«Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайдылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ. Былтыр Қазақстанға миллиондаған шетел азаматы келді. Ішкі туризм қарқынды дами бастады. Мұның бәрі – өте жақсы үрдіс. Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз…»
Мемлекет басшысы
Қасым-ЖомартТоқаевтың «Түркістан»
газетіне берген сұхбатынан
Қазір кейбір елдердің тұрғындарына таңсық бір дүние бар. Ол – «Dark tourism». Қазақша балама іздесек, «қара туризм» дегенге саяды. Бұл сөз әлемдік туризм индустриясында кейінгі он жылдықта кең таралғандай, яғни, жаңа бағыт. Дұрысы, алғаш ХХ ғасырдың соңында ғылыми еңбекке еніп, адамзат тарихындағы қайғылы оқиғаларға, саяси қуғын-сүргінге, геноцидке, соғыс пен апат орындарына туристік қызығушылықты арттыруға қолдана бастаған термин еді.
«Қара туризм» – көңіл көтеру емес
Сөз басында айтқандай, теңіз бен түрлі табиғаты сұлу жерден бөлек, табиғи апат пен адам қолынан болған оқиғалар орнына құмартатындар саны жетерлік. Әрі олардың көбі – өткен тарихқа үңілушілер. Туристердің мұндай тобы Қазақстанға да жиі аялдап жүр. Бұған еліміз де ХХ ғасырдағы ауыр тарихи кезеңдерге куә жер ретінде өзіндік бағыттарын ұсына алады. Бұл – мамандардың сөзі.
– «Қара туризм» – жай ғана демалу немесе көңіл көтеру емес, керісінше өткен тарихи қасіретті оқиғаларды тану, олардың адамзатқа тигізген зардабын түсінуге бағытталған ерекше тәжірибе. Мұндай сапар көбіне туристерге түрлі эмоция қалдырып, тарихи әділетсіздіктерді түсінуге, адамзат тарихынан сабақ алуға ықпал етеді, – дейді Халықаралық туризм және меймандостық университетінің басқарма төрағасы – ректор Әлібек Шоқпаров.
Әлібек Жұмабекұлының сөзінше, біздегі бұл туризм бағыты әлі толық игерілмеген. Десек те болашағы бар.
– Семей полигоны мен Арал теңізі – экологиялық апат аймағы екені түсінікті. Екеуі де адамның табиғатқа жасаған орасан зор қателігінің айқын көрінісі. «Қара туризмнің» тағы бір орталығы – Қарағандыдағы КарЛАГ, яғни Қарағанды еңбекпен түзеу лагері. Лагерь көлемі жағынан бүкілодақтық ГУЛАГ жүйесінің ең ірі орталықтарының бірі болды. Долинка кентіндегі музей бүгінде мыңдаған шетелдік туристі қабылдайды. Экспозициялар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың тағдырын баяндап, лагерь өмірінің ауыр шындығын көрсетеді. Ал Ақмоладағы ең ірі лагерь – АЛЖИР (Отанын сатқандардың әйелдері лагері) «қара туризмнің» маңызды нысандарының бірі. Онда мыңдаған әйел, олардың ішінде әйгілі ғалымдар мен қайраткерлердің жұбайлары жазықсыз жазасын өтеді. Қазіргі музей сол зұлматты еске түсіріп, тарихи әділетсіздікті көрсетуге арналған, – дейді ректор.
Сондай-ақ Қазақстанда Степлаг, Песчанлаг сияқты өзге де лагерьлер болған. Олар да болашақта «қасіретті туризмнің» халықаралық маршруттарына қосылуы мүмкін. Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерді де «қара туризм» нысандарына жатқызуға болады. Бұлар аса тартымды болмаса да тарихи шындықты тануға қызмет етері сөзсіз.
