Өңірдегі іргелі оқу орталығы – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі алғаш 1977 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің бұйрығымен ашылған еді. Бүгінде жарты ғасырға жуық қызмет көрсетіп келе жатқан оқу орнының Сырдағы мәдениет пен өнердің дамуына қосқан сүбелі үлесі бар. Басты жаңалық – жуырда қаланың сол жағалауында жоғары музыка колледжінің заманауи үлгідегі сәулетті жаңа ғимараты бой көтерді.
Облыс әкімінің қолдауымен салынған оқу ғимараты мен жатақхана құрылысының (демеушісі «Саутс-Ойл» компаниясы) тұсаукесері 1 маусым күні өтті. Жаңа ғимаратта студенттерге барлық жағдай жасалған. Үлкен концерт залы, екі бірдей би залы, хор бөлмесі бар. Кең музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Сонымен бірге, уақыт талабына сай жасақталған 200 орындық жатақхана шалғай елді мекеннен келген жас өрендерді қабылдауға дайын.
«Елу жылда ел жаңа» деген көзқараспен пайымдасақ, бүгінде іргелі өнер ордасы – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің ғылыми, шығармашылық әлеуеті ұлғайып, музыка өнерін оқытудың заман талабына сай жаңаша үлгілерін қолданысқа енгізген. Оқу орнында «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медальдарының иегерлері және мәдениет қайраткерлері білім береді.
Колледж жанынан құрылған халық аспаптары оркестрі (жетекшісі Р.Балмасов), аралас хор (жетекшісі Р.Қазбеков), домбырашылар ансамблі (жетекшісі Ж.Жұмабек), қобызшылар ансамблі (жетекшісі С.Пұсырманова), сырнайшылар ансамблі (жетекшісі А.Боранғұлова), үрмелі аспаптар оркестрі (жетекшісі Ғ. Лұқпан), «Шаттық» би ансамблі (жетекшісі Ө.Сембаев) бүгінде қала, облыс көлемінде ғана емес республикалық деңгейдегі көптеген мәдени іс-шараларға белсене қатысады.
Сыр өңірі мәдениет пен өнерінің алтын қазығына айналған оқу орнының түлектері бүгінге дейін республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып жүр. Атап айтар болсақ, әйгілі күйшілер Ерболат Мұстафаев, Төлепберген Тоқжанов, «Астана – опера» театрының әншісі Бибігүл Жанұзақ, Мәлік Азат, Орал филармониясының Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетов, Абай атындағы опера және балет театрының әншілері Тахауи Рахметов, эстрада әншілері Мадина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Қайыржан Оспанов және т.б. көптеген шәкірттер бүгінде республиканың белді ұжымдарында қызмет етіп жүр. Айта кетейік, колледждің қазіргі директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қауымдастырылған профессор, философия докторы (PhD), «Құрмет» орденінің иегері Мүсілім Әмзе – осы оқу орнының түлегі.
Жалпы ән салу өнері бойынша Сыр өңірі әншілері өте талантты әрі кәсіби деңгейі жоғары өнерпаздар. Олар осы бүгінгі Қазанғап атындағы музыка колледжінде вокал өнері бойынша білім алған мамандар. Айта кетейік, республика көлемінде «Қызылорда вокал мектебі» деген дара көзқарас қалыптасқан. Бұл – Инаят Жарылқанов, Қаракөз Ақдәулетова, Феруза Арғынбаева және Ғалым Сүлейменов сияқты мықты музыка мамандарының еңбегі екенін атап өтуіміз керек.
