. Бұл өсімдіктер біздің өңірде көп өседі.

Ата-бабамыз салған сол құнды дүниелер күні кешеге дейін жетті. Осының өзі олардың сапалы салынуын көрсетеді емес пе?

– Уақтысында Сығанақтың айналасында көптеген ғимарат бой көтерген. Солардың бірі – Көккесене. Көккесененің орны бүгінде Жаңақорған ауданындағы Қожамберді ауылының шетіндегі зиратта үйінді болып жатыр. Ғимарат кезінде күйдірілген қыштан тұрғызылған. Кешегі күнге дейін мұнда Көккесенеден бөлек ғимараттардың орнын байқауға болатын еді. Уақтысында олар да кесене ретінде тұрғызылған секілді. Бүгінде айналасына адамдар жерленіп, ол ғимараттардың орны жоғалып кетуде. Мұндай үлкен ғимараттарды тұрғызу үшін көп қыш кетеді. Ол қыштарды дайындап күйдіру аса көп жұмыс қажет етеді. Ол заманда көлік мәселесі қиын болғанын бәріміз білеміз. Сондықтан қыштарды құрылыстан алыс емес жерде дайындайтын болған. Оған қоса жергілікті жердің топырағы да қыш жасауға жараған секілді. Себебі, кез келген топырақ қыш жасауға жарамайды, оның құрамында біріктіретін заттардың болуы және қышты кептіріп күйдіргенде жарылмас үшін құрамында тұздың да болмауы керек.

Енді Сығанақтың төңірегінде ой қозғасақ. Бұл аумақта қыш дайындау қалай жүргізілген?

– Қала маңындағы жерлердің топырағы қыш жасауға жарамды болған. Қазір Сығанақтың айналасы егістік алқаптарға толып кетті. Каналдар жүргізіліп, күріш егілді. Соның салдарынан түрлі тыңайтқыш химиялық заттарды пайдалануға көңіл бөлінді. Ол жерасты суының деңгейі жоғарылауына алып келді. Яғни, олар жер бетіне жақындап, сор басты. Осының әсерінен қала орнында археологиялық қазба жұмыстары барысында аршылып жатқан көне ғимараттардың қабырға қалдықтарындағы қыштарды тұз жеп, олардың тез бұзылуына әсер етуде. Кейбір ғимараттардың сыртын ою-өрнегі және түрлі-түсті бояуы бар қыш-қаптамамен сәндеген. Көбінесе өрнектелген қыштар көгілдір бояумен өрнектелген. Бояудың да технологиясы бүгінде зерттеушілерге құпия ретінде толығымен ашылмай тұр. Ортағасырларда ұсталар бояуға қоспаларды бүгінгідей түрлі жолдармен химиялық әдістер арқылы емес, ол кездерде түрлі өсімдік, шөптердің тамырларынан алатын болған.

Сығанақ қаласының орнына барғанда ортағасырлырдағы ұсталардың құйған қыштарындағы саусақ іздері көзімізге түседі. Кейбірінде қасқыр, теке және өзге жануарлардың аяқтарының іздері басылған. Бұл іздерге байланысты түрлі пікір бар. Біреулер оны жануарлар қыштар кептіру барысында байқаусыздан басып кеткен дейді. Енді біреуі сол замандағы адамдардың ырымшылдығына, наным-сеніміне байланысты әдейлеп таңба ретінде басылған дейді. Қалай десект те ол қыштарда бүгінде есімі белгісіз ұсталар немесе олардың қарапайым көмекшілерінің қолының ізі жүздеген жылдар бойы сақталып келеді.

Әділжан Үмбет

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<