Әлемде «Dark tourism» саласы адамдарға тарихтан сабақ алып, өткенді ұмытпауға мүмкіндік береді дедік. Мұнан бөлек, әр облыстың өзіндік туристік ерекшелігі бар. Шетелдіктер көбіне Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлдері, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты және мәдени-тарихи орталықтар мен көрнекті орындарды жиі таңдайды. Ел оңтүстігіндегі Ахмет Ясауи мавзолейі, Отырар тәрізді Ұлы Жібек жолы бойында болған тарихи мекендерге қызығушылық жоқ емес. Батыстағы Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы, Бекет ата жерасты мешіті, Шерқала тауы және Каспий теңізін атап өтуге болады. Шығыстан «Қатонқарағай» ұлттық паркін, «Рахман» қайнар бұлағын, Берел қорғандарын да айта аламыз. «Астана Бәйтерек», «Бейбітшілік және келісім сарайы», Бас мешіт тәрізді нысандарымен көзге түседі. Сондай-ақ Ақмола облысындағы «Шучье-Бурабай» курорттық аймағын тамашалауға да сұраныс көп.
Туристерге шынайы экспонат керек
Бұған дейін Аралға талай сапарлап бардық. Сондағы «Балықшылар» музейіне соққанбыз. 2012 жылдан бастап қызмет көрсететін мәдени нысанда теңіз жәдігерлері топтастырылған. Ішіндегі әр дүние – бір-бір тарих. Мұнда 1700-ден аса экспонат бар. Келушілердің аралауға тұтастай бір күнді толық арнауына болатын сияқты. Музей сыртында ат шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Ленин сыйға тартқан станок, капитандар есімі жазылған кемелер тұр. Ең үлкені – «Лев Берг» деп аталатын 25 метрлік кеме. Мұның өзі жағалауда қараусыз қалғанда музей жанашырлары төрт бөлікке бөліп, осында әкеліпті. Қайта құрастырып, кеме ішін залға айналдырған.
Кеме демекші, теңіз тартылғанда олар көп жыл құрғаған ұлтанда қараусыз, қайырлап жатты. Күн өтті, ауа райының әсері бар, тот басты, құмда қисайған күйі тұрған. Бірақ ғұмыры әрі ұзармады. Кейбіреулер кәрі теңіздің куәсіндей болған кемелерді талауға салды, темір өткізгіштер бөлшектеуге көшті. Шетінен бұтарлап, жүк көлігіне тиегенін талайдың көзі көрді.
– Жағада қалған кемелер кешегі күнге дейін болды. 5-6 жыл бұрын да туристер барып, тіпті басына түнеп жүрді ғой. Қазір онда кеме жоқ. Ал мына музей алдында тұрған кемелерді көрген шетелдіктердің көңіл-күйі бірден түсіп кетеді. Неге? Өйткені олар шынайы емес. Бояп, сыртын сырлап қойғанбыз. Жасанды екені көзге ұрып-ақ тұр. Оларға құмда қайраңдап, қисайған сұлбасы қалған кеме қызық. Ал көрші Өзбекстан теңізден қалған кемелерін сақтап үлгерді, – дейді сондағы музей қызметкерлері.
Теңіздің Мойнақ тұсында (Өзбекстан) қалған кемелердің бір жерге жиналғанын естігенбіз. Мемлекет қарауына өтіп, сыртын да қоршапты. Ал онда кемелердің өзі түгілі, бір затына әлдебіреу суық қолын жүгіртсе, жазасы да тым қатал дейді білетіндер. Ақиқаты сол, онда барушы туристер ағыл-тегіл көрінеді. Мұны бір уақытта «Хабар 24» телеарнасының Өзбекстандағы меншікті тілшісі болған әріптесіміз Рауан Мыңбаев та растаған.
– Арал теңізінің Өзбекстан, яғни қарақалпақ ағайын мекен ететін Мойнақ жері бір кездері су толы аймақ болғаны белгілі. Қазір тек құрғаған ұлтан ғана қалған. Мойнаққа мыңдаған шетелдік турист келеді. Өйткені мұнда ежелгі қалалардан бөлек, кемелердің қаңқасы көп сақталған. Өзбектер теңіздің куәсіндей болған дүниелерін қорғап, ашық аспан астында туризмді жандандырып отыр. Сол арқылы мемлекетке де қаржы түсіреді. Нағыз «қара туризм» осы, – дейді Рауан.
