Тіршілік көзі туралы айтқанда, ойымызға бірінші кезекте су келеді. Әрине, сусыз тіршілік кешу мүмкін емес. Ал, бүгінгідей өркениетті заманда судан кем түспейтін қажетті құндылықтар қатары артты. Бұлардың ішінде, әсіресе, электр энергиясының орны бөлек. Біздің бүгінгі тыныс-тіршілігімізді электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Сенімді және үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету арқылы ғана экономиканың жаңа салаларын дамытуға, ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасы мен жағдайын жақсартуға мүмкіндік туады.
Энергетикалық кәсіпорындарға электр стансалары, қазандықтар, жылу және электр желілері жатады. Энергетикалық кәсіпорынның өнімі – электр және жылу энергиясы. Тұтынушыларды қажетті мөлшерде электр және жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету – басты міндет. Мұны қарапайым ой елегінен өткізсеңіз, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының жүгі ауыр екенін сезіне аласыз. Ал осы салада өңірімізде атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Мәселен, өткен жыл аймақтың инфрақұрылымдық дамуы тұрғысынан табысты кезең ретінде тарихқа енді.
Жалпы, былтыр энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 102,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде бюджеттен 71,1 млрд теңге (РБ – 25,8 млрд теңге, ОБ – 45,3 млрд теңге), «Самұрық Қазына» АҚ-нан 8,5 млрд теңге, арнайы мемлекеттік қордан 23,2 млрд теңге. Бюджеттен бөлінген 79,6 млрд теңге 100% игерілген.
Электр энергиясы іркіліссіз берілу үшін
Электр энергиясымен жабдықтау бойынша айтсақ, облыста 10 608 шақырым электр желісі мен кернеуліктері, 2058 әртүрлі қосалқы станция бар. Қазіргі таңда, электр желілері мен қондырғыларының 61 пайызы тозған.
Былтыр 12 жобаға 6 млрд теңге қаржы бөлініп, 280 шақырым электр желісі және 87 қосалқы станция қайта жаңғыртудан өткізілді. Оның ішінде Қазалы ауданы Қожабақы елді мекені, Қазалы қаласы, Сырдария ауданының Қалжан ахун елді мекені, Шиелі кенті, Шиелі ауданының Қодаманов ауылы, Жаңақорған ауданы, Қызылорда қаласы Айнакөл ауылы бар.
– «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның тарифтік шығындар аясында 869 млн теңгеге 99 шақырым әуе желісі және 72 қосалқы станция қайта жаңғыртудан өткізілді. Сондай-ақ Шиелі кентіндегі 220 кВ қосалқы станция мен Қызылорда қаласындағы 35 кВ Л-31А, Л-32А әуе желісі де жаңғыртылып, тұтынушылар үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етілуде.
Жаңақорған кентінің 10/0,4 кВ электр желісі толығымен қайта жаңғыртылып, кент тұрғындарының пайдалануына берілді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының басым бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған «КЕГОК» АҚ теңгеріміндегі 220/35/10 кВ «Қызылорда» қосалқы станциясына қосымша 25 МВА күштік трансформатор орнатылды.
Қызылорда қаласындағы 220/35/6 кВ КТЭЦ-6 40 МВА күштік трансформатор 63 МВА күштік трансформаторға ауыстырылды, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин.
Биыл 2,4 млрд теңгенің 7 жобасы арқылы 126 шақырым әуе желісі және 59 қосалқы станцияны қайта жаңғыртудан өткізу жоспарлануда. Облыстық бюджет есебінен 1,2 млрд теңгеге 35 кВ 20 шақырым желі жаңғыртылады. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ тарифтік шығындар есебінен 851 млн теңгеге 106 шақырым желіні және 59 қосалқы станцияны жөндейді.
Энергетиканың бір саласы – жылу
Былтыр жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 12 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде, Қызылорда жылу-электр орталығының Оңтүстік қазандықтың «Боно Энерджи» маркалы үш бу қазандығына Үкімет резервінен 2,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлініп, қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар, негізгі және қосалқы қондырғыларды жөндеуге 5,1 млрд теңге бөлінді.
Жылу желілерін жаңғыртудың 6 жобасын іске асыруға бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлініп, 7,9 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде тозған жылу желілері 2 пайызға, яғни 42%-дан 40%-ға төмендеді.
– Тозған желілерді азайту үшін облыстық бюджет қаржысы есебінен жобалар әзірленді. Осыған байланысты, 2026-2028 жылғы республикалық бюджетті қалыптастыруға 12,4 млрд теңгенің өтінімі ұсынылды. 2026-2027 жылы бірқатар жұмыс жоспарлануда. Ұлттық жоба аясында 3,6 млрд теңгенің жобасын іске асыру жоспарланып отыр, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Айта кету керек, ұлттық жоба аясында 2029 жылға дейін 11 жоба, яғни 11,7 млрд теңгеге 15,6 шақырым жылу желісі жаңғыртылады. Бұл тозған желілерді 42 пайыздан 38 пайызға дейін төмендетеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда қаласында 240 мегаватт электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығы құрылысы жүргізілуде.
Орталықты 215 млрд теңгеге «Aksa Energy» түрік компаниясы салуда. Қазіргі кезде қуаттылығы 176 мегаваттық 2 газ турбиналық қондырғысы (General Electric, АҚШ), 95 мегаваттық бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), қуаттылығы сағатына 120 тонна 2 бу қазандығы (AC BOILERS, Италия) мен сағатына 150 гигакалориялық 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) жеткізіліп орнатылды.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде инвестор жылу орталығын тесттік режимде іске қосып, 176 мегаватт электр энергиясын өндіру қуаты пайдалануға берілуде. Осы жылы бу турбинасы іске қосылып, қосымша 95 мегаватт электр энергиясын шығарады. Инвестициялық шартқа сәйкес станцияның қосылуы 2026 жылдың тамыз айы.
Жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу бойынша да бірқатар жұмыс атқарылуда. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін Қызылорда қаласында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы 800 млрд теңгенің 1100 мегаваттық жаңа бу-газ қондырғысының құрылысын жоспарлаған. Оған әкімдік тарапынан 280 гектар жер бөлініп, қазіргі кезде техника-экономикалық негіздеме әзірленуде. Станцияны 2029 жылы іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар, жоба аясында «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Шымкент» 500 кВ жоғары қуатты электр желісі тартылады. Инвестиция құны шамамен 220 млрд теңге.
Жаңартылған энергия көзі
Әлем елдері дамудың тың сатысына қадам басты. Ғаламат қарқынмен алға басқан өндіріс энергетикалық қуаттарды көптеп қажетсініп жатыр. Осы орайда жаңартылған энергия көздеріне деген сұраныс та артып келеді.
Облыста энергетикалық жүйеге өндірілген электр энергиясын тұрақты беретін, жиынтық қуаты 88 мегаваттық 3 күн-электр станциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар, 33 млрд теңге тұратын 120 мегаваттық 3 күн-электр станциясының жобасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Арал ауданында «Альхена» ЖШС 30 МВт қуаттылығы бар күн-электр станциясының құрылысын жүргізуді жоспарласа, Шиелі ауданында «Тесис» ЖШС 40 МВт және «Vigor Holding» ЖШС 50 МВт қуаттылығы бар күн-электр станциясын салуды қолға алған.
Мамандардың айтуынша, былтыр тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жыл болды. Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобалар жалғаса бермек.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»






