Сыр төрінде аңыз адам Асанәлі Әшімовке құрмет көрсетілді

1134

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің 85 жасқа толуына арналған «Тағдыр тақтасы» спектаклі сахналанды.

Мерекелік шараға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, халық әртісінің жұбайы Бағдат Әшімова, өнер саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, өнер сүйер азаматтар қатысты.

Сыр төрінде аңыз адам Асанәлі Әшімовке құрмет көрсетілді

Киелі сахнада Асанәлі Әшімовтің өмір жолын бейнелейтін «Тағдыр тақтасы» қойылымын шәкірттерінен құралған «Жаңа ғасыр» театры сомдап шығып, көрермен қошеметіне ие болды.

Театр төрінде өткен арнайы шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аңыз адам, біртуар қайраткер Асанәлі Әшімовке Сыр жұртшылығы атынан құттықтауын жеткізіп, мерейтой иесінің иығына шапан жауып, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

– Құрметті Асанәлі Әшімұлы! Әлемге танылған Өзіңіздей дарабоз өнер иесін Сыр елі өз перзентіндей қадірлейді. Бүгін өңірімізге Өзіңіздің ат басын бұруыңыз барша сырбойылықтарға үлкен қуаныш алып келгені сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сізді аса көрнекті актер ретінде КСРО ғана емес, бүкіл әлемдік кинематография қауымдастығы мойындады», – деген болатын.

Сіз тума талантыңызбен, кәсіби шеберлікпен сомдаған рольдеріңізбен екі дәуір ұрпағының сүйікті актері ғана емес, ұлағатты ұстазы да болдыңыз.

Барша Сыр жұртшылығы атынан Сізді мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке, амандық тілеймін!, – деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты кеште Асанәлі Әшімов Ж.Ерманның сөзіне жазылған А.Қоразбаевтың «Жан балам» әнін орындап, Сыр еліне алғысын жеткізді.

Айта кетейік, театр фойесінде Асанәлі Әшімовтің шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<