Кесілген кеме немесе кінә кімде?
Кезінде қараусыз қалдырып, бүгінде кемелер орнын сипап қалғанымыз кімнің кінәсі? Арал ауданында көп жылдан бері туристерге гид-аудармашы болып қызмет атқаратын Серік Дүйсенбаевтың пікірін білдік.
– Сол уақыттағы басшылық «кемелерді Аралға әкелу, иә болмаса қорғау қиын» деді. Кейін Жалаңаштағы он екі кемеден соң Ақеспедегі алты кемені қанша айтып жүргенде оны да 5 жыл бұрын тып-типыл қылды. Шығанақтағы Пинк Флойд клип түсірген кемелер екібастан жоқ болды. Әлі де кеш емес, Ақбастыдағы екі кемені Аралға не бақылай алатындай жақын жерге әкелуге болады. Бірақ фундаментке не тұғырға орнатпай-ақ, табиғи күйінде теңіз табанында қайырлап қалғандай орналастыру керек. Екі кеме үшін ешқандай турист 280 шақырым жерге бармайды, оның үстіне ол екеуі фото не бейнетүсірілім жасауға болатындай әсерлілігін жоғалтқан, – дейді Серік.
Оның сөзінше, туристерді Аралдан Жалаңашқа дейін қырық бес шақырым бойы кепкен теңіз табанымен алып жүресіз. Жолда ескі балық қабылдау орнын, жел күні сордың үстінде тұзды құйындар көруге болады. Әрі қарай Жалаңаш, Тастүбектен балықшы отбасынан түскі ас, шұбат, түйе саууды көрсету, балықшылармен бірге балық аулау, әрі қарай Ақеспеге дейінгі каньондар, Қарасандықтағы төбелерге жаяу шығу, ыстық бұлақ пен Ақеспенің құмында Дубайдағыдай «Джиппен» сафари. Осының бәрі тек қана қайраңдап қалған кемелерді көру үшін келген туристке жолай ұсынылатын дүниелер еді. Ал кемелер кесіліп, темір қабылдаушыларға кеткелі олардың саны азайған.
– Кейінгі 15 жылдықта Арал ауданына алыс-жақын елдерден шетелдік туристер келе бастады. Оның басты себебі бар. Америкада, Еуропада шығатын «Lonely Planet/Central Asia», «Bradt», тағы басқа жолсерік кітаптарда Қазақстанға арналған бөлігі болды. Онда Аралдағы кемелер қорымы арнайы туристік нысан болып енген. Бұл кітаптар əр төрт жылда жаңарып тұрады, кітап журналистері көрсетілген маршрут бойынша барлық нысанды аралап, толықтыру жұмысын жүргізеді. Мұнда тек саяхат орны ғана емес, сонымен бірге қонақүйлер, музей, дəмханалар туралы мəлімет үнемі жаңартылады, – дейді Серік.
Әуелі керегі – инфрақұрылым
Серіктің айтуынша, теңізге келер туристердің сырт айналуына кінәлі тек өзіміз. Кейінгі жылдары кемелер қорымы толықтай жойылған.
