Сыр өңірі білім мен ғылымның ордасына айналып келеді

160

0

Фото: Облыс әкімдігі

«Қазақстанда үш мықты мектептің жүйесі бар. Соның бірі – физика-математика мектебі. Бұл білім ордасының негізі 1969 жылы құрылған. Мен оның алғашқы түлектерінің бірімін. Қаншама жылдан кейін Қызылорда облысында  филиалының ашылуы үлкен қуаныш, үлкен мәртебе. Өйткені Сыр өңірі тек жыр өңірі ғана емес, ғылым өңірі болуы тиіс. Оған біздің әлеуетіміз де, жігеріміз де жетеді». Бұл – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаевтің аймақта ашылған физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының ашылуында айтқан сөзі.

Расымен, өңірде бой түзеген мектептің ашылуы – Сыр елінде ғылым мен білімнің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Асқар Жұмаділдаев сынды әлемге та­нылған ғалымның өзі оң бағасын беріп отырған білім ордасы талай түлектің арманын жүзеге асыруға себепкер болмақ. Ендігі міндет – осы мектептің мәртебесіне сай жұмыс істеп, ел үмітін ақтайтын шәкірттер тәрбиелеу. Сыр өңірі енді жыр ғана емес, ғылым мен жаңа­лықтың да ордасына айналары сөзсіз.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мектептің ашылу салтанатында білім мен тәрбиеге баса мән бері­ле­тінін айтып, бұл білім ордасы өңір жастарының жан-жақты да­муы­на зор мүмкіндік туғызатынын жет­кізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деген болатын.

Бүгінде өңірде жастарымызға сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, аймағымызда соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі бірнеше есеге өсті. Биылдың өзінде білім саласының бюджеті 308 млрд теңгеден асты.  Біз­дің ең бірінші міндетіміз – бала­ларымыздың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қа­лыптастыру. 2023 жылы Қы­зылорда қаласындағы 4 мек­тептің жанынан 1850 орындық қосымша құрылыс салып,  үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі ше­шімін тапты. Өткен жылы жеке инвесторлар есебінен құны 31 млрд 800 млн теңгені құрайтын 13 білім беру ұйымдары салынып, пайда­лануға берілді. Президентіміздің баста­масымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында 6 мектеп ел игілігіне табысталды. Жаңа оқу жылына қарсы 4 мектеп іске қосылады.

Жаңа нысандардың ашылуы бұл жай ғана ғимараттардың салынуы  емес, жаңа дәуірде бәсекеге қабілетті ұландарымызға жаңа мүм­кіндіктер  сыйлау. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұ­лыңғыр болмайды» деген. Бүгінгі бой түзеген жаңа білім ордасынан алдыңғы буынның ізгі жолын жал­ғаған талапты, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол. Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабі­летті оқушы­ларымыз көп болғай, – деді облыс әкімі.

Рәсімде Премьер-министрдің орынбасары Ермек Беделбайұлы, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Серқұлұлы, Парламент Мә­жілісінің депутаты Мұрат Абду­ламитұлы, Мұрат Бақтиярұлы құттықтау сөз сөйледі.  «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте арнайы қатысты.

Жиын соңында физика-мате­матика лицей-интернатының құры­лысын сапалы жүргізген құры­лыс­шылар мен білім саласы қыз­­­­­­мет­­­­­кер­лері облыс әкімінің Ал­ғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, 400 орынды «Білім-инновация» лицей-интер­наты 300 орынды жатақханамен қамтылған. Мұнда 7-11 сынып ара­лығындағы зияткер оқушылар бі­лім алады. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Биылғы іріктеуге елі­міздің 17 аймағынан 1445 оқушы өтініш білдіріп, оның ішінде оза шыққан 200 оқушы қабылданған. 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»