Таланты тұнық Тынымбай

119

0

Жаңақорғандағы М.Көкенов атындағы Мәдениет сарайында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жаңақорған ауданының  құрметті азаматы Тынымбай Нұрмағамбетовтің 80 жасқа толуына орай «Таланты тұнық Тынымбай» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.  Аудан әкімі Мажит Самитов жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, сөз өнеріндегі дара болмысымен танылған дарын иесінің ерекшелігін айғақтайтын еңбектеріне тоқталды. Қаламгерді 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. Ауданның Құрмет грамотасын табыс етті.

Танымдық конференция­да әдебиет сыншысы, Халық­аралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының лауреаты Аман­гелді Кең­шілікұлы баянда­ма жасады.  Тынымбай шығарма­ла­рын жете оқып-зерделеумен ай­на­лысып келе жатқан әде­биет­шінің  суреткер таби­ға­тына  терең үңілгеннен туған тол­ғаныстары көптің көңіліне қонды. «Жыланның уы»  романында  адамгершілік, ізгі­лік, мейірім сияқты ізгі қасиет­тер­дің аяқ астына тапталғаны, ар-ұят­тың еңсесі төмендегені сурет­телген. 

– Әдебиет – адам тануды ғана емес, адам боп қалу­ды үйрететін өнер. Міне, сондық­тан да шын талант жарық өмір­ді зұлымдықтан тазарту үшін, ар азабының ақиқатын айту үшін келеді. Жүрегін от­тай жанып, өмірдегі әділетсіз­дікпен күресе алмаған жазушы ешуақытта адам жанының суреткері бола алмайды. Сөз өнерінің дертіне шалдыққан Тынымбай әдебиетке берген сертіне адал болып қалға­нының арқасында суреткер бола білді. Оның туындылары арқылы ұлттық әдебиетімізге ойы анық, сезімі тұнық, тылсымы терең жаңа әлем келді. Ол әлемнің аты – Тынымбай,  – деді ол.

Жазушы тек прозада ғана емес, драматургия мен кинода да өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Оны «Жо­ғалған көл», «Кемпірлер» атты пьеса­лары сахналарда та­бысты қо­йылып, көрермен ықы­ла­сына бөленді. Бұл шы­ғарма­ларында жазушы адам жанына  терең үңіле отырып, қоғамның ащы шындығын су­реттейді. Сонымен қатар ол «Тырналар ұшып барады» те­лефильмінің сценарийін жаз­ған. Оның шығармалары орыс, неміс тіл­деріне аударылып қазақ әде­биетінің әлемдік деңгейде танылуына жол аш­ты.

Бұл жөнінде Жазушылар одағы облыстық филиалы­ның төрағасы Қаршыға Есімсе­йі­т­ова терең талдау жасады. «Тынымбай шығармаларының де­ні ауыл өміріне арналған. «Түк­пір­дегі ауыл», «Дария­ның арғы беті», «Көгілдір ас­пан», «Қарлығаштың ұясы» атты повесть-әңгімелерінде аң­қау да ақжүрек ауыл адам­дарының бейнесі шынайы су­реттеледі» деді ол.

Сонымен қатар конференцияда «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова, қоғам қайраткері Нәж­мадин Мұсабаев, Жаңа­қорған ауданының құрметті аза­маты Керімхан Егізбаев сөз сөйледі.

Кеш қорытындысында ме­рейтой иесі өзіне құрмет көр­сеткен жерлестеріне жүрек­жарды алғысын жеткізді.

– Менің жазушы болып қа­лыптасуыма негіз қалаған – ең бірінші туған жердің адам­дары. Сол туған жердің та­биғаты бізді тәрбиеледі. Адамға өскен ортаның әсері үлкен. Адамдардың міне­зін, ықыласын, табиғатын  шы­ғармаларымызға арқау еттік. Қауықта өткен бала күн­де­рімді еске ала отырып «Шал, мая және жел» деген туын­дымды жаздым. Бәрі де бол­ған оқиға, Құрышжан деген атамыздың басынан өткен жағ­дай баяндалады. Сосын «Бой­тұмар» деген повесімде  де осылай,  бір отбасындағы төрт ағайындының түрліше болмысы, түрліше тағдыры. Бірге тумақ бар болса да, бірге жүрмек жоқ ағайын ахуалы өзек болады.  

Шығармаларымның туған жеріммен, тіпті қоғаммен   бай­ланысты болуы – ол заңды құбылыс. Жазушы үшін туған жердің орны бөлек. Өйткені оны жазушы еткен осы ортасы, – деді ол.

Сол күні түс ауа «Руханият орталығында» А.Сопы­беков атындағы аудандық кі­тапхананың ұйымдасты­руы­мен «Тынымбай тұңғиы­ғынан сыр шертейік» атты жүздесу кеші өтті. Кешке зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қаламгерлер, оқырмандар қатысты.

Оқырмандар жазушының шығармалары туралы сұрақ­тарын қойып, тұшымды жауап алды. Жазушы туған жеріне келіп, шешіліп әңгіме айтып, сыр шертті.

Кеш соңында жұртшылық қолтаңба алып, естелік суретке түсті.

«СБ» ақпарат