Қазақстандық көлік жүргізушілер үшін жылдың жағымды жаңалығы – әдемі нөмірді әркім өзі таңдай алатыны әрі оны онлайн тәртібімен алуға болатыны десек, артық айтқанымыз емес. Бұған дейін ол автоматты жүйе арқылы беріліп келген болатын. Таңдау құқығы берілгелі мүмкіндікті құр жібергісі келмейтіндердің қарасы көбейді. Алдымен әдемі нөмір дегеніміз не, сол туралы аз-кем. Бұл – көлік иесінің көңілін дөп басқан ерекше цифрлар мен әріптердің комбинациясы. Тек ол нөмір бос болса және заң талаптарына сай келсе болғаны.
Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу белгілері 5 қаңтардан бастап мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында беріліп жатыр. Мемлекеттік белгілердің цифрлық белгіленуі 101, 121, 131, 141, 151, 161, 171, 181, 191, 202, 212 болса, оның бағасы 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде немесе 64 875 теңге. Кез келген цифрлық және әріптік комбинациясы бар мемлекеттік белгілер – 001, 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 100 және тағы басқа. Бұл нөмірлердің бағасы – 10 АЕК немесе 43250 теңге. Мысалы, 110ALM11, 055MAX11, 011ARU11, 019AH және тағы басқа.
– Баға нөмір мен әріп тізбегіне қарай қымбаттай береді. Мәселен, 010, 020 деген цифр 246,5 мың, әріптері бірдей болса 493 мың теңгеге бағаланады. Ал 100, 111, 200 деп басталатын нөмірлер үшін 592 мың, әріптері бірдейіне 838 мың, 001, 777 деген әдемі комбинация қаласаңыз 985 мың, әріптерін бірдей қылсаңыз 1 миллион 200 мың теңге төлеуге тура келеді. Ал ештеңе таңдамай, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары ұсынғанды алсаңыз, ол 12 мың теңге тұрады, – дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.
Салық кодексіне сәйкес мемлекеттік нөмірлерді тіркеу тәртібі өзгергенін естіген ел ерекше нөмір үшін мерекелік демалыстан кейін автоЦОН-дарға қарай ағылған. Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин 5 қаңтардың өзінде республика бойынша әдемі нөмірлер үшін 11 мыңға жуық өтініш берілгенін мәлімдеді. Сондықтан қызметтің осы бағытында операторлар санын көбейтуге тура келді. Ал мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында сол күні таң атпай ұзын-сонар кезек қалыптасқан. «Қазақпарат» агенттігі мұндай жағдай Ақтау, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында байқалғанын жазды.
Қызылордалық Жарасхан Қуанышбайұлы – көңілі қалаған нөмір үшін сағаттап кезек күткендердің бірі.
– Адамдар тіпті ана басы Арал, мына басы Жаңақорған аудандарынан күні бұрын қалаға келіп қонған екен. Таң атпай мен ерте бардым деп ойласам, жұрт менен бұрын жетіп алған. Талон бойынша кезегім 3037-інші болды. Олар түнімен сонда қонған есеп қой. Жүгірген еңбегіме 404 ХАН/11 нөмірі бұйырды, 65 мың теңгеге сатып алдым. Ойымдағы цифр мен әріптер комбинациясы әлдеқашан өтіп кеткен. Айналы цифр және есімімнің соңғы буыны бойынша ерекшеледім. Кейбіреулер қандай нөмір болса да бәрібір емес пе дейтін шығар. Бірақ бұл өмір бойы менің атымда қалады, көлік ауыстырған жағдайда да басқа ешкім иемдене алмайды. Сондықтан онда тұрған ештеңе жоқ, – деді кейіпкеріміз.
Ұзын-сонар кезекті азайтып, жұмыс жүктемесін жеңілдету үшін көп ұзамай VIP нөмірді Egov Mobile қосымшасы және екінші деңгейлі банктердің ұялы қосымшасы арқылы онлайн рәсімдеу мүмкіндігі пайда болды. Ресми мәліметке сәйкес 5-12 қаңтар аралығында бұл қызметке 60 мыңға жуық адам өтініш берген. Әзірге соның 27 мыңдайы қалаған нөмірін алып үлгерді. Айналасы бір аптада елдің ең ірі мегаполисі Алматы қаласында автокөлік иелерінен барлығы 19 мыңнан астам өтініш түскен.
Ескеретін нәрсе, нөмір таңдаудың да өз әдебі бар.
– Әріптік және сандық комбинация жалпы қабылданған моральдық нормаларға сай болуы тиіс. Біз мұны алдын ала ескертеміз, яғни балағат сөздер немесе біреудің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жазуы бар нөмірлер болмайды. Барлығы әдептен аспауы керек, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы 12 қаңтарда таратқан ақпаратқа қарасақ, аймақта жоғары сұранысқа ие мемлекеттік белгілерге тапсырыс бергендер саны 3800-ден асты.
Биыл елімізде VIP нөмірлер 10 пайызға қымбаттады, соған қарамай оған талас қызу. Нөмірімен ерекшеленгісі келетін көлік иелері бұлай бюджеттің бір бүйірін толтырады. Статистика үшін айтайық, 2024 жылы 31 667 әдемі нөмір рәсімделіп, қазақстандықтар оған 15,8 млрд теңге жұмсаған. Оған, әсіресе, Алматы, Астана және Шымкент тұрғындары ақша аянып қалмаған.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





