Бір кездері «көгілдір отын» игілікке жарайтынына күмәнмен қарағандар енді кейбір шалғай елді мекендерге қашан келер екен деп тағатсыздана күтіп жүргені рас.
Жалпы табиғи газ – елдің экономикалық өсуінің ең маңызды мультипликативті әсерлерінің бірі. Өңірді газдандыру жұмысы 2004 жылы «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистральды газ құбырының құрылысынан басталды. Сол жылы Қызылорда қаласына газ келді. 2013 жылға дейін жалғасқан жұмыс нәтижесінде 2014-2015 жылдары Тасбөгет кенті, Қызылжарма ауылы, Қазалы, Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандарының орталығы газға қосылды. Одан кейін облыс орталығына жақын орналасқан Белкөл кенті мен Талсуат елді мекенінің халқы газға қол жеткізді.
2015 жылға дейін Қызылорда қаласы ғана газдандырылған болса, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры құрылысы аяқталғаннан кейін аудандарға «көгілдір отын» жеткізуге мүмкіндік туды. Осыған орай 2015 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен меморандум жасалып, нәтижесінде Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудан орталықтары мен Байқоңыр қаласын газдандыру жұмысы жүргізілді. Сол жылы газдандыру үлесі халық санымен есептегенде 34 пайыз болса, 2016 жылы 63 пайызға жетті.
Бұл облыс экономикасына қосымша қуат беріп, халықтың күнделікті өмірін түбегейлі өзгерткен үлкен жаңалық болды. Тезек пен көмірдің қамы, ыс пен күлдің азабынан құтылған сан мың отбасының тұрмысы жаңа сипат алды.
2017-2018 жылдары Жосалы, Тереңөзек, Жалағаш кентіне арнайы жоба жасалып, газ тарату станциялары салына бастады. Ал 2021 жылы аталған үш ауданның орталығынан бөлек, Шиелідегі Ш.Қодаманов, Н.Бекежанов ауылына газ құбыры тартылды. 2019-2020 жылдары Аралдағы Жақсықылыш кенті, Шиелінің Байсын ауылы, Қазалыға қарасты Ғ.Мұратбаев және қала маңындағы Қарауылтөбе елді мекендері де «көгілдір отынның» қызығын көре бастады.
2022 жылы республикалық бюджеттен 10 жоба арқылы қалаға қарасты Ж.Махамбетов пен «Наурыз», Жаңақорғандағы Бірлік пен Қыраш, Арал ауданындағы Сексеуіл кенті және ондағы газ тарату станциясы, Төретам мен Ақай ауылы, Қазалы ауданындағы бір-біріне іргелес орналасқан Басықара, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов елді мекені, Шиелідегі М.Шоқай ауылы табиғи газға қосылды.
Қазіргі уақытта да облыс аумағындағы бірнеше елді мекенді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгінде аймаққа қарасты 4 қала және 222 ауыл бар. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, барлық қала 100 пайыз газдандырылған (Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр). Ал газға қосылған ауыл саны 56-ға жетті.
Былтыр газдандыру жобаларына 17,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Аталған қаржыға 18 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 5,7 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» АҚ-нан 8,5 млрд теңге, облыстық бюджеттен 3,1 млрд теңге қаралған.

– Былтыр 11 елді мекен, атап айтқанда, Шижаға, Ортақшыл, Баймұрат, Талдыарал, Ақтан батыр, Н.Ілиясов, Шаған, Дүр Оңғар, 21-бекет, Жансейіт, «Сабалақтағы» 17 мыңға жуық тұрғын табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысты газдандыру деңгейі 83 пайызға жетті.
Биыл 14 жобаны жүзеге асыруға 4,7 млрд теңге бөлінді, 4,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, облыстық бюджеттен 0,5 млрд теңге. Оның ішінде 2-уі өтпелі, 12-сі жаңа жоба. Осылайша, биыл жыл соңына дейін 10 елді мекеннің, атап айтқанда, Ақжарма, Қамыстыбас, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Төребай би, Иіркөл, Бекарыстан би, Жанқожа батыр, Түктібаев, Майдакөл ауылын газдандыру жобасын жүзеге асырып, көрсеткішті 83 пайыздан 85 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, республикалық бюджеттің нақтылауына жалпы құны 8,1 млрд теңге болатын 19 жобаға бюджеттік өтінім ұсынылды. Оның 7-уі жаңа жоба, – дейді облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаламызда өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, аймақтың барлық салада қарқынды дамығанын ерекше атап өтті. Cыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Атап айтсақ, 2025 жыл аймақтың инфрақұрылымдық дамуы тұрғысынан табысты кезең ретінде тарихқа енді. Жүйелі жүргізілген жұмыс нәтижесінде жоғарыда айтып өткеніміздей, облысты газдандыру деңгейі 83 пайызға жетіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған іргелі бастамалар өз жемісін берді. «Газ келді, жаз келді» деп қуанған тұрғындар саны жыл өткен сайын арта түсуде. Сырбойылықтар тұрмысын түзейтін табиғи газға қосу жұмысы әлі де жалғасын таба бермек.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