Осыған дейін жазғанымыздай, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы оңтайландыру саясаты өнер шаңырағын да шарпып өтті. Оның бір мысалы, 1996-1997 жылдары облыстағы педагогикалық және музыкалық колледж біріктіріліп, бір ғана гуманитарлық колледж болды. Ақиқатында бұл – ақылға сыймайтын іс еді. Алайда сол кездегі ел экономикасындағы дағдарыс, қаржылық қиындықтар соны талап еткен болар. Алайда бұл жағдай білім сапасына ғана емес, өнер ұжымының әлеуметтік-психологиялық ахуалына да айтарлықтай кері әсерін тигізді. Сондықтан көп ұзамай бұл шешім күшін жойып, колледж мәселесі қайта қаралды.
Сол кездегі облыс әкімі Б.Сапарбаевтың 1999 жылдың 26 ақпандағы №8 шешіміне сәйкес музыка колледжі қайтадан дербес өнер шаңырағы болып құрылып, облыстық бюджеттен қаржыландыру мәртебесі берілді. Осы жылдары оқу процесіне қатысты материалдық-техникалық база жабдықталып, студенттердің сапалы білім алуымен қатар, әлеуметтік қолдау шаралары да басты назарда болды.
Музыкалық колледждің бұрынғы директоры ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаевтың еңбегімен 2007 жылы облыстық филармония жанынан Тұрмағамбет оркестрі, ал 2014 жылы камералық оркестр құрылды. Дәлірек айтқанда, облыстық филармония мамандарының 90 пайыздан астамы осы музыкалық колледждің түлектері. Сондай-ақ осында оқып, арнайы музыкалық білім алған түлектер Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде оқуын жалғастырып, жоғары білім алып, елге келіп қызмет етіп жатыр. Бұл да өнер ұжымындағы өзара сабақтастықтың айқын көрінісі десек болады.
Оқу орны 2019 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен «Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны» болып өзгерді, яғни, колледжге «жоғары» деген мәртебе берілді. Бүгінде музыка колледжінде «Арнайы фортепиано», «Үрлемелі-ішекті аспаптар», «Халық аспаптары», «Вокал өнері», «Хор дирижері», «Хореография өнері» мамандықтары бойынша 9-11 сынып бітірген талапкерлер білім алады.
Оқу орнына басшылық етіп отырған белгілі дирижер Мүсілім Әмзе бұған дейін ел аумағындағы айтулы өнер ұжымдарынан бөлек, Қытай, Түркия, Израиль, Ресей, Германия, Жапония сияқты шетел сахнасында өнер көрсетіп, тәжірибеден өткен білікті маман. Нәтижесінде музыкалық зерттеулер бойынша бірқатар шығармашылық еңбектері жарыққа шықты. Мысалы, сала бойынша зерттеу еңбегі – «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» атты оқу құралы, жақында ғана баспадан шыққан «Қазақстан дирижерлік өнері» атты көлемді монографиясы қазақ музыка өнерінің ғылыми әлеуетін көтеруге қосылған сүбелі үлес десек болады.
Мүсілім Әмзенің идеясымен өткен жылы құрылған Қызылорда облыстық симфония оркестрі бүгінде кәсіби өнер ұжымына айналып, көрермен ықыласына бөленіп жүр. Оркестр құрамында негізінен жергілікті музыканттар, оның ішінде осы колледж ұстаздары мен студенттері еңбек етеді. Бірі мұғалім, бірі шәкірт осы оркестрде өнер көрсетеді, тәжірибе жинайды. Сондай-ақ басқа аймақтан келген музыканттар да бар, олар да осы оқу орнының оқытушысы болып қосымша қызмет етеді.
Симфония оркестрі Астанада өткен Қызылорда облысының күндерінде Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрімен бірге өнер көрсетіп, елордалық көрермен қауымды тәнті етті. Сондай-ақ «Симфония сазы», «Шексіз музыка» деп аталатын үлкен концерттер беріп, Сыр жұртшылығының да сүйіспеншілігіне бөленді.
Бүгінге дейін колледждің ескі ғимаратында оқушылардың сапалы білім алуы үшін 100 орындық оқушылар жатақханасы, 30 орындық асхана, 100 орындық мәжіліс залы, 20 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана, 30 орындық оқу залы жұмыс істеп, өнерге құштар жастардың талантын ашып, қабілетін шыңдауға қызмет етті.