– Біріншіден, біздегі туристік нысандардың көбінде инфрақұрылым нашар. Жолдың кейбіріне қиыршық тас төселген, кейде қара жол. Жарық пен су толық тартылмаған. Екіншіден, бар нәрсені өзіміз қолдан құрттық. Бір ғана мысал, 2016 жылы Арал теңізі маңындағы Жалаңаш елді мекеніне жақын 12 кеменің соңғы үшеуі толық кесілді. Шығанақтағы 10 шақты кеменің барлығы, əнші Диана Шарапова «Аралдан ұшқан аққулар» атты бейнебаянын түсірген кеме де жартылай кесілген. Ақеспе маңындағы соңғы екі үлкен кеменің біреуін 2017 жылы бөлшектеп тынды. Əлем аузына қараған BBC, CNN, Voice of America сияқты компаниялары, қаншама фильм түсірушілер мен фотографтардың, «Pink Floyd» бастаған неше түрлі музыканттардың да қызығушылығын арттырған осы кемелер болатын. Youtube-тағы Аралға қатысы бар шетелдік деректі фильмдерді немесе арт-жобаларды алып қарасаңыз, бəрінде біздің кемелер жүр. Бұл кемелердің ерекшелігі – тарихтан сыр шертіп, табиғат аясында сол қалпында жатуы. Шетелдіктер үшін қазіргі музей жанындағы ескі айлақта тұрған кемелер қайта боялған ескерткіш қана. Жалпы фильм, фотосурет тұрғысынан теңіз табанында қалғандары ғана ерекше əсерлі. Туғалы жасыл желек, өзен-көл, мұхит көріп жүргендер үшін бұл – экзотика. Бұл үшін олар ақша аямайды, – дейді ол.
Аралдық жігіттен естіген кемелер туралы шындық осы. Ал бүгінде алдын ала хат жолдаған туристер мұнда кеме қалмағанын естіп, сапарын əрі қарай жалғастырып жүр екен. Құрғаған теңізде «қара туризмді» дамытудың бірден-бір жолы осындай кемелерді сақтап қалу арқылы жүзеге асарын енді білгендейміз бе, қалай?
Ал Арал аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің мамандары өткен жылдың 9 айында 15 мыңға жуық отандық турист аялдағанын айтады. Бұдан бөлек, тартылған теңізді тамашалауға 972 шетелдік азамат келген.
– Өз еліміздің азаматтары көбіне-көп Ақеспе ауылындағы ыстық бұлақ, Қамыстыбас ауылындағы «Аққұмшық» жағажайы, Шижаға елді мекені сыртындағы табиғи құмды алқапқа аялдайды. «Көкарал» бөгеті мен киелі орындар – Арыстан баб, Бегім ана кесенесіне баратындар жетерлік. Жалпы ауданға келушілерге 18 қонақүй, 6 туристік нысан, 50-ден аса қоғамдық тамақтану орны қызмет көрсетуде, – дейді аталған бөлімнің бас маманы Арыстан Зияғаладин.
Оның айтуынша, шетелдіктер Арал мен тартылған теңіз туралы ақпаратты Орталық Азияның туристік жерлері жайлы кітаптар арқылы біледі. Онда аралдық гид туралы ақпарат көрсетілген. Енді бір бөлігі ауыздан ауызға тараған бейресми жарнама, яғни туристердің өзара бөліскен әсерлері арқылы осында сапар шегеді. Олардың маршруттарын да жергілікті гид ұйымдастырады екен.
– Биыл келушілердің көбі Ақеспедегі ыстық бұлақты, әсем шыңдарды, көне қоныстарды және бархан құмдарын тамашалады. Жергілікті балықшылардың тіршілігімен танысып, қайықпен теңізге шығуға ниетті туристер Тастүбек ауылында да болды. Бұрынғыдай теңіз табанында қалған кемелер жоқ, тек тот басқан бір кеме ғана Ақбасты елді мекенінде сақталған. Шетел университеттерінен арнайы ғылыми-зерттеу немесе қызметтік мақсатпен келетін профессорлар, антрополог-этнографтар мен суретшілерге ондағы кемені көру өте маңызды. Ал қарапайым саяхатшыларға тек кемеге бола Ақбастыға бару аса қолайлы емес. Өйткені, орталықтан тым алыс жатыр, – дейді бөлімнің бас маманы.
