Қызылордада мәдениет және өнер қызметкерлері күні ерекше салтанатпен аталып өтті. «Сыр елі – жыр елі» дейтін халық аузында жүрген қанатты сөздің астарында терең ақиқат бар. Тұран даласында қобызының сарыны қалған Қорқыт бабамыздан бері талай сүлейлер мен шайырлардың мекені болған Сыр бойы ұлт құндылығы мен дәстүрлі мәдениеттің түп қазығы.
Кеше, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Өнер орталығында» ұйымдастырылған салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген мәдениет пен өнер майталмандарының еңбегі қашанда елеулі.
Күні кеше мерекеге орай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бір топ мәдениет саласы қызметкерлерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда жерлесіміз, Сыр өңірінің рухани-мәдени дамуына аянбай еңбек етіп келе жатқан жыршы-жырау Тәңірбергенов Айбек Жақсанұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Айбек Жақсанұлын, Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан жоғарғы марапатымен шын жүректен құттықтаймын!
Қадірлі қауым! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр» деген болатын. Мемлекет басшысы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді. Өздеріңізге белгілі, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда келесі 5-ші отырысты Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сөзінің барысында өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды мың орындық «Өнер орталығы», барлық ауданда «Руханият орталықтары» салынып, жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталып, «Жыраулар үйі» ашылғаны, сала өкілдеріне арнап 40 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй салынғаны аймақ руханиятын көтерудің айқын көрінісі екенін атап өтті.
Айта кетейік, осындай байыпты бастамалардың жалғасы ретінде жуырда облыс орталығынан бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы жұмысын бастады.
Облыс басшысы биылғы жылдың да еліміз, өңіріміз үшін тарихи мерейтойларға толы екенін айтты. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, театр әлемінде өзіндік орны бар кәсіби ұжым – Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының 70 жылдығы кең көлемде аталып өтуде.
Алдағы күндері Сыр өңіріндегі айтулы шаралардың бастауы «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты республикалық ақындар айтысы болмақ. Сонымен қатар, «Қызылорда ән қанатында» республикалық композиторлар конкурсы, Сыр шайырлары Қарасақал Ерімбеттің 175 жылдығы мен Сәрсенбай Бөртебайұлының 100 жылдығына арналған жыршы-жыраулар фестивалі, әнші, композитор Батырхан Шөкенов атындағы «Отан-Ана» республикалық әншілер конкурсы, түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық өнер фестивалі ұйымдастырылады.
Салтанатты жиында облыс әкімі облыстық филормония әншісі, Мәдениет қайраткері Үміт Медеуоваға «Құрмет» орденін табыстады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған Айбек Тәңірбергеновті Сыр халқының алдында тағы бір мәрте құттықтап, алғыс білдірді.
Сыр өнерінде сүбелі қолтаңбасы бар сала қызметкерлері мен ардагерлері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды.
Аймақ басшысы жылдағы дәстүрге сай Сыр мәдениеті мен әдебиетіне еңбегі сіңген бірқатар шығармашылық иелеріне дәстүрлі «Тұран» сыйлығын табыстады. Марапат төрінде «Сыр бойы» газетінің ардагерлері, ақын Рысты Бекбергенова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, күйші Жұмабай Жақып сынды шығармашылық өкілдеріне халықтың қошеметі ерекше болды. Сонымен қатар, облыс әкімі өңірдегі мәдениет үйлеріне қобыз аспаптарын тарту етті.
Мерекелік концертте «Тұрмағамбет» атындағы халық аспаптар оркестрі (дирижері Руслан Балмасов), «Сырлы саз» халықтық этноансамблі, «Сыр гүлдері», «Томирис» би ансамбльдері өнер көрсетті. «Сүлейлер сарқыты» жыр шашуында дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындаған жас таланттар көрерменді тәнті етті.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