Колледж директоры Мүсілім Әмзе оқу орнының бүгінгі жетістіктері туралы айта келіп, алдағы оқу жылынан бастап түлектер жаңа ғимаратта білім алатынын, яғни шығармашылық аясы кеңейіп, білім сапасы арта түсетініне сенімді екенін білдірді.

– Колледжде қызмет ететін көптеген оқытушылар республика деңгейінде танымал, облыс мақтанышына айналған өнер майталмандары. Атап айтар болсақ, «Ән салу» бірлестігінің оқытушылары ҚР еңбек сіңірген артисі Қ.Ақдаулетова, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері П.Арғынбаева, Ғ.Сүлейменов вокал өнері бойынша көптеген талантты шәкірттер тәрбиелеп, қазақ өнерін әлемге танытты. Өкініштісі, олар бүгінде ортамызда жоқ.
Директордың оқу-өндіріс ісі жөніндегі орынбасары Ә.Ахметова, тәрбие жөніндегі орынбасары Р.Елеусінова, «Хореография өнері» бірлестігінің меңгерушісі Ө.Сембаев, «Арнайы фортепиано» бірлестігінің меңгерушісі Ғ.Бексұлтанова, «Домбыра-шертер» бірлестігінің меңгерушісі М.Құттымұратов, «Қобыз-баян» бірлестігінің меңгерушісі Ғ.Жұбанов, «Хор дирижері» бірлестігінің меңгерушісі Р.Мұстафаева, «Жалпы фортепиано және концертмейстерлік» бірлестігінің меңгерушісі Д.Нұрмышева, «Үрмелі және ішекті аспаптар» бірлестігінің меңгерушісі А.Ыбаш, «Дәстүрлі ән салу» бірлестігінің меңгерушісі А.Рахметов, «Академиялық ән салу» бірлестігінің меңгерушісі С.Байсейітова, «Музыка теориясы» бірлестігінің меңгерушісі Д.Жолдасова, «Жалпы білім» бірлестігінің меңгерушісі Г.Домбылова өнер жолын таңдаған жас буынды тәрбиелеуде жемісті еңбек етіп келе жатыр. Жалпы колледжде 131 оқытушы бар. Сондай-ақ магистр ғылыми атағы бар жас оқытушылар қызмет атқарады.

Жуырда колледж ұжымын түлектер жетістігі тағы бір жаңалықпен қуантты. Дәлірек айтсақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қазақстан Республикасы колледждерінің 100 үздік студенті» республикалық байқауында «Домбыра-шертер» бірлестігінің 3-курс студенті Досымжан Маханбетхан, «Қобыз-баян» бірлестігінің 4-курс студенті Динара Әбуова жеңімпаз атанды.
Таяуда пайдалануға берілген типтік үлгідегі, заманауи талаптарға сай жаңа ғимараттың сыртқы сәулеті, ішкі үйлесімі керемет, көз тартады. Ендігі біздің міндетіміз – оқу орнының шығармашылық әлеуетін дамытып, шәкірттеріміздің бойына саф өнерді дарыту. Осы мақсат жолында барша әріптестердің еңбегіне табыс тілеймін, – дейді колледж директоры Мүсілім Әмзе.
КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова «Қазақстанда талантты жастар көп, соның ішінде Қызылорда облысы әншілерінің орны бір төбе» деп баға берсе, ҚР Халық артисі, Еңбек Ері, профессор Айман Мұсаходжаева «Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі музыкалық білім беру саласындағы мамандандырылған оқу орындары арасында алдыңғы қатарда» деген екен.
Елдің игі жақсыларынан осындай баға алған, Сыр мәдениеті мен өнерінің алтын қазығына айналған іргелі оқу орнының алар асуы биіктей берсін деп тілек қосамыз.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