Көрсеткіш бар, жобалар да жоқ емес
Былтырғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысына қарағанда Қазақстанға туристік мақсатпен 12,1 млн шетел азаматы келген. Салалық министрлік деректері осылай дейді. Сондай-ақ елімізде 243,5 мыңнан астам жатын орынға есептелген 4499 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Қонақүйлер мен өзге де орналастыру нысандарының жиынтық табысы 268 млрд теңгеге жетіп, өңірлердегі іскерлік белсенділік пен туристік тұтыну деңгейі артқан.
Осы уақыттары туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 38,1%-ға өсіп, 923 млрд теңгені құрапты. Сонымен қатар елдің 20 өңірінде 147 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы мәліметінше, біздің аймаққа келуші туристердің қатары да жыл сайын өсуде. Өткен жылдың 9 айлық есебімен облысқа 157 мыңнан астам турист келген. Оның 10 мыңға жуығы – шетел азаматы. Сонымен қатар, саладағы түсім де жаман емес көрінеді. Аталған уақыт ішінде туристік қызмет көрсету көлемі 2 млрд 441 млн теңгеден асқан. Айта кету керек, облысқа келген шетелдік туристердің жиі аялдайтын нысандар қатарында ең бірінші «Байқоңыр» ғарыш айлағы тұр. Былтыр ұшқан ғарыш зымыранын көруге 10 мыңнан аса турист келген.
«Халықаралық туризм күніне орай өткен жылдың қыркүйегінде «DRIVE FORUM BAIKONUR» фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальға Ресей, Түркия, Түркіменстан және Қырғызстан мемлекеттерінен 60-қа жуық турист қатысты. Қонақтар Байқоңыр қаласындағы мәдени-танымдық нысандармен, сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихи орындарымен танысты. Сонымен қатар «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне арнайы саяхат жасалып, қазақ халқының бай мұрасы мен рухани құндылықтары таныстырылды» делінген басқарма мәліметінде.
Сырдағы туризм саласының ең үлкен жаңалығы – Орталық Азиядағы алғашқы «GeoPark Aral» туристік маршруты жобасының Арал ауданында ашылуы. Туристік маршрутқа осындағы Қамыстыбас көлі, Ақеспе ыстық су бұлағы, «Көкарал» бөгеті, Шижаға құмды төбелері, Кердері, Арыстан баб, Бегім ана кесенесі, «Барсакелмес» қорығы енген.
«Жалпы «GeoPark Aral» жобасының ашылуы Арал өңірінің экономикасын дамытуға, жергілікті халықтың әл-ауқаты мен экологиялық жағдайды жақсартуға, өңірге туристерді тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға көп мүмкіндік береді. Осы бағытта былтыр мамыр айында Арал қаласында ЮНЕСКО-ның жаһандық геопаркі мәртебесін алу жолында негізгі критерийлерінің бірі болып табылатын «GeoPark Aral» аймақтың өсу нүктесі: геомұрадан тұрақты болашаққа» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды. Шараға Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның Бас хатшысы, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесі, ХАҚҚ Атқарушы комитетінің өкілдері (Қазақстан, Өзбекстан), геологиялық мұра және орнықты даму саласындағы сарапшылар (Венгрия, Германия, Қырғызстан, Қазақстан), ЮНЕСКО Жаһандық геопарктерінің сарапшылары, Янгантау геопаркі (Ресей), Кула Салихли геопаркі өкілдері (Түркия) қатысты» деп жазады облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы.
Жалпы елге келетін туристердің көпшілігі мәдени-танымдық және табиғи бағыттарды таңдайтыны рас. Қазір Президент тапсырмасымен осы саланы жаңғыртуға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаһандық экономикаға кірігуге бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыру қолға алынды. Десек те біз айтқан туризмнің бұл саласына («қара туризм») бетбұрыс толық жасалмаған. Ал жалпы туризм саласының әлі де дами түспегіне өңірдегі инвестиция һәм инфрақұрылым мүмкіндіктері тың жол ашады деп білеміз.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





